ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ:
Жаһандық көшбасшылар, әлемнің әр қиырындағы жекелеген мемлекеттердің жетекшілері, ең алдымен, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет деп санаймын. Қазіргі сәтте стратегиялық ұстамдылық өте маңызды. Менің ойымша, бүгінгі күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы әлемдегі шиеленістердің түйінін тарқату аса қиын емес. Жай ғана жауапкершілік танытып, сабырлы болу қажет!
(Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясында сөйлеген сөзінен. Түркия, 17 сәуір, 2026 жыл.)
ӘЛЕМ ҚАЗАҚСТАННЫҢ және ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ АНТАЛИЯ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ФОРУМЫНДА ҰСЫНҒАН БҮГІНГІ ӘЛЕМНІҢ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДІҢ ЕКІ ЖОЛЫН – ЖАУАПКЕРШІЛІК пен САБЫРЛЫҚТЫ ҰСТАНУЫ КЕРЕК!
Әлем мемлекеттерінің қазір соғысқа, қарулы қақтығыстарға бойлары үйреніп бара жатқандай. Тіпті, соғыса салуды әдеттегі бір бокс алаңындағы кезекті бір жұдырықтасу деп қарай ма, қалай өзі?!
Не десек те, бірі қайтсем де жеңемін деген өктемдікпен, екіншісі қайтсем де жеңілмеймін деген қасарыстықпен өшігіп алғандардың алаңындағы жұдырықтасу ойынынан да мына ғасырдағы соғыс ойыны адамзаттқа үлкен қауіп пен қатер әкеліп жатыр.
Адамзат жаралғалы қанша соғыс болғандығын ғалымдар толық есептеп шығу мүмкін еместігін алға тартады. Сонда да адамзат баласы тайпааралық қақтығыстардан бастап, әлемдік ірі соғыстарды есепке алып, кем дегенде 15 мың соғысты бастарынан өткізсе керек. Және осы қақтығыстар мен соғыста қаншама адам баласы қырылды дегенге келгенде ғалымдардың айтуынша, осы 15 мың соғыстан кем дегенде 3.5 миллиард адам опат болған көрінеді. Тағы да сол ғалымдар жүргізген есептер бойынша адамзат баласы өз тіршілігінің соңғы 5,5 мың жылдық кезеңдерінде тек 300 жыл ғана бейбіт өмір кешіпті. Қалғаны соғыс…
Ал, енді осы қазіргі жиырма бірінші ғасырдағы таяу Шығыстағы, соның ішінде Ирак, Сирия сияқты мемлекеттерді күйретіп кеткен агрессиялық соғыстардың қасіреті тарамай жатып, Иран-Израиль-АҚШ араларындағы күні бүгінге шейін қарулы күш көрсету, Ресейдің Украинаға жасап отырған зорлығы жалпы әлемдегі бейбіт өмірдің шырқын бұзып, онсыз да нәзік дүниенің берекесін, тыныштығын ала бастады.
«Оқтаулы мылтық бір атылмай қоймас» деген қазақы пәлсапаға сүйенер болсақ, Екінші дүниежүзілік (1939-1945) соғыстан кейінгі қалыптасқан қырғи-қабақ соғыс кезінде жаппай қаруланудың нәтижесінде жинақталып қалған оқ дәрілі қарулар енді, міне, атылып жатыр. Жаңалары, жетілдірілген түрлері жасалып та жатыр. Бұған қоса ядролық қаруларын кезеніп, біріне-бірі сес көрсетіп отырған мемлекеттер қаншама?!
20 ҚЫРКҮЙЕК 2022 ЖЫЛ. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 20 қыкүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 77-сессиясында сөйлеген сөзінде «Біз ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы күресімізді жалғастыра береміз. Бұл саладағы кейбір жетістіктерге қарамастан, өкінішке қарай, жалпы ахуал жақсы емес. Ядролық державалар арасында күшейіп келе жатқан бәсеке мен текетірес бізді алаңдатады», – деп жалпы адамзатты алаңдатып отырған ең бір өзекті мәселеге әлемнің назарын аударған еді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәртебелі жиында: «Әлем геосаяси қайшылықтар күшейіп келе жатқан жаңа кезеңге қадам басқан секілді. Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып отыр. Тежемелік және тепе-теңдіктің жаһандық жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қала алмады. Қауіпсіздік архитектурасы келмеске кетіп барады. Әлемдік алпауыттар арасындағы өзара сенімсіздік жылдам арта түсті. Әлем жаңа әскери қақтығыс ошақтарының құрбанына айналды. Біз екі буыннан кейін алғаш рет ядролық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет келдік, – деп осы текетірестер, жасанды кедергілер экономикалық оқшаулануға әкеліп ұрындырып жатқандығын да атап көрсеткен-ді.
Біріккен Ұлттар Ұйымын жаңғырту мен реформалаудың қажет екенін де тұңғыш рет Тоқаев алға тартқан-ды. Біріккен Ұлттар Ұйымының негізін қалаушы мемлекеттер кезінде Ұйымның Жарғысына халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын енгізгендігін айта келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі» секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланысты қайта зерделеуіміз қажет деді. Бұл үш қағидаттың біреуін де бұзуға болмайды. Ал, олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады», – деген. Бұл Тоқаев тұжырымының дұрыстығы мен ақиқатын дүниенің бүгінгі дамуы, әлемнің бүгінгі жағдайы айқын көрсетіп отыр.
17 СӘУІР 2026 ЖЫЛ. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының «Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties» панелдік сессиясына қатысып, сөйлеген сөзінде «Қазіргі қақтығыстар өңірлік ауқымнан шығып, жаһандық сипатқа ие болды»,– деп бүгінгі дүниенің тынысы мен тамыр соғысына нақтылы диагноз қойды.
Және де біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев төрткүл дүниенің шартарабына қарата мына бір Ұлы сөзді айтты. –Жаһандық көшбасшылар, әлемнің әр қиырындағы жекелеген мемлекеттердің жетекшілері, ең алдымен, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет деп санаймын,– деді Президентіміз! –Қазіргі сәтте стратегиялық ұстамдылық өте маңызды. Менің ойымша, бүгінгі күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы әлемдегі шиеленістердің түйінін тарқату аса қиын емес. Жай ғана жауапкершілік танытып, сабырлы болу қажет!
«МЕНІҢ ОЙЫМША БҮГІНГІ КҮРДЕЛІ ӘРІ ҚАРАМА-ҚАЙШЫЛЫҚҚА ТОЛЫ ӘЛЕМДЕГІ ШИЕЛЕНІСТЕРДІҢ ТҮЙІНІН ТАРҚАТУ АСА ҚИЫН ЕМЕС!
Қазақстан Президенті бүгінгі әлемнің түйткілді мәселесін шешудің екі жолы бар дейді! Ол – Жауапкершілік! Ол – Сабырлық!
Ұлы гуманистік көзқарас бұл!
Жауласып, жағаласып, қанға батып жатқан бүгінгі дүниені аспаннан бомбалап та, қиырдан ракеталар атып та, ұшқышсыз басқарылып жатқан дрондар арқылы да тыныштандыру, сабасына түсіру мүмкін емес! Өйткені, жаман болсын, жақсы болсын, қару-жарақ кез келгенінде бар.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаһандық көшбасшылар, әлемнің әр қиырындағы жекелеген мемлекеттердің жетекшілеріне, ең алдымен, жай ғана жауапкершілік танытып, сабырлы болу қажет!» дегені бүгінгі дүниенің кілті мен мемлекеттердің билігін ұстап отырған алты құрылықтың билеушілерінің естерін жинатса етті!
Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсетіп қана қоймай, оған реформа жасау керектігін Президентіміз тағы да алға тарта отырып, – Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінен басталуы керек екенін мойындауымыз қажет, – деді.
– Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы айтқанда, барынша прагматикалық көзқарас ұстануымыз керек деп санаймын. Әйтпесе, алдағы уақытта да жолайрық, стратегиялық құндылықтар мен басқа мәселелер жайында айта береміз. Біз жаһандық, өңірлік кездесулер, конференциялар мен түрлі жиындар өткіземіз. Қазақстан және Түркия сияқты орта державалардың маңызы мен оң ықпалын атап өткім келеді. Әрине, әлемде бізге ешкім тең келмейді деп мақтанудан аулақпын. Бірақ жаһандық үдерістерде жоғары деңгейде жауапкершілік танытып жүрміз. Мұны дипломатиялық іс-әрекетіміз көрсетіп отыр. Сондықтан, жаһандық мәселелердің шешіміне жиі қарсы келетін Қауіпсіздік Кеңесіндегі ірі державалардан гөрі орта державалардың жауапкершілігі жоғары десек, артық болмайды, – дей келіп Қасым-Жомарт Тоқаев өте өзекті халықаралық мәселелердің шешілуіне Қауіпсіздік Кеңесінің өзі кедергі келтіріп отырғандығын ашық айтты.
Осы орайда «дипломаттар мен саясаткерлер басқа алаңдарда келіссөз жүргізуге мәжбүр» екендігін алға тартқан Президентіміз бұл мәселені былтыр қыркүйек айында өткен БҰҰ Бас ассамблеясының кезекті сессиясында Президент Дональд Трамп дәл сипаттағанын да атап көрсетті. Сол жолы АҚШ Президенті БҰҰ штаб-пәтеріндегі бұзылған телесуфлер мен эскалаторды сынға алып, «БҰҰ-да бәрі істен шыққан!» дегенін тілге тиек етті.
«Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру!» Бұл – біздің Президентіміздің ұстанымы!
Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалға байланысты өз ойын айтты.
– Әлемде орын алған жағдайларға байыппен қарауға кеңес берер едім. Мәселен, бәрі Иранды талқылап жатыр. Әрине, бұл елдегі ахуал өте күрделі. Оған қатысты қандай да бір пікір айту қиын. Қазақстан Шығанақтағы елдерге тілектестігін білдірді. Біз тараптарды стратегиялық ұстамдылыққа және әскери іс-қимылды тоқтатуға шақырдық. Бұл қақтығыстың ауыр салдарын бәрі сезінді. Ең әуелі экономика құлдырады. Бүгінде Ормуз бұғазында кемелердің еркін жүзуіне қойылған тосқауыл туралы айтылып жатыр. Бірақ, дәліздің қақтығысқа дейін еркін сауда жасауға ашық болғанын ескеру қажет. Сондықтан, мәселенің мәніне үңілгеніміз жөн. Ал, түйткіл ядролық технология мен ядролық қарудың таралуында еді. Бұл Иран төңірегіндегі қақтығысқа қатысты келіссөздердің басты тақырыбына айналуы керек, – деген Президентіміздің ұстанымы әлемнің бүгінгі ең бір өзекті мәселесін шешудің ақылда да парасатты жолы боларына сенім мол.
Осы орайда Түркияның саяси қайраткері Мевлют Чавушоғлының:
– Президент Тоқаев – халықаралық жүйені, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымын өте жақсы білетін әлемдік көшбасшылардың бірі. Ол БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымында қызмет еткенін білесіздер. Сол уақытта мен Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының төрағасы болдым. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолында аянбай еңбек ете жүріп, халықаралық жүйенің тиімділігін барынша арттыруға үлес қосып келеді, – деген пікіріне қуана қол соғамыз!
Бұл – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілген әлемдік баға!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
I дәрежелеі «Барыс» орденінің иегері.
![]()

