Қазыналы қарттарым
Қазақ халқының рухани болмысы мен ұлттық құндылықтарының негізінде ұлтымызда қарияға деген құрмет ерекше орын алады.
«Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген халық даналығы осының айғағы. Қария тек жасы үлкен адам емес, ол өмірлік тәжірибесі мол, даналықтың, сабыр мен парасаттың иесі.
Осындай абзал ақсақал атына лайық деп Бурабай ауданы Кенесары ауылының тұрғыны, жасы сексеннен асқан Қайырхан Ахметжанұлы Ахметжановты айтуға болады. Ол кісі мамандығы бойынша тарих пәнінің мұғалімі. Туып-өскен жері қазіргі Зеренді ауданының Қанай би ауылдық округі, яғни, бұрынғы «Қарабұлақ» совхозының Жамантұз ауылы.
Мектеп бітіргеннен кейін бірден еңбекке араласты. Кейін жоғары оқу орнының тарих факультетін бітіріп, ел жақта, Жамантұз ауылдық мектебінде мұғалім. Игілік, Қарабұлақ мектептерінде директор болып қызмет істеді.
Қайырхан ақсақалдың қай салаға болса да өзіндік қосқан үлесі зор. Мектепте шәкірт тәрбиелеу ісіне, одан тыс қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан, ел сыйлаған ағаларымыздың бірі. Облыстық оқу бөлімінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған, 1991 жылы «Жыл мұғалімі» атағы берілген, тағы да басқа марапаттардың иесі. «Бурабай ауданындағы үздік әкелердің тәрбие тағылымдары» атты кітапта да ол кісінің өнегелі өмір жолы толық көрсетілген.
Бірде Алматыдан Зәки Ахметов бастап келген ғалымдар Көкшетау облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді. Сонда Қайырхан Ахметжанов «Қазақ тіліндегі фонетикалық, лексикалық, морфологиялық және синтаксистік талдаулардың түйткіл мәселелері» туралы баяндама жасайды. Ғалымдар ризашылықтарын білдіріп, сол кездегі Көкшетау облыстық оқу бөлімінің басшысы Тельман Мұқышев орнынан тұрып келіп, «жарайсың!» деп ерекше ілтипатын жеткізеді.
Қайрекең 1987 жылдан бастап 1996 жылға дейін, яғни, зейнет демалысына шыққанша жоғары санатты ұстаз ретінде білім саласында жемісті қызмет атқарды. Ал, сол жылдан бастап 2007 жылға дейін көршілес Игілік ауылындағы төңірекке кеңінен танымал Өзібек Елемесов қарияның ұсынысымен Жамантұз ауылының мешітінде имам болды. Жасы сексеннен асса да, елге қызмет етейін деген талпынысы әлі күнге дейін бәсеңдемеген. Ел ішінде атқарып жүрген халыққа пайдалы тәрбиелік жұмыстары қазір де көп.
Қайырхан ағаның айтуы бойынша имам болуына бір себеп, кезінде институтта араб пәнін оқыған. Оны оқыған адам құран кітабын да оқи алады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Зеренді ауданындағы Қанай биден тараған алты ауылда ел ақсақалдарының арасында өнегелі істер, тәрбиелік мәні бар қоғамдық жұмыстарға араласты.
Қайырхан ағаның тағы бір ерекшелігі өңінде тұр. Аққұба келген, ақ сақалды, өткір көзді, әрбір сөзі мағыналы, сабырлы адам. Ол кісінің бет-бейнесінен, әрбір сөйлеген сөзінен үлкен саналы да салмақты, айтары мол қария екені көрініп тұрады.
Бүгінде әлем түрлі сын-қатерлер мен құндылықтар шайқасына куә болуда. Жаһанданумен ұлттық болмысымыз бен рухани дүниемізге қауіп төндіретін теріс идеологиялар мен ағымдар да көбейіп келеді.
Абай атамыз «Алланың бары да рас, сөзі де рас» деп айтқанындай, осындай алмағайып заманда жастардың бағыт-бағдары айқын болуы үшін Қайырхан сияқты қариялардың сөзіне құлақ түріп, өткенінен өнеге алу ауадай қажет.
Қария – халықтың айнасы. Олармен пікір алмасу – тарихпен, түп-тамырымызбен, дін және ұлтпен байланыс орнату деген сөз. Әр қария егер сол атқа лайық болса, тірі шежіре, тірі мектеп. Жастар олардың қасында отырып, сөзін тыңдап, батасын алып өссе, ертеңгі елдің тізгінін ұстауға лайықты, рухы биік, бірлігі бекем ұрпақ қалыптасады. Қайырхан ақсақал осындай тәрбиелік мәні бар әңгіме, шежіреге бай адам. Бізбен сөз арасында ақсақал өзі куә болған бір әңгімесін айтып берді.
Қайырхан ағамыздың құлын-тайдай тебісіп бірге өскен құрдасы, сол кезде көршілес Қарабұлақ ауылында тұратын елге сыйлы, еңбекқор ағамыз Бапанов Ескендір қайтыс болып, 1990 жылдың сәуір айында сол кісінің асында кешке қарай көп адам жиналады. Арасында Игіліктен Өзібек атамыз, Қарабұлақтың өз ақсақалы Қоңқай балуан және тағы басқа қариялар болған. Ас ішіліп, құран оқылғаннан кейін ақсақалдар әңгімелесіп отырғанда Қоңқай балуан «Жүсіп-Зылиха» қиссасын оқып берсейші деп Өзібек атамызға тілек білдірген екен. Ол кісі кішкене сабырлық сақтап, ыңғайсыз болмас па екен деп жан-жағына қарап отырып қалған. Сол кезде басқа ақсақалдар да Қоңқайды қостап, айт деген соң, қиссаны бастап айта бастайды. Жиналған халық бәрі ұйып тыңдауда. Кешке басталған қиссаны түн ортасына дейін айтқан Өзекең бір мезет тамағын кенеп тоқтайды. Сол кезде Қоңқай балуан қиссаны тоқтаған жерінен әрі қарай іліп әкетіп, таң атқанға дейін оқып аяқтаған екен. Түні бойы шаршамай, қисса тыңдаған жұрт әбден риза болған. Осындай есте сақтау қабілеті жақсы, елге өнеге айтатын ақсақалдардың жақсылығын халыққа жеткізіп қоятын да осы Қайырхан сияқты ақсақалдарымыз.
Осының өзін жақсы тәрбиелік мәні бар бір өнеге деп айтуға болады. Қазіргі уақытта ауылдарда болған жиындарда, соның ішінде осындай бір жағдайларда қисса айтып, елге тәрбиелік мәні бар әңгіме, шежіреге бойлау ұмытылып бара жатқан сияқты. Ондайды жоқтың қасы, тіпті, жоқ деуге болады. Демек, осы мәселені ел арасында қайтадан көтеріп, соған ат салысу үшін қоғамға Қайырхан ағамыз сияқты ақсақалдар керек.
Бұл кісімен біраз уақыт сұбхаттасқанда үлкен бір ғибратты әсер алдық. Егер жақсы тыңдаушысы болса, ағамыздың кейінгі ұрпаққа өнеге болатын әңгімелері әлі де көп екен. Осындай қазыналы қарттарымыз көп болып, солардың жақсы өнегесін алып қалуға ұмтылайық!
Қадырбек ШАҚЫМОВ,
заңгер, еңбек ардагері.
Астана.
![]()

