Ерлік дәстүрі
Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар ақмолалықтарға марапаттар тапсырды.
Жаңа жағалауда өткен патриоттық іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын сахнаға шығарып, Мемлекеттік Әнұранды шырқаудан басталды.
– Бүгінгі мейрам ел тарихында айрықша маңызға ие. Бұл күн халық тыныштығын қорғап, өз өмірін ел тағдырымен байланыстырған әр азамат үшін ерекше. Осыдан 34 жыл бұрын ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің берік негізі қаланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін арттыру негізгі стратегиялық мақсатымыздың бірі деп атап өткені белгілі. Қарулы күштер осы мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, Тәуелсіздігіміздің кепілі. Қоғамда жиі айтылатын «елді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы» деген сөздер терең мағыналы патриоттық ұстаным. Өйткені, туған жерді қорғау перзенттік парыз ғана емес, абыройлы міндет, биік мәртебе. Бүгін біз барлық әскер қатарындағы офицерлер мен сарбаздарды, ардагерлерді осынау айтулы мерекемен құттықтаймыз, – дей келіп, Елдос Рамазанов баршаға игі тілегін арнады.
Бұдан әрі еліміз бен өңіріміздің дамуына қосқан лайықты үлестері үшін бірқатар ақмолалықтар түрлі наградалармен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаталды. Олардың ішінде Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары-басқарма бастығы, полковник Қанат Омаров «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері» медалімен, Целиноград, Қорғалжын аудандарының және Қосшы қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің басшысы Қосман Азамат, Көкшетау қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары- жұмылдыру бөлімінің бастығы Райымбек Байкенов І дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, 99265 әскери бөлімінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету взводының командирі Арман Әбдірахманов, Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті қызметтік іс-қимылды ұйымдастыру және әскерлер қызметі бөлімінің офицері Қазбек Рақышев, Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің топ сержанты, контракт бойынша әскери қызметке қабылдау және әскерге қабылдау жұмыстары бөлімінің әскери және физикалық дайындық бойынша нұсқаушысы Алмаз Уәлиев ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды.
Бұдан әрі облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов пен Ақмола облысы прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлы бір топ оқушыларды «Жас ұрпақ» қоғамдық бірлестігінің қатарына қабылдады. Бұл ұйым өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, нығайту үшін облыстық прокуратураның бастамасымен және облыстық білім басқармасының қолдауымен құрылған болатын.
Салтанатты шарада сонымен бірге, осыдан екі күн бұрын Отан қорғаушы күніне орай өткізілген әскери әндер пен сап түзеу байқауында жеңімпаз атанған Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Томирис» қыздар патриоттық клубы өнер көрсетті. Әрі қарай мереке Ақмола облыстық полиция департаментінің вокалдық тобы мен арнайы жедел әрекет ету жасағының, сондай-ақ, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламаларымен жалғасты.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

