Қазақ жерінде көсегеміз көгеріп отыр

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

Кез келген бір халық, бір ұлттың мәдениеті дегенде көз алдымызға көбіне мерекелерді, концерттер мен ұлттық киімдерді елестететініміз рас. Бірақ, бұл құндылықтардың артында адамдардың тағдыры, олардың қуанышты сәттері мен алға жетелеген үміті тұратынын ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан, біздер, «Чинсон» корей мәдени орталығының мүшелері үшін мәдениет деген жауапкершіліктен бастау алады.

Өткен жыл біздің орталық үшін мазмұнды әрі ерекше жыл болды. Қазан айында біз «Чинсонның» 35 жылдығын атап өттік. Бұл жай ғана атаулы дата емес. Бұл – Қазақстандағы корей диаспорасының қалыптасу тарихын өшірмей, мәдени орталықты жанды қауымдастыққа айналдыра білген жанашыр жандардың, қоғам қайраткерлері мен энтузиастардың ондаған жылдар бойғы қажырлы еңбегінің жемісі.

Біздің жұмысымыздың ең маңызды бағыты – аға буынға қамқорлық көрсету. Қарттар күнінде Ақмола облысында тұратын жасы 70-тен асқан корей ұлтының ақсақалдарына сый-сияпат жасадық. Бұл оларға деген құрметіміз. Себебі, олар тарих толқынында түрлі кезеңдерді бастарынан өткеріп, депортация мен қиын-қыстау уақыттан өтті, әрі соған қарамастан, өз ана тілін, дәстүрін және адамдық абыройын сақтап қалды. Бұл сый-сияпат сол ерліктері үшін біздің тарапымыздан көрсетілген шексіз  алғысымыз деп білеміз. Сонымен бірге, біз балаларға көңіл бөлуді де назардан тыс қалдырған емеспіз. Жаңа жыл қарсаңында №2 мектеп оқушыларына қайырымдылық сыйлықтарын үлестірдік. Біреулер үшін бұл жай ғана тәттілер салынған қораптар болуы мүмкін, ал, балалар үшін күтпеген сыйлық әрі ешқашан ұмытылмайтын қуанышты сәт.

Мәдени орталықтың қызметін жүзеге асыру барысында көшпелі іс-шараларды да ұйымдастыруды жолға қойып келеміз. Мәселен, Достық үйімен бірлесе отырып, Сандықтау ауданында мәдени кездесулер өткізіп, жергілікті жерлердегі диалог алаңдарына қатыстық.

Күзде гранттық жоба аясында қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттап, құрметтеу аясында  «Күнді көрсет және Аманат» атты іс-шара өткіздік. Бұл арқылы біз өзіміз тұрып, өмір сүріп жатқан елдің мәдени кеңістігінің бір бөлігі екенімізді дәлелдеп шықтық. Сонымен қатар, орталық өкілдері А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде өткен Халықаралық Open World фестиваліне, Алматыдағы Қазақстан корейлері қауымдастығының пленумдарына, Астана қаласындағы корей орталығымен бірлескен жобаларға қатысып тұрады. Сондай-ақ, біз іссапарлармен елден тыс жерлерге де шығып тұрамыз. Мысалы, Омбыға шақыртумен барған біздің орталықтың өкілі корей тілінде өткен VIII халықаралық байқаудың қазылар алқасының құрамына кіріп, төрелік етті.

Ақмола облысының корей орталығының тарихында елеулі із қалдырған тұлға, орталықтың негізін қалаушы әрі тұңғыш төрағасы Николай Петрович Цойдың 100 жылдық мерейтойы да былтыр ерекше аталып өтті. Желтоқсан айында Бурабай ауданындағы Зеленый Бор ауылында өткен бұл еске алу кеші жай ғана мерекелік шара емес, тарих пен бүгінгі күннің алтын көпіріне айналды.

Николай Петрович  біздің бүгінгі жетістіктеріміздің іргетасын қалап, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту жолында аянбай еңбек еткен дара тұлға. Бұл атаулы күн бізге бабалар салған сара жолды жалғастырудың қаншалықты маңызды екенін, сондай-ақ, өткен ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді тағы бір мәрте сезіндіре түскенін айта кету керек.

2025 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен де тұспа-тұс келгені белгілі. Біз облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің құрамына кіретін тағы басқа да этнос өкілдерімен бірге корейлердің ұлттық мейрамы Сольналь мен Ұлыстың ұлы күні – Наурызды тойлап, Достық үйінің жанына ағаш ектік, Конституция күніне арналған фестивальдерге белсене қатыстық. Мұның бәрін құрғақ есеп үшін емес, шынайы достық пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде ауызға алып жатырмыз.

Биыл да біз жыл басынан бері бірқатар мерекелерге қатысып, мәдени шаралардың басы-қасында жүрдік. Айталық, ақпанда Сольналь, сәуірде Корея Республикасы Елшілігінің қолдауымен өткен корей киносының фестиваліне және жастарға арналған Korea Inside жобасына атсалыстық. Бұрынғыдай Наурыз, Қазақстан халқының бірлігі күні және өзге де ортақ мерекелерімізді халықпен бірге тойлап, олардың мәнді де, сәнді өтуіне үлестерімізді қосу бұлжымас дәстүріміз.

Қай халықты алсақ та, оның дәстүрі өздігінен өмір сүрмейді. Соның бәрін сақтап, өміршең ететін біздер, адамдар. Мәдениет үшін өзінің уақытын, күш-жігері мен жанын салатын жандар барда  сол ұлттың дәстүр-салты өлмейді, еш үзілмейді. Бұл дегеніміз, осы елдің байырғы иесі қазақ халқының ұлттық құндылықтарымен бірге ортақ Отанымызда корей халқының да біз насихаттап келе жатқан мәдениеті бірге жасайды деген сөз. Сол үшін де кезінде бізге пана болған жергілікті ұлтқа рахмет айтамыз.

Жанна СИН,
Ақмола облыстық «Чинсон» корей мәдени орталығы»
қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар