Өңірлерді дамыту
2026 жылы «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында электрмен жабдықтау саласы бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылуда.
Бұл бастамалар электр желілерінің тозуын азайтып, халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, елдің одан әрі экономикалық дамуы үшін берік негіз қалыптастыруға бағытталған.
Бұл ретте, «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталған ұлттық жобаға қатысу үшін өз жобаларының тізімін бейінді министрлікке алғашқылардың бірі болып ұсынды.
Кәсіпорынның өндірістік-техникалық қызметінің бастығы Александр Михельдің айтуынша, Ұлттық жоба аясында жаңғыртылатын электрмен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 681,3 шақырым, ал, нысандардың жалпы саны – 123. Барлық жобаларды іске асыру құны 20 606 678 мың теңгеге бағаланып отыр, жоспарланған іс-шаралар 2026 жылы аяқталуы тиіс.
Жобаларды «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және Қазақстанның Даму Банкі қаржыландырады. Қазіргі уақытта осы жобаларды іске қосу үшін қажетті құжаттар дайындалуда.
«Көкшетау Энерго» ЖШС-інің жүзеге асыруды жоспарлап отырған негізгі жұмыстарының бірі – «Көкшетау қаласының энергетикалық секторын жаңғырту» жобасы. Оның аясында 17 нысан мен 18,5 шақырым желіні қайта жаңарту жоспарланған. Бұл жобаның құны – 2 068 292 мың теңге.
«Бурабай ауданының энергетикалық секторын жаңғырту» жобасы бойынша да 19 нысан мен 96,2 шақырым желіні реконструкциялау жоспарланып отыр. Ал, «Зеренді ауданының энергетикалық секторын жаңғырту» жобасы 21 нысанды және 92,43 шақырым желіні жаңартуды көздейді. Сол сияқты, кәсіпорынға қарайтын Солтүстік Қазақстан облысы «Айыртау ауданының энергетикалық секторын жаңғырту» жобасы бойынша да 194,05 шақырым желі мен 31 нысанды жаңарту жоспарланған.
Ең ауқымды жұмыстар аталған облыстағы «Тайынша ауданының энергетикалық секторын жаңғырту» жобасы шеңберінде жүзеге асырылмақ. Бұл өңірде 280,29 шақырым желі мен 35 нысан жаңартылады. Жобаның болжамды бюджеті – 7 миллиард теңгеден астам.
Қазіргі уақытта барлық жобалар дайындалып, іске асыруға әзір. Бұл серіктестіктің инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға бар жауапкершілікпен қарап отырғанын көрсетеді.
Барлық жоспарланған жұмыстар екінші деңгейлі банктердің несиелік қаражаттары мен «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің тарифке енгізілетін меншікті инвестициялары есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан заемдар бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін өтеу үшін субсидиялар қарастырылған.
Осы ретте, «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы Қаулысымен бекітілгенін және 2025-2029 жылдарға арналғанын еске сала кеткіміз келеді. Оның негізгі мақсаты жылу, электр және сумен жабдықтау желілері мен нысандарын, сондай-ақ, су бұру жүйелерін кешенді түрде жаңғырту арқылы коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттыру, апаттылық пен тозу деңгейін төмендету болып табылады.
Қарлыға МҰХАТАЕВА,
«Көкшетау Энерго» ЖШС бас директорының қоғаммен байланыс жөніндегі көмекшісі.
![]()

