Халықтың Жұмабек Тәшеневі

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮРЕСКЕРІ

Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің азаматтық ерлік жасағанына да 70 жылға тарта уақыт өтіпті. Содан бері ол кісі туралы жылы лебіздер білдіргендердің қатарында заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов, халық батыры Бауыржан Момышұлы, Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Сағадат Нұрмағамбетов, мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов, тағы да басқа зиялы қауым заңғарлары бар.

Қаншама ақын-жазушылар шығармаларын арнады, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын марқұм Несіпбек Айтұлының «Жер жаннан қымбат» поэмасы, Асан Кәрішалдың «Кісендеулі дала жолбарысы» неге тұрады?!

Қазағымның тарихында сұр белең,

Тың игеру деген туды  дүрбелең.

Сол жылдарда әйгі болды Тәшенев,

«Тың өлкесін» Ресейге бермеген.

 

Сыр бермесе кеңестік сұм сойылға,

Өз басы емес, ел тұрды оның ойында.

Бурабайда Жекебатыр секілді,

Ұйықтап жатыр Сырдария бойында, –

 

деп жырлаған көрнекті ақын Кәкімбек Салықов аптал ердің айбарлы болмысын айшықтады. Осындай шығармаларды, мақалаларды тізбектей берсек, бірнеше томдық кітаптар болар еді. Менің өзім осы уақыт ішінде он шақты мақаланың авторы атанып үлгеріппін. Атап айтқанда, «Арын кұрметтеген ерен ер», «Бейбіт күннің батыры кімге ұнамайды?»,  «Наурызда туған нартұлға», «Қазақ халқының ардақтысы», тағы басқа да дүниелер.

Былтыр ағамыздың туғанына 110 жыл толғанда, анықтап білсем, ол кісінің атында Қазақстанда бірнеше мектеп бар екен. Солардың бәрі бірімен-бірі хабарласып, кішкене одақ кұрыпты. Астанадағы  мектепте өткен шараға Павлодар, Қарағанды, тағы басқа облыстардан өкілдер қатысып, өздерінің ағамызға арнаған сый-сыяпаттарын жасады. Осындай шара Аршалы ауылының орта мектебінде өткенде де Жұмекеңе деген халыктың сүйіспеншілігі айқын байқалды. Аршалылықтар Ж.Тәшеневтің туған жеріне ескерткіш қоя бастапты, оны толық жабдықтамақшы. Осы жиынға облысымыздың зиялы қауымынан Қ.А.Тәукенов, баласы Саян Жұмабекұлы келіншегімен, тағы басқалары қатысты. Осы жиында Жұмабек Ахметұлына қандай құрмет көрсетілуі керек екендігі қаралып, қаулы қабылданып, жоғары жаққа жіберіліпті деген хабар алдым.

Биыл жылдың басында біздің бас газетіміз «Егемен Қазақстан» газетінде осы басылымның тілшісі Жолдыбай Базардың «Өктемдік өтіндегі қайталанбас өнеге» атты үлкен көлемді мақаласы шықты. Шынын айтқанда, менің өз басым қатты қуандым. Қуанғаным сонша, мақаланың басына мынадай сөздер жазыппын. «Мақала авторына ризамын. Жоғарыдағылар оқыса бір шешім шығып, Жұмабек ағамыз үлкен тарихтан өз орнын алар — деген үміттемін. Кұрметпен, Еркін Дәуешұлы, 09.01.2026».

Мақаланың кейбір жерлерінен үзінді келтірейін: «…азулыдан қаймықпай, халықтың есесін жібермей, ел мен жерді қорғап қалуы оның аңыз адамға айналуына жол ашты….»

Д.Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты естелік-эссесінде: «Тәшеневті қызметінен босатыңыз деді. Бұл мен күтпеген шешім еді. Никита Сергеевичке таңдана қарадым…»

«… Республика басшылары бәрі дерлік РСФСР-ға  беруге де, орталыққа тура бағындыруға да қарсы болмады…».

«…Жұмекең өзі жайында біреулер тарапынан сөз қозғала қалса: «Тарих деген шежіре, уақыт деген алып бар, – деп сөзге араласатын, – сол алып уақыт әркімді өз орнына қояды. Кімнің кім екені сонда айқындалады…».

Мен де Жұмабек Ахметұлының осы сөзіне қосыла отырып, «Тау алыстаған сайын айқындала түседі»  демекші, ол кісінің бүгін алмаған бағасын, келесі ұрпақ берер деген ойдамын. Қазір жазылып жатқан еліміздің жаңа тарихына жаңаша кірер деген үміттемін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
қарт зейнеткер,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар