Ерлікке – тағзым!
9 мамыр – Жеңіс күні «Мәңгілік алау» мемориалдық кешеніне облыс әкімі Марат Ахметжановтан бастап, тыл еңбеккерлері, қоғамдық жұртшылық өкілдері және қала тұрғындары мен қонақтары жиналып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің рухына тағзым етті.
Салтанатты түрде үш мәрте мылтық оғы атылғаннан кейін өңір басшысы гүл шоғын қойып, Отан үшін от кешкен батырларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ, «Жұлдыз» мемориалына, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдиновтің бюсіне және Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің ескерткішіне гүл қойылды. Сол бір сұрапыл соғыста біздің бақытты болашағымыз үшін от кешкен аға ұрпақ өкілдерін еске алуға келген көпшіліктің арасында Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан ардагерлер Қарымсақ Мұқыжанов пен Кәукен Барменовтың немерелері де болды. Астанадан арнайы ат терлетіп келген олар бейбіт күнге жеткізген батыр аталарын мақтан тұтып, Жеңіс күнінің орны өздері үшін айрықша екендігін жеткізді.
– Біз мұнда аталарымыз майданда соғысқандықтан келдік. Екі атамыз да майданда қаза тапты. Бір атамыз 1945 жылдың сәуір айында, жеңіске санаулы күндер қалғанда қаза тапты. Будапешт түбінде жараланып, соңғы хаты сол жақтан келген екен. Содан кейін ол туралы мүлдем хабар болмады, – дейді майдан батырларын еске алуға келген немерелері. – Ал, екінші атамыз Солтүстік-Батыс майданында, Ленинградты қорғауға қатысты. Өкінішке қарай, ол кісі де хабар-ошарсыз кеткендердің тізімінде болды. Тек арада көп жылдар өткен соң, оның қаза тауып, бауырластар зиратына жерленгенін білдік. Ленинград түбінде жерленген атамыз жатқан жерде бүгінде үлкен мемориал бар. Осыдан алты жыл бұрын біз сол жерге атамның кенже ұлы, менің ағаммен бірге барып қайттық. Қазақтың топырағын сонда апарып, ол жақтың да топырағын осында әкелдік. Араға 80 жыл салып, ол зиратта біздің батырымыздың есімі жазулы тұр. Сондықтан, бұл мереке біз үшін өте ыстық, отбасылық мейрам. – Айта кетейік, Қарымсақ Мұқыжанов пен Кәукен Барменовтың есімдері жазылған билборд қаламыздың көшелерінің бірінде ілулі тұр.
Ұлы Отан соғысының барлық майдандарында 90 мыңға жуық ақмолалық шайқасты. Олардың 37 мыңнан астамы ғана елге аман оралды. Батырлар арасында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов, Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев бар.
Ал, облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне биыл 25-30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлемдер берілген. Атап айтқанда, Ленинград блокадасының тұрғыны мен концлагерьлердің сегіз бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқыны, сондай-ақ, бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде мүгедек болған 17 әскери қызметші мен Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысқан 329 адам осы төлемдерді алды.
Сонымен қатар, тұратын ауданына байланысты 1 мыңнан астам тыл еңбеккері мен қаза тапқан жауынгерлердің зайыптары, отбасылары мен майданда шейіт болған 30 мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың зайыптарына 10-нан 25 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомада мемлекеттік қолдау көрсетілген. Осылайша, өңірдің ерлік шежіресіне үлес қосқан 2 мыңнан астам тұрғын мемлекеттік қолдаумен қамтылып отыр.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

