Жүрген адамнан із қалады, журналистен сөз қалады

Жуырда баспадан Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бұрынғы қызметкері, белгілі журналист Талғат Қасеннің «Қаламмен өрілген өмір» атты кітабы жарық көрді. Осыған орай, біз бүгін автордың қолтаңбасы мен кітап  мазмұны туралы оқырман толығырақ білуі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің осы жинаққа жазған алғысөзін жариялап отырмыз.

Арқа өңіріне белгілі қаламгер, журналист Талғат Қасеннің «Қаламмен өрілген өмір» атты жинағының қолжазбасын оқып, танысқаннан кейін ойыма осы бір  «жүргеннен із қалады, қалам ұстаған адамнан, журналистен сөз қалады» деген ой тіркесі оралды.

Расында да ұзақ жылдар бойы Сарыарқаның төсіндегі ежелгі Қараөткел өңірінің бел баласының осы өңірді аттылап та, жаяулап та араламаған, тарихы мен сырына қанықпаған ел мен жер тарихы, жақсы-жайсаңдарымен кездесіп, сұхбаттаспаған адамдары аз болар! Олай еткен мамандығы – журналистігі еді!

Талғат – мінезді азамат! Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде бірге қызмет істеген кезеңде аңдағаным сол. Алайда сол мінезінің өзінде Талғаттың жан мен ар тазалығы, өз ойы мен пікірін бүкпей ашық айта алар ерік пен жігері жататын. Ой еркіндігі жататын, білімділігі жататын! Ол осы қасиетімен дара көрінетін, дара жүретін.

Сол Талғат  білімділігі мен табандылығының арқасында қолына қалам алып, облыстық газеттің қамытын кие жүріп, әр салада лауазымды қызмет иелерімен кездесіп, олардан сұхбат алып отырғандығына, кезінде сол сұхбаттары газеттерде жарияланып та жатты. Бірақ, біз сол тұста Талғат Қасеннің бұл сұхбаттары газетіміздің кезекті бір дүниесі деп қарағанымыз да бар. Газеттің беті жабылып, шығып жатса болды деген кезешілік көзқараста болсақ керек.

Енді, иә… енді келіп біраз уақыт, қанатты жылдар араға салып, Талғат Қасеннің сол баяғы сұхбаттарын қайтадан оқып, шынын айтқанда қызыға оқи отырып, «біз де ел тарихын, тәуелсіздің шежіресін жазысқан екенбіз-ау» деген ой келді.

Расында да, Талғат Қасеннің осы жинағындағы дүниелер қаламгердің шынайы шеберлігі мен жүйрік қаламымен жүйрік уақыттың тынысын сол уағында дөп басып, қалың жұртшылыққа жеткізе білген екен. Бұл дүниелер сол кездің өзінде құнды дүниелер болса, уақыт өте келе ендігі құндылығы тіпті арта түсері бар. Өйткені, бұл дүниелер Адамдар мен Уақыт аралығында өмірді, қоғамның даму тынысын осы кітап арқылы енді келер ұрпаққа жеткізіп тұрады!

Мына қараңыз әр жылдары Парламент депутаттары болған Байбол Өтепбаев, Жексенбай Дүйсебаев, Бекболат Тілеухан, Зәуре Қадырова, Майра Айсина, Светлана Жалмағамбетова, Алдан Смайыловтың қайраткерлік  кезеңдері енді тарихтың өткен беттері, өткен күндер! Бірақ есте қалар, тарихқа жазылып қалар беттер! Соның айқын белгісіндей, осы бір мемлекет және қоғам қайраткерлерімен жасаған Талғат Қасеннің сұхбаттары да сол тарихтың беттері!

Кез-келген тұлғамен сұхбат жүргізу ол кез келген журналистің қолынан келе бермейтіні бар. Ең әуелі кіммен сұхбат жүргізесің, соны таңдау керек, одан кейін сол таңдаған адамыңның өмірін, қызметін зерттеп, одан барып сол адамға қарапайым адамдар мен қоғамды толғандырып отырған жайларды сұрап, қағазға түсіру, одан қалды қалың оқырманға жеткізу оңай жүк емес. Ең әуелі бұл еңбек, бұл ізденіс пен зерделілік!

Осы бір қасиеттері арқылы Талғат Қасен талай бір қайраткерлерді сөйлете білді, ой түйіндей білді! Әңгіме сұхбаттарының ауаны да әрқилы әрі маңызды! Ауылды дамыту… ауыл шаруасын түзеу… құқық қорғау және әлеуметтік саланы реформалау жайлы қазақстандық қоғамның өзекті мәселелерін ойып тұрып ой қазандығына салып, талқы жасаған журналистің сол еңбектерінің әрқайсысы қызықты болып, тартымды болып, кітапқа түсті.

Әр дәуірдің шежіресін жазуға өз үлестерін қосып келе жатқан  журналистердің еңбегіне  баға жетпесі бар! Сол баға жетпес еңбектің бір иесі Талғат Қасеннің  мына еңбегі де біздің еліміздің тәуелсіздік  шежіресінің бір беті болып, тарихтан орын алары сөзсіз.

                                                  Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
                   жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі,
Ақмола облысының құрметті азаматы.

 Көкшетау, 2025 жыл.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар