«Кітап апталығы» шарасы көңілден шықты

Ұлттық кітап күні

Ұлттық кітап күнінде Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында кітап апталығы қорытындыланып, бірқатар кітапхана қызметкерлеріне мемлекеттік марапаттар тапсырылып, түрлі байқаулардың жеңімпаздары анықталды.  

Көкше топырағындағы Мағжанның қара шаңырағы саналатын ғылым мен білім ордасы биыл да мазмұнды жобалар мен көпшілікке арналған түрлі мәдени-танымдық шараларды көптеп ұйымдастыру жағынан сырт қалған жоқ. Кітапхана қабырғасында ұйымдастырылған әрбір тағылымды кеш оқырман мен кітап арасындағы рухани кеңістікті жандандырып, оны одан әрі де нығайта түсуге себепкер болды. Алдымен аталған мереке қарсаңында кітап апталығының ашылу салтанаты өтті.

Осы апталық аясында ұйымдастырылған «Кітапхана түні»  мәдени акциясында кітапхана алаңы әдеттегі тыныш кеңістіктен гөрі, тірі мәдени ортаға ұқсай түсті. Жастар мен студенттер арасындағы әдебиет жайындағы әңгіме, музыка, театр, көрме сияқты дүниелер бір мезетте қатар өріліп, жиналған қауымның емен-жарқын жүздесуіне, олардың қауышып, көрісуіне түрткі болды.

Кітапсүйер қауымның басын қосқан салтанатты кештің ашылуында алғашқы сөз кітапхана директоры, ақын Қуаныш Оспанға берілді. Ол өз сөзінде кітаптың адам өміріндегі маңызына тоқталып, оқырман мәдениетін қалыптастыру жолындағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын таба беретінін жеткізіп, жалпы қауымды мерекемен құттықтады.

Содан соң, бұл кеш те әнмен әсемделіп, күймен көмкеріліп, бірінен соң бірі көрермен көзайымына айналған өнерпаздардың өнері ұлттық рухымызды асқақтата түсті.  Әсіресе,  Бауыржан Бекмұхановтың «Алтыныма» күйін орындаған Сағит Әлмұханұлының шеберлігі жиналғандарды тәнті етті. Әдеби-театралдық бағыттағы бағдарлама да көрермен көңілінен шықты. Көпшілік назарына Алаш арысы Сәкен Сейфуллин шығармасының желісімен жазылған Орынбай Жанайдаровтың «Оқжетпес» қойылымынан үзінді ұсынылды. Сахналық көріністі Ақмола облыстық орыс драма театрының әртісі Александра Букреева орындап, көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

Кеш барысында жас өнерпаздар да өз өнерлерін ортаға салды. Көкшетау қаласындағы №9 мектептің оқушысы Жансая Қалбаева «Кербез сұлу» күйін орындаса, №3 мектеп-гимназиясының оқушысы Нұриза Хариғазы мен осы мектептің «Жауқазын» театрының қатысушылары өз өнерлерін ортаға салды. Бұл әрине, жас буынның өнерге, әдебиетке деген қызығушылығының жоғары екенін байқатты.

Осылайша, «Кітапхана түні» тек концерттік бағдарлама ғана емес, жастарға беретін тағылымы мол мәдени шара ретінде де ерекшеленді. Кітапхананың әр бөлімінде келушілер үшін арнайы ойындар, әдеби викториналар мен танымдық тапсырмалар ұйымдастырылды. Жыр сүйер қауым үшін «Түнгі элегия» атты поэзия кеші өткізіліп, онда жергілікті жас ақындар өз өлеңдерін оқып, ән шырқалып, күй тартылды. Ашық форматтағы бұл кездесулер қатысушыларға еркін пікір алмасып, рухани демалуға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы өз Жолдауларында кітап оқу дағдысы тек жеке әдет емес, ұлттық сапаның көрсеткішіне айналуға тиіс екенін жиі айтып келеді. Биылғы жылдан бастап Кітапханашы күні мен Ұлттық кітап күнінің бірге аталып өтіле бастауы да, бұл айтулы күннің жақында ғана енгізілгеніне қарамастан, қоғамда өз орнын таба бастағанын аңғартатындай.

Біз сондай-ақ, кітап апталығы аясында өткізілген Ұларбек Дәлейдің «Жошы хан» және «Бату хан» романдарының кітапханадағы таныстырылымының куәсі болдық. Қазақ әдебиеті мен руханиятында өзіндік орны бар жазушы әрі әдебиет зерттеушісі бұл жолы оқырманын тарихи танымға жетелейтін тың туындыларымен қуантты. Шығармашылық жолы поэзиядан бастау алған автордың «Жапыраққа тұнған тамшылар», «Жас толқын», «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы», «Азаттық таңындағы азат жыр» секілді ұжымдық жинақтарда өлеңдері жарияланған. Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері атанған қаламгердің «Қанымдағы қасқыр иісі» атты жыр кітабы да оқырман тарапынан жоғары бағаланған.

Бұл жаңа еңбектерінде Ұларбек Дәлейұлы қазақ тарихындағы ірі тұлғалар саналатын Жошы хан мен Бату ханның өмірі мен тарихи миссиясын терең зерделейді. Автор олардың мемлекет қалыптастырудағы рөлін, Ұлы дала өркениетінің дамуына қосқан үлесін жан-жақты талдап, тарихи деректер мен заманауи зерттеулерді ұштастыра отырып тың пайымдар ұсынады.

Таныстырылым аясында жазушының зерттеу барысындағы ізденістері, тарихшылар мен әдебиеттанушылардың пікірлері ортаға салынып, оқырмандармен еркін сұхбат ұйымдастырылып, кітаптарға қолтаңба беру рәсімі өтті.

Бір апта бойы өткізілген түрлі мазмұнды да тағылымды шаралар 23– сәуір Ұлттық кітап күні мерекесінде қорытындыланды.  Тек кітап сақтау орны ғана емес, ой қозғалысының кеңістігі саналатын кітапхана алаңында өткен кітап апталығының жабылу салтанатында бірнеше номинация бойынша оқырмандар, ұстаздар мен мектеп кітапханашылары,  «Кофе және поэзия» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Сонымен қатар, кітап саласының дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлерге түрлі марапаттар тапсырылды. Атап айтқанда, Қазақстан кітапханалар одағының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісі кітапханашы Ангелина Задорожнаяға тапсырылды. Ал, Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханасының Құрмет грамотасы Елена Еремееваға, Алғыс хаты Меруерт Қасымова мен Роза Ескендіроваға табыс етілді. Сондай-ақ, Ақмола облысы әкімінің Құттықтау хатына Рамазан Бауыржанұлы мен Оралбек Нұрыш ие болды.

Осылайша, бір апта бойы қалыптасқан орта, оқырманмен орнатылған байланыс, олардың тарапынан туындаған кітапқа деген қызығушылық, жасампаздыққа ұмтылған игі бастама ретінде есте қалды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар