Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласына жұмыс сапары барысында алдымен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 10 отбасына пәтер кілттерін табыс етті.
Баспана мәселесі шешімін табуда
– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, біз азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсартуды жалғастырудамыз. Тек биылғы жылдың өзінде кезекте тұрғандарға пәтер сатып алуға 19 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл облыс 2200-ден астам отбасының жаңа баспанаға көшуіне мүмкіндік береді. Бұл ретте, Қосшы қаласы мен жалпы облыс тұрғындары мемлекеттің нақты қолдауын сезінуі тиіс, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
«Жедел жәрдем» қызметінің санитары Салтанат Самалхан екі жыл бұрын қалаға көшіп келіп, баспана кезегіне тіркелген. Үш баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр.
– Біз енді «Ынтымақ» тұрғын үй кешенінде тұратын боламыз. Пәтер алу кезегінің тез келгеніне сене алар емеспін. Мемлекеттің қолдау көрсеткеніне алғыс айтамын. Енді біздің отбасымыз осындай керемет шағын ауданда жайлы пәтерде тұратын болып жатыр, – деді жаңа қоныс иесі Салтанат Самалхан.
Еліміздегі ең жас қалалардың бірі саналатын Қосшыда тұрғын үй мәселесі қарқынды шешілуде. Соңғы екі жылда тұрғын үй кезегінде тұрған 700 адам, оның ішінде 550-ден астам әлеуметтік осал топтағы отбасылар баспанамен қамтамасыз етілді.
LRT Қосшыға дейін келеді
Облыс әкімі атап өткеніндей, Қосшы қаласының дамуы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында, ал, қала басшылығының алдында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және заманауи қалалық ортаны құруға бағытталған ауқымды міндеттер тұр.
– Бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда, қалаға газ тартуды жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарлануда. Су, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жобалары әзірленуде. Денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобалардың бірі қала және елордаға іргелес жеті аудан халқына қызмет көрсететін 350 төсектік көпсалалы аурухана құрылысы болмақ, – деп атап өтті өңір басшысы.
Көліктің қолжетімділігі мен қаланың елордамен интеграциясына ерекше көңіл бөлінуде. Стратегиялық жобалардың бірі LRT-нің екінші кезеңін жүзеге асыру болмақ. Жаңа желі «Астана-1» вокзалынан Қосшы қаласына дейін тығыз орналасқан елді мекендерді бойлай өтеді.
Дамудың тағы бір маңызды кезеңі Астана төңірегінде жаңа экономикалық орталық ретінде қалыптасып келе жатқан 200 гектардан астам аумақты алып жатқан республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағының іске қосылуы болмақ. Жетекші инвестор «Жібек жолы» инновациялық-индустриалды паркін әзірлеуші HNCEG болады. Жоба жаңартылатын энергия көздеріне арналған компоненттерді, жабдықтарды және қасбеттік материалдарды өндіруді, сондай-ақ, деректер орталығын құруды қамтиды. Индустриалды аймақта сүт және ірімшік өндірісі, жеміс-жидек пен көкөністерді өңдеу, оқшаулағыш шыны блоктары мен қаланы көріктендіру құрылымдарын шығару жоспарлануда.
Барлық жобаларды жүзеге асыру Қосшының және бүкіл Ақмола облысының одан әрі экономикалық өсуіне қуатты серпін береді және 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік туғызады. 2030 жылға қарай қала Астана агломерациясының негізгі даму орталықтарының бірі мәртебесін алуды жоспарлап отыр.
Жаңа мектеп бой көтереді
Қосшыда үш ауысымда оқыту жойылғанымен, жаңа оқу орындарына деген қажеттілік әлі де жоғары. Елеулі жобалардың бірі – 1500 орындық жалпы білім беретін мектептің құрылысы болмақ. Жаңа білім беру нысаны қазір жұмыс істеп тұрған мектептерге түсетін жүктемені азайтып, заманауи білім беруге қолайлы жағдай жасайды. Аумағы 14 000 шаршы метрден асатын төрт қабатты мектеп 3,4 гектар аумақта орналасады. Ғимаратта заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған мамандандырылған оқу кабинеттері, екі көп функциялы спорт залы, асхана және 300 орындық акт залы болады.
– Заманауи және жайлы білім беру үдерісі үшін барлық қажетті жағдай жасалады, біз құрылысты тездетуді жоспарлап отырмыз. Нысан 2027 жылдың тамыз айында ашылады деп жоспарланған болатын, бірақ, біз жұмысты ертерек үшінші тоқсанның басына немесе келесі жылдың қаңтарына дейін аяқтауды көздейміз, – деді қалалық құрылыс және аумақтық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев.
Көлік кептелісі жеңілдетілуде
Қала ішілік жолдарды салу мен жөндеуге көп көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылда қосқабатты асфальт-бетон жабындысы бар 15 көше бой көтерді. Халық санының жылдам өсуіне және көлік кептелістерінің артуына байланысты көліктің қолжетімділігін және қала ортасының сапасын жақсарту бойынша екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Марат Ахметжанов жұртшылық өкілдерімен бірге жол құрылысы нысандарын аралады.
Қосшы жол желісінің жалпы ұзындығы 232 шақырымды құрайды. Оның 135 шақырымына асфальт-бетон жабыны төселген, 62,2 шақырымына қиыршық тас төселген болса, ал, тағы 34,8 шақырымы жай жолдар күйінде қалып отыр.
– Барлық жұмыстар жоғары деңгейде және белгіленген мерзімде аяқталуы керек. Мердігерлер, мемлекеттік органдар және тұрғындар арасындағы өзара іс-қимыл сындарлы болғаны маңызды. Қоғамдық бақылау қажет, бірақ, ол техникалық үдерістің өзіне кедергі жасамауы керек. Бұл үшін тиісті қадағалау органдары бар. Біз бірлесіп жұмыс істеп, туындаған мәселелерді шешуіміз керек, – деді Марат Ахметжанов.
– Бірінші кезекте жол жамылғысы мүлде жетіспейтін проблемалық аймақтарды анықтадық. Қазір жобаның үшінші кезеңі – Тоныкөк, Арқалық, Күлтегін және Қашқари көшелерінің құрылысын жүзеге асырып жатырмыз. Жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде, оған 20-ға жуық техника және 30 инженерлік-техникалық маман жұмылдырылған. Жалпы ұзындығы 16,5 шақырымды құрайтын барлық 19 көшені жөндеуді 2027 жылға дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл аудандар арасындағы көлік байланысын айтарлықтай жақсартады, жол қауіпсіздігін арттырады және қала тұрғындарына жайлы жағдай жасайды, – деп атап өтті «АБК-Автодор НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоба жетекшісі Жанат Мұқашев.
Бұл ретте, қалада Республика көшесінде ұзындығы 6,2 шақырымды құрайтын орта мерзімді жөндеу жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта учаскеде бұрынғы жолды осыған дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жобада жол жамылғысын ауыстыру, бордюр орнату, жол белгілерін салу, аялдамаларды жаңарту және көшелерді жарықтандыру жүйесін жартылай жөндеу жұмыстары қарастырылған.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қосшы қаласы.
![]()

