Қоғам және отбасы
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық полиция департаментінің отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Мінуара Жолмағанбетова бұқаралық ақпарат құралдарымен брифинг өткізді.
Онда отбасылық жанжалдар, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары баяндалды. Статистикаға сүйенсек, әйелдерге қарсы жасалатын қылмыстардың басым бөлігі үй ішінде орын алады. Биыл облыс аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастарға байланысты бірқатар қылмыстық істер тіркеліп, кінәлілер тиісті жазасын алды. Тәртіп сақшылары бір мыңнан астам құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартып, олардың мінез-құлқына қатысты қатаң шектеулер қойды.
Брифингте атап өтілгеніндей, қазіргі таңда полицияның құзыреті кеңейген. Егер жәбірленушінің өміріне қауіп төнсе, сот шешімімен «агрессорды» өз үйінен уақытша шеттету тетігі іске қосылады. Мұндай шаралар облыстың бірнеше өңірінде қолданылып та жатыр. Сонымен қатар, 4 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Онда зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларға паналайтын орын беріліп, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі.
Заңнамадағы жаңа өзгерістерге сәйкес, қылмыстық жауапкершілік те күшейтілді. Енді қыздарды өз еркінен тыс күйеуге алып қашқаны үшін айыпкерді 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Өйткені, бұл некеге тұруға мәжбүрлеу ретінде тіркеліп, ауыр қылмыс саналады. Сталкинг, яғни, адамды аңду, хабарламалармен мазалау және бақылауға да жауапкершілік қарастырылған. Тек соңғы кездің өзінде облысымызда осындай фактілер бойынша бірқатар қылмыстық істер қозғалып, күдіктілерге қатысты шектеу шаралары қолданылды.
Полиция қызметкерлері қиын жағдайдағы отбасыларды үнемі бақылауда ұстап, профилактикалық рейдтер жүргізуде. Мұндағы мақсат – зорлық-зомбылыққа жол берілмейтін қауіпсіз қоғам қағидатын қалыптастыру болып табылады.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

