1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні
Қазіргі кезеңде мемлекет дамуының басты басымдығы – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, этносаралық татулықты нығайту және жалпыұлттық бірлікті бекемдеу болып табылады. Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп», қоғамдық келісім мен әділетті қоғам құру қағидаттарымен тікелей сабақтасып отыр.
Президент атап өткеніндей, ел бірлігі – мемлекет тәуелсіздігінің ең басты кепілі. Осы стратегиялық ұстанымдар Ақмола облысында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өңірде қоғамдық келісімді нығайту, азаматтық бірегейлікті күшейту және түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластығын арттыру бағытындағы жүргізіліп жатқан жұмыстар тұрақты сипатқа ие деп айтуға болады.
Ақмола облысы тарихи тұрғыдан алсақ, көпэтностың басын біріктірген киелі өңір. Мұнда жүзден астам этнос пен этникалық топ өкілдері бейбіт өмір сүріп, ортақ Отанымыздың дамуына айтулы үлес қосып келеді. Бұл – қоғамдағы сенім мен тұрақтылықтың нақты көрінісі.
Осы бағыттағы жұмыстардың негізгі үйлестіруші орталығы – Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі екені анық. Бұл құрылым этномәдени бірлестіктердің жұмысын үйлестіріп, қоғамдық бастамаларды қолдау арқылы өңірдегі татулық пен тұрақтылықты нығайтуға қызмет етеді.
Бүгінгі таңда облыста 45 этномәдени бірлестік тіркелген. Олардың бір бөлігі аккредиттаудан өткен. Көкшетау қаласындағы Достық үйі түрлі этнос өкілдерінің басын қосатын рухани және мәдени орталық ретінде қалыптасқан. Мұнда 15-тен астам этномәдени бірлестіктің кабинеттері орналасып, шығармашылық ұжымдар тұрақты жұмыс істейді. Олар мәдени іс-шаралар арқылы халықтар достығын дәріптеп, қоғамдық келісім идеясының кең таралуына ықпал етуде.
Өңірдегі қоғамдық құрылымдар жүйелі түрде жұмыс атқарып келеді. Олардың қатарында ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, жастар ұйымдары, медиация бағыты, журналистер клубы, ғылыми-сараптамалық топ, «Жомарт жан» орталығы, еңбек ұжымдарындағы бірлік құрылымдары және мемлекеттік тілді дамыту орталығы бар. Бұл құрылымдардың барлығының жұмысы қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және ортақ құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Ақсақалдар кеңесі қоғамдағы тәрбиелік мәні жоғары институт ретінде жастарға өнеге көрсетіп, «Даналық көпірі» секілді кездесулер арқылы ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуде. Аналар кеңесі отбасы құндылықтарын дәріптеп, жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп келеді.
Медиация бағыт-бағдары қоғамдағы түсініспеушіліктердің алдын алып, оларды бейбіт жолмен шешуге ықпал етуде. Бұл Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудың маңызды тетігі болып табылады.
Жастар бағыты да ерекше назарда. Жастар ұйымдары түрлі жобалар арқылы азаматтық белсенділікті арттырып, «Біз әртүрліміз, бірақ біз теңбіз» қағидатын нақты істермен дәлелдеуде.
Мемлекеттік тілді дамыту орталығы этносаралық қатынас тілі ретінде қазақ тілінің мәртебесін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бұл – қоғамды біріктіретін маңызды рухани факторлардың бірі.
Ғылыми-сараптамалық топ өңірдегі қоғамдық үдерістерге талдау жасап, ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеуде. «Бірлік белгісі» жобасы арқылы қоғам қайраткерлерімен сұхбаттар ұйымдастырылып, маңызды ой-пікірлер кеңінен насихатталуда.
«Жомарт жан» орталығы қайырымдылық бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп, әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруда. Бұл қоғамдағы мейірімділік пен әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін күшейтеді.
Еңбек ұжымдарындағы ынтымақ пен бірлік те ерекше маңызға ие. Өндірістік ортада өткізілетін кездесулер мен түсіндіру жұмыстары тұрақтылық пен өзара түсіністікті арттыруға ықпал етуде.
Шығармашылық ұжымдарға келсек, олар да өңірдің мәдени өмірін байытып, этносаралық татулықтың көркем үлгісін қалыптастыруда.
Жалпы алғанда, Ақмола облысында қоғамдық келісім саясаты Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмаларына сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жыл ішінде жүздеген іс-шара өткізіліп, он мыңдаған азамат қамтылды. Бұл – ел ішіндегі тұрақтылық пен бірліктің нақты нәтижесі.
Осы атқарылған жұмыстарды қорытындылай келсек, қоғамдық келісім – мемлекеттің берік іргетасы. Бұл бағыттағы игі істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, ел Президенті айқындаған стратегиялық міндеттердің жүзеге асырылуына қызмет ете береді.
Қуаныш ШАҚШАҚОВ,
«Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы.
![]()

