Әйел ғалымдардың белсенділігі артып келеді

Достық үйінде  «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Ғылым Talks: Ғылым және қоғам  – әйел ғалымның үні» атты іс-шара өтті.

Оған өңірімізге белгілі ғалым әйелдер мен қоғам белсенділері және жастар қатысты. Бүгінде қоғамның дамуына әйелдердің қосып келе жатқан үлесі айрықша екені айтылып, та жазылып та жүр. Әрбір азаматтың не азаматшаның өз әлеуетін толық іске асыруына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екені белгілі. Мұны  ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауларында мемлекетіміздің негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде үнемі атап өтіп келеді.  Елдің басты капиталы білімді, дарынды әрі еңбекқор жандар екені даусыз.

Қоғамда өзінің адал еңбегімен қатар, отбасы жүгін де ауырсынбай тең алып жүрген әйелдердің басын қосқан бұл кездесудің мақсаты да айрықша дер едік. Олай дейтініміз, ұйымдастырылған осы шарада ғылым саласында еңбек етіп жүрген әйелдердің еңбегі насихатталып, олардың қоғамдағы рөлін арттыру және жас буынды ғылым саласына баулу тұрғысында сөз қозғалды. Маңызды жиынға қатысқан бір топ әйел азаматшалар өздерінің бүгінгі таңда еліміздің зияткерлік әлеуетін нығайтуға, инновациялық дамуына үлестерін қосуды жалғастыра беретіндерін жеткізді.

Жиынды жүргізген Әйелдер қанатының төрайымы Айнагүл Балташева ұйымның атқарған жұмыстарына тоқталып, әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда әйелдер тек отбасының ұйытқысы болып қоймай, сонымен қатар, ел дамуына үлес қосып жүрген маңызды күшке айналды. Сондай-ақ, әйел азаматшалардың жаңа Конституцияның қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне серпін беріп отырғанын жеткізді.

Ал, Әйелдер қанатының ғылымдағы әйелдер бағытының жетекшісі, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Жақыпова өз баяндамасында өңірдегі әйел ғалымдардың жетістіктерін тілге тиек ете келе, соңғы жылдары олардың ғылыми жобаларға қатысуы көбейіп, түрлі салаларда табысты нәтижелерге қол жеткізіп жүргенін алға тартты.

Кездесуде сөз алған «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов ғылым мен білімнің ел болашағындағы маңызына ерекше тоқталып өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім мен ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанын айтып, әйел ғалымдардың еңбегі жастар үшін үлгі екенін жеткізді. Оның сөзінше, мұндай кездесулер жаңа идеялардың өмірге келуіне және қоғамдағы ғылыми мәдениеттің қалыптасуына ықпал етері сөзсіз.

Жиын барысында әр салада табысты еңбек етіп жүрген Айгүл Құрманбаева, Динара Кәуметова, Күлсара Рүстемова және Гүлгүл Ысқақова сияқты ғалым әйелдер өз зерттеулерімен бөлісті. Олар қоршаған ортаны қорғау, медицина, тау-кен өндірісі мен филология бағыттарындағы ғылыми ізденістерін қарапайым тілмен түсіндіріп, нақты тәжірибелерін ортаға салды. Бұл, әсіресе, ғылымға қызығушылық танытып жүрген жастар үшін пайдалы әрі әсерлі болды.

– Бүгінгі басқосуымызды ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын маңызды жиын деп есептеймін. Қазіргі кезде ғылыми-зерттеулер тек теориямен шектелмей, қоғам сұранысына сай дамуы қажет. Әсіресе, гуманитарлық ғылымдар, оның ішінде қазақ филологиясы ұлттық құндылықтарды сақтап қана қоймай, оларды заманауи тұрғыда жаңғыртуға да серпін беріп келеді. Біз, ғалымдар, қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істеп, білім мен ғылымды дамытуға өз үлесімізді қоса береміз, – деді PhD докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоба жетекшісі Гүлгүл Ысқақова.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер мен жас зерттеушілер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты жауабын алды.

Шара соңында бірқатар қатысушыларға «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының Алғыс хаттары тапсырылды.

Жалпы, бұл ұйымдастырылған шара ғылымды тек зертхана шеңберінде ғана емес, қоғаммен тығыз байланыста дамыту қажеттігін тағы бір мәрте айғақтай түсті. Әйел ғалымдардың жетістігі мен тәжірибесі көпшілікке үлгі болып, жастар жаңа белестерді бағындырса, нұр үстіне нұр. Осындай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, ғылым мен қоғамның өзара байланысы нығая береді деп сенеміз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар