Әділетті Қазақстанды құрудың басты бір шарты

Жемқорлық – елдің соры

Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күрес – бұл жай ғана құқықтық науқан емес, бұл мемлекеттің тұрақтылығы мен халықтың сенімін нығайтудың алтын діңгегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір Жолдауында жемқорлықты жою – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты екенін қадап айтып келеді.

Президенттің «Сыбайлас жемқорлық – ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер» деген қағидатты ұстанымы бүгінде мемлекеттік басқару жүйесінің барлық деңгейіндегі негізгі темірқазыққа айналды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жемқорлықтың салдарымен күресуден гөрі, оның пайда болу алғышарттары мен себептерін түп-тамырымен жоюға бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылуда.

Бұл ретте, Ақмола облысы да Президент белгілеген басымдықтарды басшылыққа ала отырып, өңірдегі заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз етуде пәрменді қадамдар жасап келеді. Көкшетау қаласында және облыстың барлық аудандарында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары тек жазалаумен шектелмей, қоғамдық сананы жаңғыртумен ұштасуда. Соңғы есептік мәліметтерге сүйенсек, Ақмола облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижесінде бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және мемлекеттік сатып алу саласындағы жүздеген заң бұзушылықтың алды алынды. Президент жүктеген міндеттерге сәйкес, өңірде цифрландыру тетіктері белсенді енгізіліп, «Е-құрылыс», «Е-жер қатынастары» секілді жүйелер арқылы адам факторының шешім қабылдау процесіне әсері барынша азайтылды. Бұл – сыбайластыққа жол беретін көлеңкелі саңылауларды жабудың ең тиімді жолы.

Бүгінгі таңда өңірдегі қоғамдық кеңестер мен «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің белсенділігі артып, «Халықтық бақылау» тетіктерінің іске қосылуы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жалпыхалықтық сипат алғанын айғақтайды. Облыс бойынша мемлекеттік мекемелердің ашықтығын бағалайтын мониторинг қорытындысы бойынша ақпараттық қолжетімділік деңгейі айтарлықтай өскен.

Президент атап өткеніндей, мемлекеттік қаражаттың әрбір тиыны халықтың игілігіне, жол салуға, мектеп пен аурухана тұрғызуға жұмсалуы тиіс. Осы талаптың орындалуын бақылау мақсатында облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік қозғалыс аясында ондаған мониторингтік топ жұмыс істеп, бюджеттің игерілуіне қоғамдық сараптама жүргізілуде. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету бағытында құқық қорғау органдары да қатаң бақылауды босаңсытқан емес.

Мәселен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің ресми сайтына жүктеген ақпаратына сүйенсек, 2026 жылғы қаңтар айының өзінде ел бойынша 126 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның ішінде 110 факт тікелей сыбайлас жемқорлыққа қатысты болып отыр. Анықталған деректердің басым бөлігі парақорлық, алаяқтық және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану сияқты өрескел қылмыстарды қамтиды.

Осы қысқа мерзім ішінде 89 адамның заңсыз қызметі тоқтатылып, 129 қылмыстық істі тергеу аяқталды, оның 121-і сотқа жіберілген. Бұл көрсеткіштер мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатының ымырасыз екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Ең маңыздысы, аяқталған істер бойынша анықталған залал сомасы 18 миллиард теңгені құрап, қазірдің өзінде бюджетке 100 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Әрине, қайтарылған қаржы көлемі аз болып отырғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар толассыз жалғасуы тиіс.

Біздің ортақ мақсатымыз – заң үстемдік ететін, таза әрі ашық қоғам қалыптастыру. Бұл жолда Ақмола облысы Президенттің реформаторлық бағытын толық қолдай отырып, «нөлдік төзімділік» қағидасын әрбір азаматтың санасына сіңіру арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар