От жалында шыңдалған майдангер судьялар

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел қорғаған, кейінгі бейбіт заманда судья қызметін атқарған азаматтар туралы әйгілеп жазудың астарында адалдық пен ерлікті паш ету жатыр. Майдангер судья Кәкім Кәмиев Қорғалжын ауданына қарасты Казгородок ауылында Рахима және Кәми Қуанышбаевтардың отбасында өмірге келіпті.  Әбдірахман Калимуллин Алматы облысының сол кездегі Қаскелен ауданына қарасты Дружба ауылында туған көп балалы отбасының бір перзенті. Халық сотының судьясы болып еңбек еткен Нұрғали Ғабдулбариев 1912 жылы Атбасар уезіне қарасты №14 ауылда көп балалы отбасында дүниеге келген.

Сол тұстағы жастар тәрізді Кәкім Кәмиұлы да еңбек көрігімен шыңдалған. Қара жұмысқа қоса бірқатар лауазымды қызмет те атқарған. 1942 жылдың шілде-қыркүйек айлары аралығында Қорғалжын аудандық партия комитетінде іс жүргізуші болып 17 жасында еңбек жолын бастаған. Көнекөз қариялардың естелігіне қарағанда, ол кезде аудандық партия комитеттеріне өте сауатты және мейлінше еңбекқор адамдар ғана жұмысқа қабылданатын. Ар абыройы да таза, беделі де биік болуға тиісті.

1942 жылдың қыркүйек айында Кәкім Кәмиұлы қанқасап майданға аттанады. Алғашқы күннен сұрапыл шайқастардың бел ортасында жүреді. 1944 жылы ақпан айында ауыр жарақаттанады. Осыған байланысты майдан даласынан елге оралады. Іле Қорғалжын аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы қызметіне тағайындалады. 1949 жылдың ақпан айында аудан басшылары майдангерді судья міндеттерін атқару үшін Қорғалжын аудандық сотының халық заседателі қылып сайлайды. 1949 жылдың қыркүйегінде Алматы заң мектебіне түсіп, 1951 жылы үздік бітіріп шығады. Оқу бітіргеннен кейіне 24 жылға жуық сот төрелігі мен заң үстемдігін жүзеге асыруға ат салысады. Көкшетау облысының үш аудандық сотының судьясы және төрағасы болып адал қызмет етеді. Зеренді ауданында алты жылдан аса жұмыс істеген. Ел ішінде Кәкім Кәмиұлының әділдігі аңыз болып тараған. Әйтсе де майдан даласындағы жарақаты сыр беріп, 1975 жылы елуге толған шағында мәңгілік сапарға аттанған. Сот саласындағы көп жылдық қызметі үшін 1975 жылдың 10 мамырында Қазақ КСР-інің Жоғарғы соты Кәкім Кәмиұлына атаулы сағат сыйлап, марапаттаған екен. Бұл жай мадақтау емес, адал қызметіне деген ілтипаттары. Ол жылдары жоғары соттан мұндай бағалы сыйлық екінің біріне беріле бермесе керек. Қызметі ғана емес, жан-дүниесі мінсіз болған судья ғана осындай жетістікке жеткен.

Әбдірахман Калимуллин Алматы облысының сол кездегі Қаскелен ауданына қарасты Дружба ауылында туған көп балалы отбасының бір перзенті. Ұлағатты ұядағы алты баланың тұңғышы. Бәлкім сол себепті болар, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, еңбекке араласқан. Інілері мен қарындастарын тәрбиелеуге көмектескен.

Тағдыр жолында кесе-көлденең жатқан бөгесіндер көп болған көрінеді. Әбдірахман Шайдоллаұлы әрдайым адал, барынша әділ, ақкөңіл адам болған. Көзкөргендердің жазғандарына қарағанда, өмірге деген құштарлығы, болашаққа деген үміті мықты әрі замандастарына үлгі болған. Ұлы Отан соғысы басталғанда ауыл шаруашылығы институтының үшінші курс студенті екен. Қанқасап майдан даласына әкесіне ілесе аттаныпты. Өзі сұранған. Бастауыш білімі бар жауынгер болғандықтан, Гомель қаласындағы жаяу әскер офицерлерін даярлайтын оқу орнына жіберілген. 1942 жылдың мамыр айында оқуды бітіріп шыққан соң Мәскеуді қорғайтын арнайы топтың қатарына қосылады. Жас лейтенант белгіленген жерге өзі басқаратын сарбаздармен қарусыз барыпты. Төңіректе бұзылған, күйреген әскери техника. Күтпеген жерден жау жағы бұларға от жаудырады. Әбдірахман Шайдоллаұлы жарақаттанса да өз полкына қосылады. Міне, осы кезден бастап жеңісті жолдары қақпасын айқара ашады. Ержүрек  жауынгер Ленинград, Орел, Ельня, Смоленск, Орша қалаларын басқыншы жаудан азат етуге қатысқан. Орша қаласының маңында 1943 жылдың 18 қараша күні үшінші рет жарақат алады. Бұл жарақат алдыңғыларынан ауыр болған. Әскери госпитальда  ұзақ емделеді. Жеңіс туралы жан жадыратар жақсы хабарды Қазан қаласының госпиталінде жатып естиді. Соңғы жарақат жауынгерді мүгедек етіп тынған. Әбдірахман Шайдоллаұлы әскери қызметін Түркістан әскери округінде жалғастырады. 1946 жылы елге оралған.

Майданнан кейін Әбдірахман Шайдоллаұлы қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, сот және әділет жүйесіндегі қызметін бастайды. Алматы қаласы Каганович аудандық сотының сот орындаушысы, Ақмола облысы адвокаттар алқасының төрағасы қызметтерін атқарды. 1950 жылдары солтүстік өңірдегі тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталды. Жаңа аудандар ашыла бастады. 1956 жылы республика сот жүйесінің басшылығының шешімімен майдангер Ақмола облысында жаңадан құрылған бұрынғы Бараңкөл, қазіргі Жарқайың аудандық сотының судьясы, кейін төрағасы болып сайланды. Ауданда әділ судья ретінде танылды. Жауынгерлік және еңбектегі жетістіктері де бағаланбай қалған жоқ. «Қызыл Жұлдыз», бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Майдангердің суреті облыстық соттың жауынгерлік даңқ залындағы сурет галереясында тұр.

Халық сотының судьясы болып еңбек еткен Нұрғали Ғабдулбариев 1912 жылы Атбасар уезіне қарасты №14 ауылда көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған Нұрғали ауыл молдасынан оқып, хат  танитын дәрежеге жеткен. Кейін 1930 жылы Ташкент қаласындағы жұмысшылар факультетіне оқуға түседі. Алаш даласында тігерге тұяқ қалмаған алапат аштық басталғанда елдегі бауырларының жайын ойлап, туған жеріне оралған. Бір айта кетерлігі, ол тұстағы жұмысшылар факультетінің берер білімі жоғары біліммен теңестірілетін. Аштықтың аранды аузынан аман қалған Нұрғали Ғабдулбариев Атбасар қаласында ұстаздық қызмет атқарады. Жетім балалар үйінде тәрбиеші, директордың орынбасары болып та еңбек етеді. 1940 жылы аудандық халық судьясы қызметіне тағайындалады. Оның алдында аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, саясат бөлімі бастығының орынбасары болып та еңбек еткен.

1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда майданға сұранған. 1942 жылы Ақмола қаласында жасақталған атқыштар дивизиясы құрамында кіші командирдің көмекшісі шенінде батыс майдандағы Новгородск төңірегіндегі алапат шайқастарға қатысады. Старая Руссу қаласы маңында фашистермен кескілескен ұрыста ауыр жараланады. Бірнеше ай әскери госпитальда емделеді. Бел омыртқадан оқ тиіп, ауыр жараланған майдангер мүгедек болып туған жердің төсіне оралады. Соғыста көрсеткен ерліктері лайықты бағаланып, бірнеше медальдармен марапатталады.

От-жалында шыңдалған жауынгер соғыстан кейін жиырма жылдан астам уақыт халық судьясы, аудандық сот төрағасы қызметтерін абыроймен атқарыпты. Күрмеуі қиын аса ауыр істердің әділ шешілуіне сан мәрте мұрындық болған. Алдына келіп шағым айтқан талайдың тағдырын тура жолға бағыттаған. Судьялық қызмет атқарып жүріп заң мектебінде оқыған.

Туғанына 100 жыл толуына орай еңбегімен ел есінде қалған Нұрғали Ғабдулбариевтің жерлестері аудандық сот ғимаратының қабырғасына ескерткіш тақта орнатыпты. Бір жағынан ақиқат үшін күрескен абзал азаматқа деген ізетті ілтипат болса, екінші жағынан жас толқын үшін өнеге.

Б.ҚАЙЫРЛЫҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар