Ірілік

АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ МАРАТ АХМЕТЖАНОВТЫҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ ЖАЙЛЫ «ІРІЛІК» ДЕП ТҮЙІН ТҮЮГЕ БҮГІНГІ АЙТҚАН БІРАУЫЗ СӨЗІ ТҮРТКІ БОЛДЫ! ІРІЛІК! ЕЛ БАСҚАРУ ҮШІН ЖӘНЕ ЕЛГЕ ЖАҒУ ҮШІН ЕҢ ӘУЕЛІ АЗАМАТТЫҢ СӨЙЛЕР СӨЗІ ДЕ, БЕРГЕН УӘДЕСІ ДЕ, АТҚАРЫП ЖАТҚАН ІСІ ДЕ ІРІ БОЛУЫ КЕРЕК!

БҮГІН (29 СӘУІР 2026 ЖЫЛ) сәтін салып Көкшетау қаласында он мың орындық жаңа футбол стадионының және «Wyndham» жаңа қонақ үйінің салынуына орай уақыт капсуласын салу рәсіміне қатысып, туған елімде атқарылып жатқан ірі істердің куәсі болдым. Қуандым!

Бұл нысандардың барлығы да Көкшетаудың «Сарыарқа» шағын ауданына салынбақшы. Қопа көлінің жағасы!

Осыдан тура бір апта бұрын Көкшетау қаласында осы «Сарыарқа» шағын ауданында жалпы алаңы 3600 шаршы метр, күн сайын 300 адам қабылдайтын осы заманғы республикааралық аурухана құрылысы аяқталып келе жатқандығын, мүгедек, аутизммен ауыратын балаларға арналып 150 адамдық оңалту орталығының құрылысы басталғандығын «Әуелі Көкшетауды сүю керек!» деп қуана жазған едік!

– Бұл жаңа стадион Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы қыркүйекте өңірге жасаған сапары барысында берген тапсырмалары аясында салынады. 10 мың көрерменге арналған арена UEFA халықаралық стандарттарына сай болады. Бұл біздің қаламызда республикалық және халықаралық жарыстарды, соның ішінде жастар құрамаларының матчтары мен ұлттық турнирлердің финалдық ойындарын өткізуге мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов құттықтау сөзінде.

КӨКШЕТАУ қаласындағы жаңа футбол стадионының құрылысы басталуына арналған уақыт капсуласын салу іс шарасына «SB INVEST GROUP» серіктестігінің директоры Сағындық Есетов, «Integra Construction KZ» серіктестігінің бас директоры Мадияр Саттыбаев, «Оқжетпес» футбол клубының директоры Ербол Қайыров, ел ағалары, спорт қауымдастығының өкілдері қатысты.

Көкшетаудың бұл жаңа стадионы алдағы уақытта қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орынға айналып, тек спорттық іс-шаралар ғана емес, концерттер, фестивальдер және басқа да бұқаралық шараларды өткізуге арналған әмбебап алаң болмақшы.

Көкшетауда ірге тасы қаланған «Wyndham» қонақ үйі Қопа көлімен жарасым тауып, Көкшетаудың ең бір көрікті жеріне айналары сөзсіз. Бұл жоба Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қолдауымен жүзеге асырылуда және ол Көкшетау қаласының қалыптасып келе жатқан іскерлік және туристік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады, қаланың инвестициялық әлеуетін дамытуға зор әсерін тигізетін болады.

– Бұл жобаны тек қонақүй құрылысы ретінде ғана емес, Көкшетау қаласы мен жалпы өңірдің туристік, іскерлік және инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды инфрақұрылымдық актив ретінде қарастыру қажет, – деп атап өтті ресми сәттегі сөзінде облыс әкімі Марат Ахметжанов.

«Raise Capital» серіктестігінің құрылтайшысы Амангелді Әкімов өз сөзінде атап өткеніндей бұл 9 қабатты қонақүй тұжырымдамаға сәйкес 54 нөмірден, мейрамханадан, конференц-залдан, SPA аймағынан, фитнес орталығынан, автотұрақтан және электр көліктеріне арналған қуаттау станциясынан тұрады екен. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы аяқтап, инвесторлар жұмысты жеделдетіп, нысанды жазғы туристік маусымға дейін пайдалануға беруді көздеп отыр.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Жаңа жағалау-2» аймағын абаттандыру жұмыстарының барысымен де танысты. Бұл Қопа көлінің жағалауында бұрын жасалған жұмыстың жалғасы іспетті. 2025 жылдың 1 маусымы күні он мың қала тұрғындарының қатысуымен салтанатты жағдайда ашылып, қазіргі уақытты көкшетаулықтар мен қалаға келіп-кетіп жататын адамдардың сүйікті демалыс аймағына арналған «Жаңа жағалау- 1»-ден кейінгі сән салтанаттан соң, «бұрын жасалған» деген аты болмаса, сол бұрын жасалған, сапасыз да, талғамсыз жасалған Қопа көлінің бұл жағалауы, яғни, «Жаңа жағалау-2» көкшетаулықтардың көңілінен шықпасы да анық. Көз тартпайтын сұрықсыз жолға төселген сапасыз плиткалар… қисайған… сынған… әйтеуір, қалай болса солай жасала салғандығы көзге ұрып тұр.

ҚОПА көлінің жағасында қоғамдық жағажай ұйымдастыру жүріп жатыр. Тіпті майда құм да әкелініпті. «Бұл жағажайға Мальдивы аралынан құм әкеліп жатырмыз» дейді Марат Мұратұлы жадырай сөйлеп. Сол құмды қолымызға ұстап көрсек, Мальдивының құмынан еш кем түспес өзіміздің даламыздың әппақ құмы екен!

Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев плитка мен құм үлгілерін көрсетіп, шамамен 10 мың шаршы метр брусчатканы ауыстыру жоспарланып отырғанын айтты. Жағажай құтқару станциясымен, санитарлық аймақтармен, медициналық пунктпен, себізгі кабиналарымен және шезлонгтармен жабдықталады екен.

– Қашан болсын елдің мүддесі үшін жасалып жатқан, салынып жатқан құрылыс нысандарына бөлінген қаржыдан бірнәрсені қымқырып, жымқырып қалудан аулақ болу керек! Бұл жағдай мемлекетіміздің абыройын түсіреді. Істің сапасыз болып шығуына әкеліп соғады. Президентіміз де осы адалдық мәселесін айтумен келеді,– деп облыс әкімі Марат Ахметжанов әңгіме арасында елімізде атқарылып жатқан іргелі істерді сапалы атқарып шығу әркімге сын екендігін атап көрсетті.

БҰЛ – ІРІ СӨЗ!

МЫНА ІРІ-ІРІ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫ БОЙ КӨТЕРЕ БАСТАҒАН КӨКШЕТАУДЫҢ ЖАҢА АУДАНЫНДА ІРІ ІСТЕР ЖҮРІП ЖАТЫР.

ІРІЛІК БҰЛ! АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ МАРАТ АХМЕТЖАНОВТЫҢ ІРІЛІГІ БҰЛ!

ІРІЛІК! ЕЛ БАСҚАРУ ҮШІН ЖӘНЕ ЕЛГЕ ЖАҒУ ҮШІН ЕҢ ӘУЕЛІ АЗАМАТТЫҢ СӨЙЛЕР СӨЗІ ДЕ, БЕРГЕН УӘДЕСІ ДЕ, АТҚАРЫП ЖАТҚАН ІСІ ДЕ МАРАТ МҰРАТҰЛЫ АХМЕТЖАНОВТЫҢ КІСІЛІК КЕЛБЕТІНДЕЙ, МЕМЛЕКЕТШІЛ ТҰЛҒАСЫНДАЙ ІРІ БОЛУЫ КЕРЕК ӘРДАЙЫМ!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар