Ғылыми конференция
Ежелден ақынға қуат, әншіге шабыт берген жер шоқтығы, Хан ордасы мен хазіреттер ордасы болған қонақжай Көкше жерінде, еліміздің іргелі оқу орындарының бірі болып саналатын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде дәстүрлі «Шоқан тағылымы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция биыл отызыншы рет өткізілді.
Біздің жоғары оқу орнымызда жыл бойы аймақтық, республикалық деңгейде көптеген ғылыми конференциялар өтіп жатады. Алайда, олардың ішінде «Шоқан тағылымының» алатын орны да, маңызы да ерекше. Себебі, осы ғылыми жиында біздер еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, шетелдерден келген бірталай ғалымдармен, ізденушілермен қауышамыз, олармен қазіргі ғылымдағы тың жаңалықтар жайында ой бөлісеміз.
Жалпы, алғашқы рет ұлы Шоқанға арналған конференция біздің оқу орнымызда 1985 жылы Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығына арналып өткізілді.
Бүгінгі күні осы өңірге ғана емес, республикаға, тіпті халықаралық деңгейде танымал болған осынау ғылыми жиынның шығу тегін біз, осы конференцияның негізін қалаушы, біртуар ғалым, жерлес ағамыз, әйгілі абылайтанушы, шоқантанушы, Көкше жерінде тарих ғылымының іргесін қалап, қазығын қаққан профессор Қадыржан Қабиденұлы Әбуевтің есімімен байланыстырсақ артық айтқандық болмайды. 1991 жылы ақпан айында ол кісі әдейілеп Алматыға, Ғылым академиясына, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтына барып, сол кездегі институттың директоры Манаш Қабашұлы Қозыбаевпен кездесіп, Абылай ханның 280 жылдығын тойлау туралы ұсынысын жасайды. Бұл кезең өздеріңіз білесіздер, Кеңес Одағының ыдырай бастаған, бірақ та, әлі орталыққа, Мәскеуге жалпақтаған тәуелді кезіміз ғой, әрі Абылай ханға деген көзқарастың толық ашылмаған уақыты, біраз кедергілер де, қиыншылықтар да болады, бірақ, соған қарамастан, Манаш Қозыбаев қызу қолдап Үкіметке хат жазады. Көп ұзамай, сол кездегі Жоғарғы Кеңестің төрағасы Ерік Мағзұмұлы Асанбаевтың қолдауымен Үкіметтің арнайы Қаулысы шығады. 1991 жылы 2 тамызда біздің «Көкшетау» мәдениет сарайында Абылай ханның 280 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция өтеді. Конференцияны Ұлттық академияның президенті Өмірзақ Сұлтанғазин ашса, баяндамаларымен сол кездегі республикаға танымал тарихшылар, академиктер, тарих корифейі Манаш Қозыбаев, әйгілі философ Жабайхан Әбділдин, шығыстанушы Рабаш Сүлейменов, профессорлар Владимир Моисеев, сәулетші Шота Уәлиханов сөз сөйледі.
Ғылыми жиынның тарихи маңызы өте үлкен болды. Біріншіден осындай атақты ғалымдардың қатысуымен алқалы жиынның Алматыда емес, облыс орталығында өтуі, екіншіден ғылыми бас қосуда тарихшылар алғашқы рет бүкіл Отандық тарихты тарихи деректер, архивтік, жазба, ауызша деректер негізінде концептуальды және объективті түрде қайта қарау, зерттеу туралы ұйғарымға келеді, үшіншіден осы Абылай конференциясынан кейін елімізде ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған конференциялар бастау алды. Келесі 1992 жылы Көкшетауда Кенесары Қасымұлының 190 жылдығына, ал, 1993 жылы Ақан серінің 150 жылдығына арналған конференциялар өткені белгілі.
1991 жылы осы Көкшетау жерінде Қадыржан Қабиденұлы Шоқан Уәлихановқа байланысты жыл сайын дәстүрлі түрде, Көкшетау педагогикалық институтының негізінде «Шоқан оқулары» атты ғылыми конференция өткізу ұсынысын жасайды, оны Тарих институтының директоры Манаш Қабашұлы Қозыбаев қызу қолдап, негізін қалайды. Ең алғашқы конференция 1992 жылы өтіп, оны ұйымдастыруға университет ғалымдары Қадыржан Әбуев, Оғазы Сұлтаньяев, Нұрбек Бозовтар ат салысады. Оған ғылым алыптары Халел Арғымбаев, Карл Байпақов, Манаш Қозыбаев, Сержан Ахинбаев, Болат Кумековтер қатысады. Москва, Ленинград, Новосибирск, Қазан,Ташкент, Самарқанд, Душанбе, Баку, Фрунзе, Барнаул, Кемерово сияқты көптеген қалардан 188 жұмыс түседі. Алғаш рет Қадыржан Әбуевтің «Чокан Валиханов: некоторые проблемные вопросы биографии» атты мақаласы жарық көреді. Кейін 360 беттік жинақ шығады. Ол кезде пединститут ректоры доцент, философия ғылымдарының кандидаты Жоламанов Қуандық Досмағамбетұлы болатын, оған дейін ол кісі 28 жыл оқу ісі жөнінде проректор болған-ды.
Келесі конференция Шоқан Уәлихановтың 160 жылдығына арналып, 1995 жылы өтті, оған негізінен отандық ғалымдар қатысты, конференция материалдары 2 том болып шықты. Негізгі мазмұнын тарих, педагогика, лингвистика, әдебиет, экология мәселелері қамтыды. Алғаш рет Шоқан және оның заманы туралы ауқымды мақалалар жарияланды, атап айтқанда Көкшетау тарихы, Шоқанның қоғамдық-саяси көзқарастары, Шоқан еңбектеріндегі ұлт-азаттық қозғалысы, гуманизм, шығыс өркениеті мәселелері, Шоқанның патша үкіметінің қазақ даласындағы реформаларына ат салысуы, сонымен қатар Көкшетау тарихы, қазақтың соңғы ханы Ғұбайдолла Уәлиханов, Кенесары Қасымұлы қозғалысы туралы еңбектер жарық көрді.
1996 жылы алғаш рет конференция материалдары 7 том болып шықты және де материалдар секциялық жүйемен жарияланды.1998 жылы 4 том, 2000 жылы 10 том жинақ жарық көріп, конференция өз жұмысын 18 секция бойынша жүргізді. 2001 жылы алтыншы рет өткізілген конференцияның пленарлық мәжілісіне омбылық тарихшы ғалымдар, әріптестеріміз Ю.А.Сорокин, А.П.Толочколар қатыса бастады. Бір айта кететін жайт, омбылық әріптесіміз, профессор, Омбы университетінің революцияға дейінгі отандық тарих кафедрасының меңгерушісі, ХІХ ғасырдағы қазақ-орыс қатынастары саласын зерттеуші Толочко Анатолий Павлович қатарынан алты жыл бойы Шоқан тағылымына қатысты. Осы жылы бірінші рет «Шоқан тағылымы» жинақтары 14 том болып жарық көрді. 2002 жылғы конференция оқу орнымыздың 40 жылдығына арналып, мақалалар 12 томдық жинаққа енді. Жалпы, 2004-2009 жылдары барлығы 59 том еңбек шыққан екен. Осы жылдары ғылыми алқаға көптеген отандық және шет елдік белгілі ғалымдар қатысты. Олардың қатарында біз алғашқы рет біздің ғылыми қауымдастыққа ат салысқан Шоқанның тікелей ұрпағы (Уәли ханның Ғаббас ұлынан) тарихшы ғалым Едіге Жансұлтанұлы Уәлиханов, академик Госсен Эрвин Францевич, Зайберт Виктор Федорович, Далингер Виктор Алексеевич, Буканова Роза Гафаровна, Ақтай Гүлайхан, Аманжол Күзембайұлы, Негимов Серік, Урашев Сапар, Дихан Қамзабекұлы, Жамбыл Артықбаев, Зиябек Қабылдинов, Айболат Көшкімбаев, Еркін Әбіл, Саттар Мажитов, Рымбек Жұмашев, Юрина Елена, Бурят автономиялық республикасынан Н.Ербаеваның, омбылық жиырмаға жуық ғалымның еңбектерін көреміз. Және де айтарымыз, 2004 жылы ұйымдастыру комитетінде Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университеті, ал, 2006 жылы Түмен мемлекеттік университеті болды. 2007 жылы наурыз айынан университет ректоры болып белгілі түркітанушы, профессор, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ибраев тағайындалды. Сол кезеңде бір ғылыми серпіліс болып, біраз жетістіктерге жеткенімізді де айтқанымыз жөн. Осы жылдары алтаистика мен тюркология жөнінде халықаралық симпозиум өтті, мемлекеттік тіл орталығы ашылды, Темпус бағдарламасы бойынша алғаш рет университетіміз еуропалық грантты жеңіп алды, диссертациялық кеңес ашылып, ұлттық аккредиттеуден өтіп, бірнеше зертханалар ашылды. Бір айта кететін жайт,1993, 1995, 1997, 1999 және 2010 жылдары әр түрлі себептермен конференциялар өткен жоқ, ал, 2011 жылдан бертінге дейін еш үзіліссіз жыл сайын өтуде. 2011 жылы конференциямыз тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналса, 2012 жылғы конференция университетіміздің 50 жылдығына арналды, осы екі жылда жиырма бестей секциялар бойынша 1600-ден астам ғылыми мақалалар қабылданды, екі жылда 20 том басылып шықты.
2013 жылы профессор Қадыржан Әбуевтің бас редакторлығымен ұлы ғалым, ағартушы-демократ Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Шоқан Уәлиханов» энциклопедиясы жарық көрді. Ұлы бабамыздың өмірі мен қызметіне арналған осынау энциклопедия үш бөлімнен, 536 беттен тұрды. Кітапта ұлы тұлғаға қатысы бар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өмірі, ғылым мен білімнің көрнекті өкілдері, тарихи тұлғалар, туыстары жөнінде кең мағлұматтар қамтылды. 2013-2014 жылдардағы конференциялар шет елдік ғалымдардың молынан қатысуымен ерекшеленді. Атап айтсақ АҚШ, Финляндия, Моңғолия, Ирландия, Германия, Болгария, Польша, Латвия, Литва, Ресей Федерациясы, Орта Азия республикаларының өкілдері болды.
2010-2014 жылдары оқу орнының басшылығында Қалабаев Найман Бөбейұлы, Елубаев Сағынтай Зекенұлы болғанын айтып өткен жөн. Осы жылдары алғашқы рет «Болашақ» бағдарламасымен шет елге 25 студентті оқуға жібердік, сонымен қатар, халықаралық білім беру департаменті ашылды, бірінші рет облыс әкімінің шәкіртақылары 112 студентке тағайындалды, ғалымдарымыз Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына ат салысты, әлеуметтік-материалдық базамыз кеңейді. 2015 жылғы ғылыми бас қосуымыз Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналды. 2014-2018 жылдары оқу орнымыздың ректоры болып Әбжаппаров Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы істеді. Осы жылдары университетіміз жоғары білім жөніндегі европалық қауымдастықтың мүшелігіне өтті. Математика, тарих, филология, экология, агрономия сияқты 5 мамандық бойынша Phd докторантура ашылды, 26 пәтерлік Ғалымдар үйі мен 310 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Осы жылы өңірімізде алғашқы рет медицина мамандығының ашылғанын да айтып өткеніміз жөн. 2016 жылы 20-ыншы рет өткізілген конференциямыз тұңғыш рет күз айында, оқу жылының басында 30 қыркүйек 1 қазан аралығында өтсе, 2017-2019 жылдары дәстүрлі түрде сәуірде өтті. Алғаш рет ғылыми жиынға Венгрия, Испания, Италия, Ұлыбритания, Кипр елдерінен ғалымдар қатысып, конференцияның халықаралық аясы кеңейе түсті. Олардың қатарында әлемге әйгілі ғалымдар, түрік Ахмет Йылмаз, қытайлық бауырымыз Қайсар Таулан, ағылшын ғалымы Фуши, ресейлік Барановскаялар болды.
2020 жылы конференциямыз Шоқан Уәлихановтың 185 жылдық мерейтойына арналып, пленарлық мәжілісте бас баяндаманы осы шараға соңғы рет қатысқан Қадыржан Әбуев ағамыз жасаса, екінші басты баяндаманы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Зиябек Ермұханұлы Кабылдинов «Абылай хан қазақ халқының белгілі мемлекет қайраткері» атты тақырыпта жасады. Жалпы бір айтарымыз, Қадыржан ағамыз өзінің көзі тірісінде, 1992-2020 жылдар аралығында өткізілген 24 Шоқан конференциясының жиырма бірінде пленарлық мәжілісте сөз сөйлеп, басты баяндаманы жасап отырған екен. Нағыз феномен дерсіз!
2021 жылы Шоқан оқулары «Наука Казахстана за годы независимости: достижения и перспективы» деген атаумен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналса, дәл сол жылы 2021 жылы ғылыми алқа оқу орнымыздың 60 жылдық мерейтойына арналып, келесі «Шоқан оқулары» «Қазақстан ғылымындағы даму векторлары» атты тақырыпта өтті. Соңғы үш жылдағы «Шоқан тағылымы» конференциялары негізінен университет ғылымының өңірлік қырлары, аймақтың дамуына әсері, коммерцияландыру мен цифрландыруға арналды. Былтырғы жылғы конференциямыз Шоқанның 190 жылдық мерейтойы аясында өтті.
Қорыта келгенде айтарымыз, Шоқан әлемі – мәңгілік әлем, Шоқанды зерттеу – Алаш тарихын зерттеу, өткенімізді таразылау, болашаққа бағдар жасау. Шоқан бізге зор ғылыми, руханияттық мұра қалдырды, оның өмірі мен зерттеулері біздің ұлт ретіндегі жаһандағы орнымызды айқындайды. Шоқан сан қырлы тұлға, оны зерттеу келешек ұрпақтың да игі ісі болуға тиісті. Шоқан ұлы тарихи тұлға ретінде біздер, тарихшы, ғалымдар үшін болашағымыздың шамшырағы.
Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі,
тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.
Суретті түсірген: Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

