Дәріс
Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Отбасы хрестоматиясы» жобасының негізін қалаушы, жазушы, публицист Санжар Керімбаймен кездесу өтті.
Көпшілікке «Қаныш және ғылыми майдан», «Өзбекәлі және мәдени майдан» тәрізді кітаптарымен белгілі жазушы бүгінде ғылыми майданның алдыңғы шебінде жүрген жас зияткерлерге тұлға болып қалыптасудың маңызды кезеңдері туралы дәріс өткізді. Жиынға Астана халықаралық университетінің өнер және жоғары ғылымдар жоғары мектебінің деканы Саят Ыбырай, білім ордасының директоры Аян Алтынбеков қатысты.
Ең алдымен, Санжар Керімбай осыдан он шақты жыл бұрын жарық көре бастаған «Салт-дәстүр сөйлейді», «Әлдиден эпосқа дейін» сияқты кітаптар сериясымен белгілі бола бастады. Шығыстанушы және ағартушы ретінде ол бүгінде тарих сахнасынан ойып тұрып орын алған белгілі тұлғалар туралы еңбектерімен танымал. Аталған іс-шара қонағы Саят Ыбырай:
– ХІ ғасыр мен ХХ ғасырдың арасында елімізде жақсы білім жүйесі қалыптасқан болатын. Сол білім жүйесі жүйе-жүйеге бөлінетін. Соның бірі қисса-дастандар, аңыз-әңгімелер, ғашықтық жырлар. Солардың барлығы біздің білім жүйемізде оқытылып келген. Бүгінгі күні біз осы құндылықтардан ажырап бара жатқан уақытта Санжар ағамыз бастаған үлкен шығармашылық топ, «Отбасы хрестоматиясы» қоры бұл дүниелерді қайтадан толықтырып, елдің, жастар мен оқушылардың арасында қайта насихаттап жатыр. Бұл үлкен қуанышты жағдай, – деп өз пікірін білдірді.
Ал, сөзге шешен Санжар ағамыз болмыстың қалыптасуы туралы мәселе көтеріп, дамыған елдердің бәрінде баланың есті әңгімені 3 жасынан бастап естіп өсу керек деген құқығын Конституциямен бекітіп қоятындығын жеткізді. Сондай-ақ, еліміз бүгінде Мемлекет басшысы алға қойып отырған «Адал азаматтарға» сусап отырғанын жеткізді. Әрі баланың қалыптасу кезеңінде адамның нейрондары арасында қандай процестер жүретінін ғылым тұрғысынан түсіндіріп берді.
Көпшілікке логотерапия ілімімен белгілі жазушы антропология саласын да қамтып, болмыстың қалыптасуындағы өте күрделі ахуалдарды түсіндірді.
Келесі кезекте, квадроберлер мәселесі көтерілді. Іргемізде тұрған елорда мен Алматыда өткен жылдары жан-жануарларға еліктеп, төрт аяқтап жүруді ермек қылған жасөспірімдердің іс-әрекетін қоғам бір сынап алғаны есімізде. Осының бәрін айта келе, ұлт жанашыры Санжар Керімбайдың түйіндеуінше, жалпы, адам баласы толық адам болып қалыптасуы үшін бойынан мына 5 негізгі қасиет табылуға тиіс екен.
Біріншісі, имитация, һәкім Абайша айтсақ, «болмасаң да, ұқсап бақ». Яғни, жақсы ісімен танымал тұлғаларды көргенде оларға ұқсап, еліктеу, тағы сол сияқты. Екіншісі, жасампаздық немесе креативтілік. Үшіншісі, әділеттілік. Кез келген адам өзіне қатысты әділетсіздікке шыдай алмайды, ал, ол әділетсіздік өзге адамға жасалса ше? Төртінші қасиет – шаттық. Бірақ, мұндайда ас ішу және қыдыру қуаныш саналмауы тиіс, себебі, бұл жағдайлардағы шаттану жануарларға да тән. Адамның артықшылығы – оның басқа адамның қуанышы үшін қуана білуі. Міне, осы қасиет адамдарды бір тудың астында ұстаса керек. Бесіншісі, құмарлықты басқару. Көбінесе, ер азаматтардың бойынан табылуы тиіс бұл құмарлықты басқару әркімге де керек.
Зияткерлер көңіл зердесіне біршама қажетті мағлұматты сіңірген бұл кездесу шынында да пайдалы шара болды. Бірінші кезекте, осы айтылғанның бәрін өзімізден бастау керектігін ұмытпайық!
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

