Туған халқының мақтанышы

Қажымұқан Мұңайтпасов – 155

Биыл қазақ спорты мен мәдениетінде айрықша орын алатын дара тұлға, жауырыны жерге тимеген даңқты палуанымыз Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 155 жыл толып отыр. Қазақ спортының жарық жұлдызы 1871 жылдың 7 сәуірінде Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келген. Тумысынан қайратты, алып күштің иесі болған Қажымұқанның бойындағы осы бір ерен қасиет тегінен дарыған деседі.

«Архив – тарих қоймасы» деген сөз бекер айтылмаса керек. Қажымұқан Мұңайтпасов туралы деректерді іздестіру барысында архивтің ғылыми кітапхана қорынан осы алып тұлғаға қатысты қызықты әрі тың мәліметтерге жолықтым.

Қаламгер Болат Бекеновтың «Анадан алып туғанда» атты мақаласында Қажымұқан жайлы ерекше естелік айтылады. Онда Шаяхмет Шалқаровтың әңгімесінен мынадай үзінді келтіріледі: «1926 жылдың жазында елге қайтпақ болып, Семейден пароходқа отырдым. Бірер сағат өткен соң осы кемеде Қажымұқан келе жатыр деген хабарды естіп, арнайы танысуға бардым. Барсам, үшінші класта, астына бір кісілік кілем-бөстек төсеп, басын шапанымен жауып алып демалып жатыр екен. Сәлем беріп едім, басын көтеріп жылы қабылдады.

– Батыр, бұл жатысыңыз қалай? – дедім әзілдей.

Сонда ол орнынан көтеріле беріп:

– Намыстансаң, бірінші кластан орын әпер, – деді.

Мен:

– Жарайды, жүріңіз, – деп бұрыла бергенімде, ол:

– Жігітім, тоқтай тұр. Мен Зайсанға барсам қайтеді? – деді.

– Барсаңыз, ел қуана қарсы алады. Менің сыйлы қонағым боласыз, – дедім.

– Ендеше, Зайсанға жүрдік, – деді батыр.

Қалған жолды екеуіміз пароходтың екінші класында бірге өткіздік. Сол сапарда Қажымұқан өзінің өмір жолын, күрес өнеріне қалай келгенін ұзақ әңгімелеп берді. Сөйтіп, сол жолы біз жақын достасып кеттік. Өзінің айтуынша, руы – қыпшақ, Қобыланды батырдың ұрпағы. «Біздің тұқымда әр жүз жыл сайын бір алып ұл туады екен», – деп әзіл-шыны аралас айтып отырған еді.

Зайсанға келген соң батыр он алты күндей ел ішінде қонақ болып, халықтың ерекше құрметіне бөленді. Сол сапарында ел-жұртқа өзінің таңғажайып күшін көрсетіп, өнерін паш етті.

Жиырма бес тақтайдан көпір жасатып, аяғына екі пұттық гір байлап, сол көпірдің астына шалқасынан жатып алды. Содан кейін көпірдің үстімен жиырма бес ат қатарласа шауып өтті. Ал батыр болса тақтайдың астында жатып, ештеңе болмағандай күліп жатты.

Тағы бірде арбаға он бес адамды отырғызып, желкесіне бір кісіні мінгізіп, арбаны тісімен сүйреп жөнелген. Білектей темірді қолына орап, білезік қылғаны да елдің көз алдында болған.

Өзінің салмағы тоғыз пұт жиырма бес қадақ болған деседі. Қажымұқан ақкөңіл, кең пейілді, жақсылықты бағалай білетін, алып денесіне сай сабырлы мінезі бар, жарқын жүзді адам болған. Шын аты – Жолмұқан. Түркияға барып, қажылық сапарын өтегеннен кейін халық оны Қажымұқан деп атай бастаған екен.

Қажымұқан – қазақ халқының мақтанышы. Ел намысын қорғап, дүниежүзін аралап, қазақтың атын танытқан даңқты палуан. Сондықтан, Қажымұқан туралы деректердің жиналып, зерттелуі – үлкен игілікті іс. Ел намысын асқақтатқан ерді халықтың ұмытпай, ұрпақ жадында сақтауы – парыз».

Бұл сөздермен Шаяхмет ақсақал өзінің әсерлі әңгімесін аяқтайды (АОМА ғылыми кітапхана қорынан. «Көкшетау» газеті, № 35, 21 наурыз 1996 жыл).

Ақмола облысының мемлекеттік архивінде атамызға қатысты көптеген құжаттар сақталған. Архив қызметкерлері палуанның 155 жылдығына орай, түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырып, тарихи тұлғаның мұрасын насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді.

Архив қызметкерлері Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне іссапармен барып, Ақмола облысының тарихына қатысты құжаттарды толықтыру мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соның барысында өңір тарихына байланысты фонофотоқұжаттар мен тарихи тұлғалар жайындағы деректі фильмдер анықталды. Солардың бірі – қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов туралы деректі фильм. Фильмде педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор М.Танекеев әйгілі тұлғаның өмір жолы мен ерлігі жайында кеңінен әңгімелейді. Сонымен бірге, онда Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы Қажымұқан мұражайы да көрсетілген.

Осыдан екі жыл бұрын атақты палуанның шөбересі Айкен Жанайдарқызымен танысудың сәті түскен еді. Ол сол кезде біздің облыстық архивке ата-бабасы жайлы деректер іздеп келген болатын. Айкен Жанайдарқызы атақты атасы туралы мәліметтерді толықтыра түсу мақсатында архивтер мен музейлерді жиі аралап, дерек жинаумен тұрақты түрде айналысып келеді. Сонымен қатар, мүмкіндігі болған сайын  Түркістан облысындағы Темірлан ауылына барып, атасының басына құран бағыштап тұрады. Ол ауыл тұрғындарымен кездесіп, кесене маңын ретке келтіру жұмыстарына да өз үлесін қосып жүрген жан. Сондай-ақ, Айкен Жанайдарқызы облыстық архив қорына Қажымұқан Мұңайтпасұлына қатысты бірқатар құнды фотосуреттерді сақтауға тапсырған еді. Осындай алып тұлғаның ардақты ұрпақтары барда, Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі ешқашан ел жадынан өшпейтіні анық.

Бар ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұлан-ғайыр даласы мен туған халқының даңқын әлемге танытқан қазақ елінің мақтанышы, кәсіпқой палуан Қажымұқан атамыздың тәуелсіз Қазақстан тарихы мен спортындағы орны ерекше. Оның ерлікке бергісіз даңқты жолы ұрпақ санасында мәңгі сақталып, ел рухын асқақтата беретіні сөзсіз.

Әсем ӘЛДІБЕКОВА,
Ақмола облысы мемлекеттік архивінің
құжаттарды пайдалану және беру бөлімінің басшысы.

 АОМА. Фотоқұжаттарынан

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар