Рухани алтын көпір

Арқаның кербез сұлу Көкшетауында Халықаралық музейлер күніне арналған «Музей түні – 2026» акциясы биыл да ерекше әсерлі өтті. Облыс орталығында орналасқан қаланың бірнеше музейі бұл күні тұрғындарға есігін айқара ашып, келушілерге тарихқа, өнерге және ұлттық руханиятқа толы мазмұнды бағдарламалар ұсынды.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен «Музей мix: уақыт арқылы саяхат» атты кеш көрермендерді бірнеше дәуірге жетелеген ерекше жобалардың бірі болды.

Музейлер ұйымдастырған мерекелік кешке Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қатысып, жиналған көпшілікті Халықаралық музейлер күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде музейлердің қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, бұл орындардың тек көне жәдігерлер сақталатын мекеме ғана емес, ұлттық тарих пен руханиятты ұрпаққа жеткізетін мәдени орталық екенін атап өтті.

–Құрметті музей қызметкерлері мен қала тұрғындары! Баршаңызды Халықаралық музейлер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Музей халықтың өткенін бүгінмен жалғап тұрған рухани алтын көпір. Осындай тағылымды шаралар арқылы жастар тарихымызды тереңірек танып, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге үйренеді. Бүгінгі кештің мазмұнды әрі ерекше ұйымдастырылуы музей қызметкерлерінің үлкен еңбегінің нәтижесі. Баршаңызға көтеріңкі көңіл күй, шығармашылық табыс және музей саласына деген қызығушылықтың арта беруін тілеймін, – деді Айгүл Сәбитова.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі аумағы бірнеше тақырыптық аймаққа бөлініп, әрқайсысы өзінше безендірілді. Келушілер бір көріністен екіншісіне өтіп, олардың әрқайсынан басқа бір уақыт кеңістігіне енгендей әсер алды. Кешке келген жұрт тек музей аралап қана қоймай, әр дәуірдің тынысын сезініп, шығармашылық жарыстарға қатысып, ерекше әсер мен айырықша көңіл-күйде болды.

Музей түніне келгендердің қарасы көп болды. Ата-анасына ерген балалар, жастар, студенттер, қала қонақтары мен зиялы қауым өкілдері кеш басталмай жатып музей алаңдарына жиналды.

Музей түнінің ашылуы Ақмола облыстық орыс драма театрының актерлерінің театрландырылған қойылымымен басталды. Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған орындардың бірі музей ауласынан орын тепкен қазақ ауылы болды. Бұл жерде киіз үй тігіліп, ұлттық бұйымдар қойылып, қазақтың көне тұрмысы көрсетілді. Домбыра үні естіліп, ұлттық киім киген жастар келген қонақтарды қарсы алды. Қолөнер шеберлері киіз басу, зергерлік бұйым жасау секілді жұмыстарын көрсетіп, келушілерге шеберлік сабақтарын өткізді. Балалар асық ойнап, үлкендер ұлттық дәстүрлер жайлы әңгімелесті.

Кешке келген қала тұрғыны, зейнеткер Күләш Әбдірахманова музей түнінен ерекше әсер алғанын айтып, мұндай шаралардың тәрбиелік маңызы зор екенін жеткізді.

–Бұрын музейге көбіне ресми шаралар кезінде ғана келетінбіз. Ал, бүгінгі кеш мүлде ерекше әсер сыйлады. Әсіресе, бұрынғы ауыл өмірін бейнелеген көріністер көңілімізге жылы тиді. Қазіргі жастар мұндай дүниелерді кітаптан ғана оқиды ғой, ал, бүгін соны көзбен көріп, сезінуге мүмкіндік алды. Немерелерім де мұндағы көрмелерді үлкен қызығушылықпен тамашалап, «әже анау не, мынау не?» деп сұрап жүр. Осындай кештер жастарға тарихты танытып, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге жетелейді деп ойлаймын. Музей қызметкерлеріне осындай әсерлі кеш ұйымдастырғандары үшін үлкен алғыс айтамын, –деді ол.

Ал, «Антиповка» ауылы деп аталған келесі алаң кеңестік кезеңдегі ауыл өмірін бейнеледі. Бұл жер «Любовь и голуби» фильмінің стилінде безендіріліпті. Ағаш орындықтар, ескі радиолар, самауырын мен ауылдың қарапайым көрінісі келген адамдарға балалық шақ пен өткен жылдарды еске түсірді. Мұнда да ескі әндер мен әзіл-қалжыңдар айтылып, көпшілік ерекше көңіл күйге бөленді.

Кештің ең көңілді бөлігі 80-90 жылдардағы дискотека болды. Түрлі-түсті шамдар жанып, сол кезеңнің танымал әндері қойылды. Жастар би билесе, үлкендер өздерінің жастық шағын еске алып, бірге ән шырқады. Би алаңы біраз уақытқа дейін босамады.

Сондай-ақ, музей аумағындағы табиғат әлеміне музей қорындағы жануарлар коллекциясы қойылды. Қызық көруге жиналған үпір-шүпір балалар ағаш арасына орналастырылған Ақмола өңірін мекендейтін қасқыр, үкі, қарсақ, сілеусін секілді жануарлар туралы қызықты мәліметтерге қарық болып, табиғат әлемімен жақынырақ таныса түсті. Бұл бөлім арқылы келушілерге экологияны сақтау мен қоршаған ортаны қорғаудың маңызы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, музей ішіндегі экспозициялық залдар да ерекше безендірілді. Кейбір залдарда театрландырылған қойылымдар, енді бірінде қысқа метражды фильмдер көрсетілді. Кеңестік кезеңдегі инженердің пәтері бейнеленген бұрыш та келушілердің назарын аударды. Ондағы көне теледидар, ескі жиһаздар мен тұрмыстық заттар көпшілікті өткен уақытқа жетелегендей әсер берді.

Кеш барысында «Көкше палитрасы» атты сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылып,  мұнда жергілікті шеберлер мен суретшілер өз жұмыстарын көпшілікке ұсынды. Көрмедегі қолмен жасалған бұйымдар, суреттер мен кәдесыйларлардан келген жұртшылық сатып алып жатты.

Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Ибрагим Иса музей түні шығармашылық адамдары үшін де маңызды екенін атап өтті.

–Өнер мен музей бір-бірінен ажырамайды. Бүгінгі кеште халықтың өнерге деген қызығушылығын анық байқадық. Әсіресе, жастардың суреттерге тоқтап, онда қойылған туындылар жөнінде сұрақ қойып жатқаны қуантты, –деді суретші.

Сонымен қатар, қыш шеберханасы, балаларға арналған аква-грим, тарихи кейіпкерлер мен кино образдарына арналған костюмдер байқауы да кештің көркін аша түсті. Әсіресе, түрлі тарихи кейіпте киінген жастар көпшіліктің назарын аударып, олармен фотосуретке түсушілер қатары көбейді.

Ал, Мәлік Ғабдуллин музейінде ұйымдастырылған «Жәдігерлер шеруі» атты музей түні де көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл кеш батыр, ғалым әрі жазушы Мәлік Ғабдуллиннің өміріне арналды. Қойылымдар арқылы батырдың балалық шағы, соғыс жылдарындағы ерлігі мен шығармашылық жолы көрерменге әсерлі жеткізілді.

Батыр Мәлік атындағы музей ұжымының ұйымдастырған шарасы музей ішінде тігілген киіз үйде бесік тербеткен әженің көрінісімен басталып, содан соң мектептегі жас Мәлік бейнесі, майдан даласындағы батыр Мәлік бейнесімен жалғасты. Әсіресе, соғыс сахнасы көрерменге ерекше әсер қалдырды. Майдан даласында хат жазып отырған Мәлік бейнесі арқылы батырлық пен елге деген сүйіспеншілік кеңінен насихатталды.

Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Мұхамед Қонқаевтың айтуынша, мұндай театрландырылған кештер тарихи тұлғаларды жастар арасына жақындата түседі.

–Қазіргі жас буын тарихты құр кітаптан ғана емес, осындай әсерлі қойылымдар арқылы жақсы қабылдайды. Біз Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолын көрермен жүрегіне жеткізуді мақсат еттік, – деді ол бізбен әңгімелесу барысында.

Сондай-ақ, шарада бірқатар музей қызметкерлеріне музей саласындағы айырықша қызметі үшін облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтпаевтың атынан Алғыс хаттар табысталды. Мерекелік жиын концерттік нөмірлермен толығып, жиналған қауымның ізгі тілегімен жалғасын тапты.

Ал, Көкшедегі тағылымды бір әдеби орта – Әдебиет және өнер музейінде өткен музей түні де ерекше шығармашылық бағдарламалармен ұласып, жиналған көпшілікті бір сәтке болса да, күнделікті күйбең тірліктен арылтқандай әсер берді. Мұнда да қала тұрғындары мен қонақтары, көкшелік зиялы қауым өкілдері жиналып, мазмұнды әңгіме айтылды. Ашық аспан астындағы алаңда әншілер әнін айтып, күйшілер күйін тартып, көкшелік жас ақындар дүркірете өлеңін оқып жатты.

Суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, қонақтар сурет салу мен қолөнер жасау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты.

Кештің маңызды сәті суретші Ибрагим Исаның «Қайсарлық кескіндері» атты жеке шығармашылық көрмесінің ашылуымен жалғасты. Көрмеге қойылған картиналардан ұлттық рух, өмірге деген көзқарас пен қайсарлық анық байқалды. Өнер сүйер қауым суретшімен еркін әңгімелесіп, оның шығармалары туралы тағылымды пікір алмасты.

Жалпылама айтқанда, биылғы «Музей түні» Ақмола жұртшылығына ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бір ғана кеште музей көрермендері өткен тарихпен сырласып, өнермен қауышып, әр дәуірдің өзіндік тынысын сезінуге мүмкіндік алды. Әсіресе, жастар мен балалардың музейге деген қызығушылығы артып, тарихи тұлғалар мен ұлттық құндылықтар жайлы жаңа мәліметтер алуы кештің басты жетістіктерінің бірі болды. Осындай тағылымы мол мәдени шаралар музейдің қоғам өміріндегі маңызын арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақты руханиятқа, мәдениетке және туған тарихын құрметтеуге тәрбиелей түсетіні ақиқат.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар