Байқау
Жуырда «Достар» мәдениет сарайының алдында Көкшетау қалалық көркемөнерпаздар байқауының салтанатты ашылуы өтті. Бұл кеш шығармашылықтың жарқын мерекесі іспетті болды. Іс-шараға 5 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында «Ақ кимешек» шеруінің 80 қатысушысы, 12 қолданбалы өнер шебері бар.
Сондай-ақ, А.Мырзахметов атындағы университет пен Ақан сері колледжінің жас қолөнершілері қатысты.
Алғашқы сәттерден-ақ қонақтарды жанды өнердің ерекше әсері баурап алды. Халық шеберлері мен суретшілер қолөнердің өзіндік ерекшелігі мен жылуын сездіретін сәндік-қолданбалы өнер көрмесін ұсынды. Алаңды барабаншылардың нақышты үні жандандырса, оны қазақтың құдіретті күйлерін орындаған домбырашылар ансамблінің асқақ әуені алмастырды, бұл тыңдармандар арасында ұлттық мәдени мұраға деген мақтаныш сезімін оятты.
Іс-шараның ерекше лейтмотиві Ахмет Жұбановтың музыкасына жазылған «Ақ көгершін» әнінің хормен әсерлі орындалуы болды. Биыл көрнекті қазақ композиторы әрі халық әртісінің туғанына 120 жыл толып отыр. Сондықтан, көпшілікке белгілі бұл ән ерекше тебіреніспен қабылданды. Осы бір сәтте ақ көгершіндердің де аспанға қалықтауы бейбітшілік, үміт пен тазалықтың символы ретінде көрермендердің жүрегіне жылы әсер қалдырды.
Байқауға қатысушылар ұмытылмас тұлға Төлеу Сүлейменовтің рухына тағзым етіп, оның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Осы бір ардақты жанның Көкшетау қаласының, әсіресе, оның Элеватор аумағының дамуына қосқан үлесі қала тарихының маңызды бөлігі болып қала береді.
Мерекелік бағдарлама одан әрі «Достар» мәдениет сарайының сахнасында жалғасты. Онда 70 шығармашылық ұжым өнер көрсетті. Бұлар қазақ халық аспаптар оркестрі, әскери үрлемелі оркестр, 22 халық аспаптар ансамблі, 14 би ұжымы, 9 вокалдық және 7 хор ұжымы. Олардың 14-і «Халықтық» және «Үлгілі» құрметті атақтарына ие.
Биылғы байқауға алғаш рет «Достар» мәдениет сарайы жанындағы «Шаңырақ» ардагерлер хоры, қалалық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Көгілдір Көкше» хоры, сондай-ақ, бес барабаншылар ұжымының да қатысқанын айта кету керек.
Барлық қатысушылар жоғары шеберлік деңгейін көрсетті. Әндер мен билер, халық аспаптарында орындалған шығармалар шынайылық пен өнерге деген сүйіспеншілікке толы болды, сол себепті де көрермендерді барынша тәнті етіп, зор қуанышқа бөледі.
Екі сағатқа созылған концерт бір сәтте өте шыққандай әсер қалдырды. Өнерпаздар шеберліктерімен аянбай бөлісіп, бірлік, қуаныш пен шабыт ахуалын қалыптастырды.
Байқаудың жарқын әрі әсерлі мәресі Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің вокалдық ансамблінің орындауындағы «Бақытым сен екенсің, туған жер» әні болды. Бұл туынды туған жерге деген махаббаттың көрінісіне айналып, биылғы көркемөнерпаздар байқауының көкшетаулықтар үшін өте сәтті өткенінің белгісіндей, әр жүректі баурай түсті.
Серік СӘРКЕНҰЛЫ.
Көкшетау қаласы.
![]()

