Асқар тау әке, аяулы ана

Еске алу

Солтүстік  Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Карасевка қазіргі Қамсақты аулында тұрған ерлі-зайыпты Бейсембаевтардың  өмірден өткеніне байланысты балалары еске алу дұғасын өткізбекші. 40-жылдан артық ұстаздық еткен Қапсан Тәжібайұлы ағайдың бақилық болғанына 10 жыл, ал,  Қамсақты ауылдық советінде есепші болған Алтыкен Әбенқызының өмірден өткеніне 30 жыл болған екен.  Еліне елеулі, халқына қалаулы болған асыл жандардың өмір жолдарына тоқтала кетуді жөн көрдім.

Қапсан (Қабдуаһид) ағай 1934 жылы 15 мамырда Бірлестік ауылында Тәжібай ата мен Уазипа апаның шаңырағында  дүниеге келген екен. Анасынан 1940 жылы ерте айрылып қалады.   Жасынан  шаруақор, елгезек, білімге  құмар болған Қапсан аға ауылдан 7-жылдық мектепті бітірген соң, Көкшетау ауданындағы (қазіргі Зеренді ауданы) Қызылсая орта мектебіне барған. 11-жылдықты сол мектептен бітіріп, өзіне математикадан сабақ берген, Қазақстанның озат математигі Жекен Рыспанбетұлының жолын қуып математик болуды армандайды. 1952 жылы Петропавлдағы  екі жылдық мұғалімдер институтын бітіріп, жолдамамен еңбек жолын Көкшетау ауданы, Куропаткино селосындағы мектепте математикадан сабақ беруден бастайды. Бұл 1954 жыл еді. Еңбекке деген ынтасы бар жас маман облыстық оқу бөлімінің көзіне түсіп, бір жылдан кейін қазақ  мамандары  жетіспейтін елді мекеніне жіберуге ұйғарады. Қолында дипломы бар жалындап тұрған жас маман-жігітті Қарақамыс мектебіне жібереді. Тазалықты жаны сүйетін, шаруақор Қапсан Тәжібайұлы Қарақамыс мектебін жөндеп, маңайына жасыл желек егіп, ауыл халқының ризашылығына бөленеді. Ауылға келген жас мұғалім жігітті ауыл қариялары, ауыл тұрғындары ұнатып, жас келсе іске деген деп, құрмет тұтады. Ауыл балаларына математиканың  қыр-сырын үйретіп, үйірмелер ашып, жас жеткіншектерді ізгі жолға бастайды.

Қапсан Тәжібайұлы еңбек жолымен қатар өмір жолын да осы жерден бастағандай болды. Қарақамыс ауылының Әбен деген ақсақалының үйінде маңдай шашы бұйралау, қолаң шашты, биязы, Алтыкен (Алтынсары)  деген  сұлу қыз бар еді. Жігіт бір көргеннен ғашық болып, танысады. Екі жастың танысуы сүйіспеншілікке айналып, 1958 жылы шаңырақ көтереді. Тәжібай ақсақал Әбен құдасының ризашылығын алып,екі жасты отау қылып шығарады.  Қапсан Тәжібайұлын  Володар аудандық оқу бөлімінің сұрауымен  Карасевка орта мектебіне жібереді. Қапсан ағай екі жылдық мұғалімдер институтымен шектеліп қалмай Көкшетаудың Ш.Уәлиханов атындағы пединститутын сырттай оқып, 1970 жылы бітірді. Қапсан ағай диплом қорғауға кеткенде орнында мен болдым. Ол кезде бір мектепте үш математик едік: Қапсан аға, мен және В.А.Ермишкин. Қапсан ағамен бір мектепте 25 жыл (ширек ғасыр) бірге жұмыс істедік. Мен 1969 жылы 20 жастағы мектепке келген жас маман едім. Қапсан аға тәжірибесімен бөлісіп, сабақ берудің қыр-сырын үйреткен еді. 1974-1975 оқу жылында мектептің қасынан интернат ашылды. Құмтөккен, Өскен, Бірлестік, Қарақамыс ауылдарынан 9-жылдықты  бітірген балалар келіп, интернатта жатып оқитын болды. Интернаттың  басшысы болып Қапсан аға тағайындалды. Жаңа ашылған интернатты жабдықтап (ескі мектеп интернат болды да, оқу жаңа мектепте өтті) оқушылардың жататын, оқуға дайындалатын бөлмелерін, асханасын дайындауда Қапсан ағай күн-түн демей еңбек етті. Интернат басшылығымен қатар сабағын да алып жүрді. Интернатта оқып жүрген оқушылардың ата-анасы мектепте өтетін ата-аналар жиналысына келе қоймайды. Сондықтан, Қапсан ағай сабақ беретін мұғалімдерді жинап, мектеп автобусымен ауыл-ауылға барып, қыс демей, жаз демей ата-аналар жиналысын өткізетін. Әрбір оқушының оқу сапасына көңіл бөліп,келешегін ойлап жүретін ұстаз еді.  Өмірінің 36 жылын Карасев орта мектебіне, 40 жылын ұстаздыққа берген ағай 1994 жылы зейнетке шықты. Ағайдың асыл жары Алтыкен апай ер-азаматының жұмысын үйге алаңдамай істеуіне жағдай жасап отырды. Көркіне ақылы сай Алтыкен тәтеміздің де өмір жолынан аз да болса мәлімет берсек, Алтыкен (Алтынсары) 1938 жылы қарашаның 6-да Қарақамыс ауылында  Хаймулдин Әбен (Хәбділман) мен Қаламқас ананың жанұясында туған екен. Алтынсары десе дегендей, аппақ жүзімен,жібектей есілген мінезімен атына заты сай еді.

Мектептің табалдырығын туған ауылында аттап, сол мектепті бітірген.  Үш қыз бен бір ұлы бар жанұяда өскен Алтыкен анасына көмек беріп шаруаға ерте араласты. Қаламқас ана қыздарын өздерінің  келешектері үшін үй шаруасына ертерек жұмылдырады. Іс тіккізіп, тамақтың түр-түрін пісіртіп, сиыр, бие сауғызып үйретеді. Арасында колхоз жұмысына да жіберіп отырады. Үш қызының үшеуі де қозыларды күтіп-бағуға (сақманға) араласқан.  Үйдің шаруасын ұршықша үйіретін бесаспап қыз, 20 жасында ауылына мұғалім болып келген  Қапсан ағамен отау құрады. Жас отау Карасевкаға көшіп келген соң (оқу бөлімінің сұрауымен) Қапсан аға мектепке математик болып орналасады, ал, Алтыкен тәте әуелде Карасевка орта мектебіне кітапханашы, кейін Қамсақты ауылдық советіне есепші-кассир болады. Зейнетке дейін бір орында істеп, еңбекте жемісті, ұжымында құрметті болып, зейнетке 1988 жылы 50 жасында шықты. Өкініштісі Алтыкен тәте 1995 жылы 56 жасында өмірден өтіп кетті. Қапсан аға мен Алтыкен тәте төрт ұл мен бір қызды дүниеге әкеліп,тәрбиелеп, бәріне жоғары білім берді. Үш ұлды ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиендерге ата-әже атанғанмен, кенже ұлы Рашиттің үйленгенін  Алтыкен тәте көре алмады. Алған келіндері де сайдың тасындай пысық, өздеріне жайлы, ибалы, кісіліктері мол адамдар болды.

«Арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, соңғысы солай жүреді» дегендей үлкен келіні Салима көрсеткен жолмен, кейінгі келіндері де  ата-енені құрметке бөледі. Алтыкен тәте ауырып емханада болғанда Қапсан аға мектепке сабаққа келгенде: – Салимам қаладан сенбі күні келіп, бір жұмаға тамағымды істеп, бір жұма мектепке киетін киімдерімді жуып, үтіктеп, іліп кетеді, – деп келініне ризашылығын білдіріп отыратын. Ағаның Сәлима келініне біздің педагогтар ұжымы риза болушы едік. Алтыкен тәте қайтыс болған соң Қапсан аға зейнетке шыққан уақытта балалары қалаға көшіріп әкетті. Қапсан ағаны  өмірден өткенше Бейбіт баласы мен Гауһар келіні бағып-қағып, атасының ризашылығын алды. Қапсан аға мен Алтыкен тәтенің балалары – әр салада қызмет жасап, еліміздің өркендеуіне атсалысып жүрген азаматтар.  Жылқайдар мен Айман зейнеткерлер болса, Бейбіті әке жолын қуып, Бурабай колледжінде тарих пәнінен сабақ беретін ұстаз, келіншегі  Гауһар да ұстаз, Мерекесі Астанада қызметте, Рашиті Көкшетау қаласындағы «Камаз Инжирингте» бөлім басшысы. Қапсан аға мен Алтыкен тәтені еске алып дұға берейін деп жатқан  барлық балалары мектебіміздің мақтаныш тұтатын түлектері.

Қапсан аға мен Алтыкен тәтенің жатқан жерлері жарық, жайлы, жәннаттан болып, артта қалған ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін! Балаларының  беріп жатқан дұғалары қабыл болсын! Қапсан аға мен Алтыкен тәтенің есімдері ел есінде!

                                            Нұржамила ӘЛІБЕКОВА,
 Қазақстан Республикасының білім саласының  құрметті қызметкері,
«Ерен еңбегі үшін», Ы.Алтынсарин, М.Жұмабаев,
«Айыртау ауданының білім саласының құрметті қызметкері», «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін»,
Айыртау ауданына 90 жыл» медальдарының иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар