Ақмола облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 3 егде жастағы әйелге бөліп төлеу жоспарымен сатып алған қымбат тауарлары үшін ақшаны қайтаруға көмектесті.
Әйелдер жалпы сомасы 3 200 000 теңгеге массаж жамылғыларын сатып алды, бірақ бұл заттардың нақты бағасы айтарлықтай төмен болды.
Сату шарты жалға алынған үй-жайда сатушылар ұйымдастырған өнімнің тұсаукесері кезінде жасалды, онда олар адамдарды үлкен жүлделер мен сыйлықтар ұтып алу уәдесімен шақырды. Қатысу үшін сатып алушылар ұялы телефондарын өшіруі керек болды, содан кейін оларды бөліп төлеу жоспарымен немесе несие арқылы сатып алуға белсенді түрде көндірді.
Департамент қызметкерлері тұтынушыларға өнім туралы жалған және толық емес ақпарат, соның ішінде оның нақты сипаттамалары, шыққан елі және бағасы берілгенін анықтады. Сатып алу туралы шешім психологиялық қысыммен, мәміле шарттарын мұқият бағалау мүмкіндігі болмай қабылданды.
Шарт жасалғаннан кейін сатып алушылар сатушыға хабарласып, шартты бұзуды, тауарларды қайтаруды және несиелік міндеттемелерді жоюды талап етті. Тауарлар пайдаланылмаған және бастапқы көрінісін сақтап қалған. Алайда, сатушы тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы бұзып, процесті кешіктіріп, қайтаруға кедергі келтіруге тырысты.
Департаменттің араласуының арқасында дау соттан тыс шешілді.
Ақмола облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, сатып алу-сату шарттары бұзылды, несиелік міндеттемелер жойылды және қаражат тұтынушыларға толық көлемде қайтарылды.
Департамент азаматтардың, әсіресе егде жастағы адамдардың, мәжбүрлі несие алу, өнім туралы жалған ақпарат беру немесе сатушылар тауарды қайтарып алудан бас тартқан жағдайда жергілікті департаменттерден қорғау сұрауға құқығы бар екенін еске салды.
Ақмола облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жиһаз өндірушісімен дауды шешуге көмектесті
Ақмола облысында тұтынушы мен ас үй жиһазын шығаратын және орнататын жеке кәсіпкер арасындағы дау шешілді. Тараптар бұрын ас үй жиһазын өндіру және орнату бойынша жалпы құны 450 000 теңге болатын келісімшартқа қол қойған болатын. Орнату кезінде сөрелердің бірі зақымданып, тұтынушы ас үй жиһазының толық еместігіне шағымданды. Шағымды қарап, түсіндірме ақпарат бергеннен кейін, жетіспейтін бөлшек жасалып, орнатылды. Ас үй жиһазы қазір келісімшартқа және бекітілген сызбаға сәйкес толығымен жиналып, орнатылды.
Тұтынушы мердігерге ешқандай шағымдары жоқ екенін растады және мәселе соттан тыс шешілді.
Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тараптар арасындағы уақтылы байланыс және келісімшарттық міндеттемелерді сақтау сотқа жүгінбей-ақ дауларды тиімді шешуге мүмкіндік беретінін еске салады.
Біздің мамандар тұтынушылардың құқықтары толық қалпына келтірілгенге дейін түсініктеме беруге, талап арыздарды дайындауға және қолдау көрсетуге көмектесуге дайын.
Ақмола облысының Зеренді ауылында тұратын азамат маркетплейстен сатып алған автотауарды қайтара алды
Ақмола облысының Зеренді ауылында тұратын азамат Wildberries маркетплейсі арқылы автомобильге арналған керек-жарақты сатып алу кезінде қиындыққа тап болды. Ол Haval маркалы автокөлікке арналған төбеге орнатылатын жүк салғышқа тапсырыс берген, алайда жеткізілген тауар сипаттамада көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген.
Тапсырыс қаңтар айының соңында жеткізілген. Орнату барысында жүк салғыштың бекіткіштері басқа болып шыққаны және көрсетілген автокөлік үлгісіне сәйкес келмейтіні анықталған. Осыған байланысты тауарды пайдалану мүмкін болмаған. Сатып алынған тауардың құны 35 300 теңгені құрады.
Мәселені өз бетінше шешу мүмкін болмаған соң, тұтынушы Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Департамент мамандары тарапынан құқықтық және консультациялық көмек көрсетіліп, тұтынушыға талап арызды сауатты рәсімдеуге, тауардың сәйкессіздігін тіркеуге, сондай-ақ сатушы мен маркетплейстің қолдау қызметіне өтініш жолдауға жәрдем көрсетілді.
Сонымен қатар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама аясында әрі қарай әрекет ету бойынша қажетті түсіндірмелер мен ұсынымдар берілді.
Өтінішті қарау нәтижесінде тұтынушының талаптары толық көлемде қанағаттандырылды: тауар кері қайтарылып, төленген ақшалай қаражат толық қайтарылды.
Аталған жағдай тұтынушылардың тапсырысқа немесе сипаттамаға сәйкес келмейтін тауарды қайтаруға құқығы бар екенін және құқықтық кеңес пен уақтылы қолдауға жүгіну өз заңды мүдделерін тиімді қорғауға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Тұтынушылардың құқықтары қалпына келтірілді: Ақмола облысында офлайн және онлайн саудадағы тауарларды қайтару мәселелері шешілді
Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өңір тұрғындарынан тауарларды қайтарудан негізсіз бас тарту фактілері бойынша өтініштер келіп түсті. Аталған жағдайлар дәстүрлі сауда нысандарында да, әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылатын қашықтан сауда барысында да орын алған.
Бірінші жағдайда тұтынушы электр тұрмыстық құралын сатып алған. Тауарды бір реттік тексеруден кейін оның техникалық сипаттамалары тұтынушының қажеттілігіне сай келмеген. Заңнамада белгіленген мерзімде сатып алушы сатушыға ақшасын қайтару туралы талап қойған. Алайда сатушы тауарды жеке гигиена бұйымдары мен медициналық мақсаттағы, қайтаруға жатпайтын тауарлар қатарына жатқызуға тырысып, талапты қанағаттандырудан бас тартқан.
Өтінішті қарау барысында сатушының тауардың қайтарылмайтын тауарлар тізбесіне жататынын растайтын құжаттарды ұсынбағаны, сондай-ақ сатып алу сәтіне дейін тұтынушыға тауарды қайтару мүмкін еместігі туралы ақпарат берілгенін дәлелдейтін айғақтардың жоқтығы анықталды. Сонымен қатар сатушы тарапынан тауардың пайдаланылғанын дәлелдеуді талап ету заңнама талаптарына қайшы келіп, тұтынушының құқықтарын бұзған.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 14-бабына сәйкес, тұтынушы тауар сатып алынған күннен бастап 14 күнтізбелік күн ішінде, егер ол тауар пішініне, өлшеміне, габаритіне, жинақталуына немесе басқа да сипаттамаларына сәйкес келмесе, тауардың тауарлық түрі мен тұтынушылық қасиеттері сақталған жағдайда, оны қайтарып, ақшасын талап етуге құқылы. Бұл ретте кассалық чектің болмауы, төлемді растайтын өзге де дәлелдер болған жағдайда, талапты қанағаттандырудан бас тартуға негіз болып табылмайды.
Екінші жағдайда Ақмола облысының тұрғыны Instagram әлеуметтік желісі арқылы сауда жүргізетін интернет-дүкен сатушысының әрекетіне шағымданған. Тұтынушы 12 000 теңгеге автокөлік панеліне арналған жапқыш сатып алған. Төлем банк қосымшасы арқылы жүргізіліп, тауар пошта қызметі арқылы алынған. Алайда алынған бұйымның жарияланған өлшемдерге сәйкес келмейтіні және автокөлік панеліне сай келмейтіні анықталған.
Тұтынушы бұл туралы сатушыға хабарлап, тауардың сәйкессіздігін растайтын бейнематериал жолдаған. Алайда сатушы байланысқа шығуды тоқтатып, тұтынушыны мессенджерде бұғаттаған. Сатушының атына досудебелік талап жолданған.
Департамент тарапынан Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қолданыстағы заңнамасы аясында тиісті жұмыс жүргізілді. Өтініштерді қарау нәтижесінде екі жағдайда да тұтынушылардың құқықтары қалпына келтіріліп, төленген қаражат толық көлемде қайтарылды.
Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тауар сапасыз болған жағдайда тұтынушының ақшасын қайтаруды немесе тауарды ауыстыруды талап етуге құқылы екенін еске салады. Сатушы дауды ерікті түрде реттеуден бас тартқан жағдайда азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін аумақтық департаментке жүгіне алады.
Департамент кәсіпкерлерді заңнама талаптарын қатаң сақтауға, ал тұтынушыларды өз құқықтарының бұзылу фактілерін назардан тыс қалдырмауға шақырады.
Жаңа деп сатылған, бірақ қалпына келтірілген болып шықты: Көкшетауда сатып алушыға iPhone 16 Pro үшін ақша қайтарылды
Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне ұялы телефон сатып алу кезінде тұтынушы құқықтарының бұзылуы бойынша өтініш келіп түсті.
Өтінішке сәйкес, Көкшетау қаласындағы дүкендердің бірінде тұтынушыға Apple iPhone 16 Pro маркалы ұялы телефон жаңа тауар ретінде сатылған. Алайда құрылғының қалпына келтірілген немесе бұрын жөндеуде болғаны туралы ешқандай ақпарат берілмеген.
Кейін тұтынушы телефонды басқа модельге үстеме ақымен ауыстыру мақсатында дүкенге жүгінген кезде, сатушылар аталған құрылғының қалпына келтірілген екенін хабарлаған. Осылайша, тұтынушыға тауар туралы толық әрі шынайы ақпарат берілмей, ол жаңылыстырылған.
Сонымен қатар, телефонды тексеру үшін сатушыға тапсырған кезде тұтынушыға қабылдау актісі немесе тауарды қабылдауды растайтын өзге құжат ұсынылмаған. Бұл да заң талаптарының бұзылуы болып табылады.
Қарау нәтижесінде қабылданған шаралардың арқасында дау оң шешімін тауып, тұтынушыға тауар үшін төленген қаражат толық көлемде қайтарылды.
Еске саламыз, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына сәйкес:
сатушы тауар туралы толық және шынайы ақпарат беруге міндетті;
тұтынушы сапалы тауар алуға құқылы;
тауар мәлімделген сипаттамаларға сәйкес келмеген немесе жалған ақпарат берілген жағдайда, тұтынушы ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы.
Департамент кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға, ал азаматтарды өз құқықтарын қорғауда белсенді болуға шақырады.
Автокөлікті сатып алу-сату шарты бұзылып, тұтынушыға ақша қайтарылды
Ақмола облысы бойынша департамент мамандары өз құзыреті шеңберінде азаматқа құқықтық көмек көрсетіп, автокөлікті сатып алу-сату шартын бұзуға және төленген қаражатты қайтаруға жәрдемдесті.
2025 жылғы желтоқсанда Көкшетау қаласының тұрғыны 13 590 000 теңге тұратын жаңа Jetour X70 PLUS автокөлігін сатып алған. Бұл ретте 2 853 900 теңге мөлшерінде алдын ала төлем жасалған.
Алайда автокөлікті 2026 жылғы қаңтарда тапсыру кезінде келесі кемшіліктер анықталған:
• есіктер мен капоттағы саңылаулар;
• артқы бүйір әйнектің зақымдануы.
Аталған ақаулар туралы сатушыға бірден хабарланғанымен, белгіленген мерзімде олар жойылмаған. Сонымен қатар сатып алушыға мәміле шарттарын растайтын құжаттар берілмеген.
Тұтынушының құқықтары бұзылғандықтан, азамат Ақмола облысы бойынша департаментке жүгінген. Департамент мамандары Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңында көзделген құқықтарды түсіндіріп, сатушыға талап қою үшін құқықтық көмек көрсетті.
Қабылданған шаралар нәтижесінде автокөлікті сатып алу-сату шарты бұзылып, тұтынушыға 13 590 000 теңге көлемінде төленген қаражат толық қайтарылды.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сапасыз тауар сатылған жағдайда тұтынушы:
• кемшіліктерді жоюды;
• тауарды ауыстыруды;
• бағаны төмендетуді;
• шартты бұзып, ақшаны қайтаруды талап етуге құқылы.
Осындай жағдайларда тұтынушылар кеңес алу және өз құқықтарын қорғау үшін Ақмола облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады.
![]()

