Лагерьге барсам дейді әр бала

Жаз және жастүлек

Ақмола облыстық әкімдігі жанындағы өңірлік штабтың отырысында жазғы каникул кезінде балалар демалысын ұйымдастыру жоспары талқыланды.

Штаб отырысы облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташеваның төрайымдылығымен өтіп, онда биылғы жазғы демалыс маусымының басымдықтары айқындалды.

Биылғы жазда облыс бойынша 14 сауықтыру лагері мектеп оқушыларына есігін айқара ашады деп күтілуде. Сонымен қатар, өңір мектептерінің базасында 226 жазғы демалыс алаңы жұмыс істейді деп жоспарланған. Басқарма өкілдерінің мәлімдеуінше, биыл жазғы маусымда  1-10 сынып аралығындағы 132 мың оқушы демалыс және еңбекпен қамту шараларына қатысады.

Балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін туристік, зияткерлік және шығармашылық бағыттағы мемлекеттік және жекеменшік 118 ұйым жұмыс істейді. Жиын барысында балалардың қауіпсіздігі мәселесіне ерекше мән берілді. Бұл ретте, Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Серік Омарханов лагерьлердің әкімшілігіне санитарлық қорытынды алу талаптарын түсіндірді. Сондай-ақ,  төтенше жағдайлар департаментінің мамандары да лагерьлердің аумағындағы су айдындары мен орталықтардың қауіпсіздігі жіті тексерілетіндігін баяндады.

Мамандардың отырыста атап көрсеткен мәліметтеріне қарасақ, биылғы жазғы маусым бағдарламасында тек балалардың дем алуы ғана емес, олардың тұлғалық дамуына да мән берілген. 71 жекеменшік ұйымда мемлекеттік тапсырыс арқылы үйірмелер мен шығармашылық орталықтар ашылады. Бұл – ата-аналар үшін баланың қабілетін шыңдауға жақсы мүмкіндік болып табылады.

Жиын қорытындысы бойынша жауапты органдарға балалардың демалысын сапалы әрі қолжетімді ұйымдастыру туралы нақты тапсырмалар берілді. Бұл орайда, судағы қауіпсіздіктен бастап, лагерьлердегі тамақтану сапасына дейін қатаң бақылауға алынуы керек. Сонда ғана әр баланың демалысы қызықты әрі жайлы өтеді.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар