ІНІ ІЗЕТІ
Өмір жолында әр адамның тірек тұтар адамы болады. Мен үшін ондай тұлға ағам Ғосман Төлеғұлұлы болатын. Өмірдің ағысымен, күнделікті тіршілікпен жүргенде, ортамызда әке орнында жүрген ағамыздан айрылып қалғанымызды байқамай да қалдық. Оның ақыл-кеңесі, сенімі мені де үнемі алға жетеледі.
Ағамның орны мен үшін әрдайым биік, себебі, ол тек туыстық байланысты ғана емес, рухани жауапкершілікті де арқалап жүрді. Ағам үшін ұлт, тіл, руханият ұғымдары жай тақырып емес, бүтін бір болмыс болатын. Ол туған тілдің қадірін терең түсініп, сөз мәдениетін сақтауға бар саналы өмірін арнады. Сол өнегелі өмірі мен асыл қасиеттері бізге әрдайым үлгі болып қала береді. Ағам арамызда болмаса да, оның сөзі біз үшін тірі. Бүгінде мен ағам жайлы толғана, сағынышпен еске алып отырамын. Балалық кезімді есіме түсірсем, менің азамат ретінде қалыптасуыма әсер еткен осынау қамқор ағам есіме түседі.
Ғосман Төлеғұлұлы 1950 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданының Әлжан ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын 1968 жылы трактор жүргізушісі, байланыс монтері болып бастады. Әлі есімде, мені жастайымнан қолымнан жетектеп ағалық қамқорлығын аямады. Мені бір жасымнан бастап әке-шешем Әлжан ауылында тұратын әжем мен атамның қолына берген еді. Ол кезде әкем Зерендіде қызмет істейтін. 1963 жылы Ғосман ағамның үлкен ағасы Нұртай әскерге кетті. Ғосман ағам болса, ол уақытта 13-14 жаста еді, Имантауға барып оқып жүрді. Сол кезде атам мені әжем үйде жалғыз қалмайық деп оны да қолына алып, тәрбиеледі. Сол 2-3 жасар кезімде ағам мені мойнына салып алып, бүкіл құрдастарының арасында еркелетіп жүргені әлі күнге дейін көз алдымда.
1969 жылы Ғосман ағам Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге кетті, сол әскерден келген кезі менің әлі күнге дейін есімде. Жаз айының ыстық күндері болатын, ағамды үйде қарсы алып, жолдастары Амантай, Сапарғали, Базар, Табылжан, Жұмаш, тағы басқа да көршілеріміз бар, жиналып алып дастархан басында әңгіме-дүкен құрды. Талай кештерде естеліктер, қызықты оқиғалар айтылатын. Солардың ортасында кішкентай болып мен жүретінмін. Ол кезде ескі мектеп болатын, оның артындағы волейбол алаңында ағамның жолдастары, жастар, қыз-жігіттер болып волейбол ойнап, ауыл кешін қыздыратын еді.
Одан кейін мені 1970-1971 жылдары әкем Зерендіге алып кетіп, орыс мектебіне берді. Бір жылдан кейін Ғосман ағам да Зерендіге келіп, аудандық газетке тілші болып жұмысқа кірді. Ағамның баспасөз саласындағы алғашқы ұстазы Баймұрат Азнабаев аудандық «Заря коммунизм» газетінің редакторы болатын. Сол жылдардан бастап ағам жұмысқа белсене кірісіп кетті, өзі сондай қабілетті болды, оның үстіне сол Баймұрат ағай көмектесіп, ұжымы да жақсы қолдау жасаудың арқасында баспасөз саласына тез төселді.
1975 жылы жазда ағам үйленді. Күлзағила тәтем Зеренді ауданы Жамантұз ауылының тумасы, үнемі дастарханында тәтті шәйі дайын тұратын. Әлі күнге дейін сол ашық-жарқын көңілімен жақсы қарсы алып жатады. Әкесі Ержан ағай елге белгілі азамат, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері еді. Ағам мен тәтемнен дүниеге екі қыз, бір ұл келді. Ағам өз жұмысын әрі қарай атқара берді. Аудандық газеттегі бірнеше жыл бойғы жемісті қызметінен кейін Зеренді ауданының «Қазақ КСР-інің 40 жылдығы» совхозында порторг қызметін атқарды. 1990 жылдары есімде, Көкшетау облыстық «Көкшетау» газетіне тілші болып қызметін ауыстырды. Өйткені, бітірген оқуы ҚазМУ-дің журналистика факультеті еді. Зерендіде аудандық орыс газетінде редактордың орынбасары болса да, қазақ тілінде де бір адамдай жаза білетін. Сол жылдардан бастап аудармашылыққа кірісіп, екі тілді кітаптар аудара бастады. Айлар, жылдар өте келе, облыстық «Көкшетау» газетінде партия бөлімінің меңгерушісі, облыс әкімінің хатшысы, облыстық тілдер басқармасының басшысы лауазымдарын атқарды. Көкшетау облысы таратылғанда Астанада Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде бас маман, бөлім басшысы болды. Көкшетау қаласы Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық орталығы болып қайта құрылған кезде облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығының орынбасары, кейін осы саланың басшысы қызметін атқарды. Сол кездердегі қызметін нақтылап ретімен айтсам, Көкшетау облыстық атқару комитетінің бас маманы, облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі, облыс әкімдігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан халықтары кіші Ассамблеясының атқарушы хатшысы, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде бөлім бастығы, 2004 жылдан зейнетке шыққанға дейін Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының бастығы, ал зейнетке шыққан соң, 2016 жылдың ақпанынан ғұмырының соңына дейін облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы лауазымдық міндеттерін атқарды. Көзі тірісінде туа біткен тектілігінің арқасында қазақ тілінің нағыз жанашыры бола білді. Оның бір ерекшелігі, орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға әдеби тілде майын тамызып аудара білуінде еді. Аударған туындыларының көпшілігі құнды тарихи туындылар мен әдеби шығармалар болатын.
Асыл ағам Ғосман Төлеғұлұлы ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегінің арқасында кісілігі мен кішілігі қатар жүретін, аты барда желіп жүріп, жер таныған, асы барда беріп жүріп, ел таныған Арқаның ардақ тұтар асыл азаматтарының біріне айналды. Сондай-ақ, елдің дамуына қосқан қоғамдық-саяси қомақты қызметімен бірге, шығармашылықтың шырқау биігіне жеткен тұлға болды. Туған халқының білімін шыңдауды көздеп, өзге елдің 23 күрделі туындысын ана тілімізге, өз елінің әдебиеті мен мәдениетін әлемге дәріптеу мақсатында 45 кітапты қазақ тілінен өзге тілге аударып, елге, ұрпаққа баға жетпес байлық сыйлады.
Ол кісінің адамгершілігі, үлкенмен үлкен, кішімен кіші болатын ашықтығы да бір төбе еді. Жақсылығы болса жақсылықты, жамандығы болса жамандықты ешқандай қысылмай, именбей, қорықпай қабылдап алатын да, ақырын ақылмен, оймен жеткізетін. Ағамның артына қалдырып кеткен мұрасы өте мол. Бүгінде бірегей аудармашы ретінде 72 аударма кітабы қолданыста жүр. Басты ерекшелігі, тарихи шығармаларды, сонымен қатар, саяси шығармаларды көп аударды.
Әдебиетіміздің бұрынғы және бертінгі белді өкілдері Айқын Нұрқатов, Немат Келімбетов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Қойшығара Салғараұлы, Әлібек Асқар, Дүкенбай Досжан, Сауытбек Абдрахманов, Сәуле Досжан, Серік Негимов, Жарылқап Бейсенбаев есімдері-ақ аударған еңбектерінің толымдылығын танытқандай. Сонымен бірге, көкшетаулық қаламгер, марқұм Нұрмұханбет Ысқақовтың «Кенесары ханның жорықты жолдарымен» атты өте құнды тарихи-танымдық кітабын орысшалауы да ұлттық рухқа адалдығын және бір паш еткендей. Ол – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» деп аталатын танымдық, ғажап шығармасын орыс тіліне шеберлікпен аударып, ақ батасын алды. Әлемдік ақыл-ой алыптарын қазақша сөйлетті. Бұлардың ішінде орыс ғалымы К.Циолковский, ағылшын философы Б.Рассель, әлемдік марқасқалар Роберт Оуэн, Карл Клаузевиц, Артур Шопенгауэр де бар.
Ғосман аға: «Жалпы, орыс тіліне аударма жасаудағы басты мақсатым – егемендіктің алғашқы жылдарында қаулап жарық көре бастаған қазақ тарихын, оның бұған дейін беймәлім болып келген аса көп ақтаңдақтарын, қазақи өр рухты, төлтума мәдениетті көрсететін тамаша кітаптарды орыстілді оқырманға жеткізу болды. Мұны өмірлік мұратыма баладым» деп айтатын.
Ағамыз көптеген ардақты азаматтармен араласты, қай жерде жүрсе де абыройлы, беделді болды, жұмысын таза істеді. Қазір де міне, дүниеден өтіп кетсе де көптеген азаматтар соны айтады. «Бір көргеннен-ақ кез келген адамды ықылас-пейілімен баурап алатын, жатық мінезімен, байсалдылығымен жан жадырататын және билингвист ретінде қос тірлікті қатар ұстаған жан еді» деп еске алады үзеңгілес әріптестері.
Иә, жас кезінен таланатты болды, басқа қызметтерде жүрсе де өнерге жақын болды, домбыра тартып, гармонда ойнады. Сол қасиеттер бала кезінен қасында жүрген соң, маған да дарып, ағамнан осы аспаптарды үйрендім. Себебі, мен де ағамдай болғым келді, болам деп тырыстым. Бала кезімнен біраз нәрсе үйретті, былай болу керек, осылай жасағаның дұрыс деп ақылын айтатын, мені өте жақсы көрді. Аға ретінде әрдайым қорғап, демеп жүрді. Қиын сәттерде арқамнан қағып, «өз жолыңнан тайма» дейтін. Оның сенімі мен үшін үлкен күш еді. Бүгін сол сенімді ақтау менің парызымдай сезіледі.
Қажырлы еңбегінің арқасында Үкімет тарапынан өзінің лайықты бағасына ие болған жан. «Құрмет» ордені, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасы, мерейтойлық медальдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалі, «Мәдениет қайраткері» және «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгілері, сондай-ақ, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің, Тіл комитетінің, облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталды. Оның есімі ҚР Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттігінің Құрмет кітабына енгізілген. «Зеренді ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді.
Ағамыз Ғосман Төлеғұл кез келген істе білек сыбана кірісіп, кемел ақылымен, өмірлік бай тәжірибесімен өскелең ұрпаққа үлгі бола білді. Артына өлмейтін мол мұра қалдырған әдебиет, тіл жанашыры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бір өкініштісі, көзі тірісінде ол куәлігін қолына ұстап үлгере алмады.
Жарқын бейнесі кейінгі өскелең ұрпақтың, халықтың жүрегінде, біздің өңіріміздің тарихында мәңгі сақталады деп ойлаймын. Көзі тірі болса, биыл 76-да болар еді, әттеген-ай, әлі де жұмысын атқарып, біраз еңбек жасайтын еді деген қимастық сезім бар жүрегімде. Бірақ, Алланың дегеніне еш шара жоқ, ортамыздан сұм ажал жұлып алып кетті. Бүгінде ендігі қолдан келер бар амалымыз еске алып, құран бағыштау. Ағатайымның соңында жақсы ізі қалды, ұлы Олжас Халық банкінде абыройлы қызмет атқарып жүр. Қыздары Бибігүл мен Бақыт Астана қаласында өз мамандықтары бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Енді ағамның абыройын осы балаларына, немерелеріне берсін деймін.
Иә, жеңгеміз Күлзағила тәте қазір немерелерінің қызық-қуаныштарын көріп отырған аяулы әже. Біз де інілері ағамыздың абыройын түсірмей, жұмысымызды бір кісідей атқарып жүрміз. Ағам бұл өмірден өтсе де, оның сөзі өлген жоқ. Қаламы тоқтағанымен, ойы тірі. Әр оқылған жолынан, әр естеліктен үні естілетіндей. Бұл естелік – сағыныштан туған сөз. Ағамның аманаты – сөзге адалдық, елге қызмет ету, әрқашанда адам болып қалу. Сол аманат менің де жүрегімде мәңгі сақталады.
Мұратбек ШӘКІРЖАНОВ.
![]()

