Бұлбұл үнді Аякөз

Өнердің өз адамы

Көкшетау ежелден ән мен жырдың алтын бесігі, Біржан сал мен Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың ізі қалған қасиетті топырақ. Бүгінде осы киелі өңірдің рухани келбетін асқақтатып, өңір мәдениетінің өрістеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан саналуан таланттар шоғыры бар. Сол шоғырдың ішіндегі шоқтығы биік, жас та болса әнсүйер қауымның ерекше ықыласы мен шынайы сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген өнерпаздың бірі Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының жезтаңдай әншісі Аякөз Қалмағанбетова дер едім.

Сахна деген сұлулық пен талғамның ұштасқан киелі орны десек, Аякөз сол әсемдік пен сұлулықтың нақ өзі. Көрермен оның тек сыңғырлаған күміс дауысына ғана емес, оның сахнадағы өзін-өзі ұстау мәнеріне, нұр тұнған ажарына және биік эстетикалық талғаммен таңдалған сахналық киіміне таң-тамаша болатынын байқап жүрміз. Оның болмысынан төгіліп тұрған көркем мінезі мен лирикалық сопрано дауысындағы сыңғырлаған тау суындай тазалық әнші қыздың сахна үшін жаратылғанын дәлелдеп тұрғандай.

Аякөзді мен осыдан бес-алты жыл бұрын түрлі концерттерден көріп, тылсым сырға толы әсерлі дауысына сүйсіндім. Шіркін, қандай ғажап дауыс иесі деп таң қалдым. Осындай көмейіне бұлбұл ұялаған әншінің біздің облыстық филармонияда еңбек етіп жүргеніне қуандым да.

Жуырда Аякөз Нұрғалиқызымен жақын таныстым. Ол жер шоқтығы Бурабайдың баурайындағы тарихы терең Абылай хан ауылының тумасы екен. Әңгімелесе отырып, әншілік оның қанында барын, өнер нағашыларынан дарығанын білдім.

–Нағашы апамның сыңғырлаған жарқын дауысы көпшілікті сүйсінткен екен. Тіпті, Кәбира апамды Алматыға оқуға да шақырыпты, бірақ оның ата-анасы кішкентайсың деп жібермеген екен. Сол нағашы апам менің кішкентай кезімде ән салып жүргенімді көріп, өзі жетпеген арманына маған жет деп үнемі ақ батасын беріп өтті. Сонымен бірге, менің ата-анам да өнерге жақын, өнерді жанындай сүйетін жандар еді. Өкінішке орай, осыдан 5-6 жыл бұрын асқар тауым – әкем дүниеден озды. Біз отбасында төрт бала болдық, екі әпкем, бір ағам бар. Үйдің кенжесі, еркесі болсам да, әкемнің бауырлары мен анам мені әлі күнге аялап келеді. Менің бүгінде ел алдында жарқырап жүруіме алдымен Жаратқан ием, содан кейін отбасымның қолдауы себепкер, – дейді әнші өткенге көз жүгіртіп.

Көптеген отбасыларында қыз баланың өнер жолын таңдауына үрке қарау үрдісі кездесетіні жасырын емес. Бірақ, Аякөздің бағына орай, оның ата-анасы бала арманының қанатын қайырмай, керісінше, ақ батасын беріп, үнемі демеу болған. Жақындарының ақ тілеулі батасы мен туған жерінің қасиеті жас таланттың болашақ жолын айқындап берген десе болады.

Мектеп қабырғасында жүргенінде ұстазы Шолпан Сатыбайқызы оның дауысынан «Қазақтың ақбаяны» атанған Мәдина Ералиеваның қолтаңбасын көріп, болашағынан үлкен үміт күтетінін де айтыпты.  Сөйтіп, Аякөздің өнер соқпағы жүйелі біліммен де әдіптелді. 2010 жылы Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің «хорды дирижерлау» бөліміне оқуға түсіп, классикалық музыка мен академиялық ән салудың қыр-сырын меңгерді.

–Коллежде «хорды дирижерлау» мамандығы бойынша оқыдым, бірақ төртінші курста оқып жүргенімде, бұл мамандықтың менікі емес екендігін түсіндім. Сол жылы қазақ опера өнерінің жарық жұлдызы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, белгілі әнші Нұржамал Үсенбаева Көкшетауға келіп концерт берді.  Сонда оның өнеріне тәнті болып, мен де вокал әншісі боламын деп бел будым. Оның кітабын, әндері жинақталған дискісін сатып алып, оқуға дайындалдым. 2014 жылы білімімді одан әрі шыңдау мақсатында бас шаһардағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Вокалдық өнер» бөліміне оқуға түстім. Мұнда аты аңызға айналған профессор Роза Тленчиеваның класында тәлім алдым. Менің әнші болып қалыптасуыма осы ұстазымның еңбегі зор. Оның аналық және ұстаздық ақыл-кеңесі маған өмір бойына азық, сондықтан, ол кісіге алғысым шексіз,  –деді Аякөз әңгіме арасында. Ұлағатты ұстаз шәкіртіне тек дауыс техникасын ғана емес, сахнаның киесін, көрерменге деген құрметті және әнді жүрекпен сезінуді үйретіпті.

–Сахнаға шыққан сайын бойымды бір тылсым толқыныс билейді. Оның болғаны дұрыс. Себебі, шығармашылық толқу болмаса, ән жүректен шықпайды. Сахна сонымен киелі, –деп Аякөз репертуар таңдағанда әннің сөзіне, мағынасына көп  мән беретінін де жасырмады.

Жоғары білімді кәсіби маман атанған соң, Аякөз өзге өңірде қалмай, бірден туған өлкесі Көкшетауға оралды. 2018 жылдан бастап Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының белді әншісі ретінде еңбек етіп келеді. Жас маманның талантын танып, оның сахнада жарқырауына жағдай жасап жүрген филармония директоры Нұргүл Ескендірқызына, сондай-ақ ұжымдағы аға буын өкілдеріне, өзінің жанашырларына әншінің айтар алғысы мол.

Бүгінде Аякөздің репертуары өте бай әрі сан алуан. Ол филармония жанындағы барлық оркестрлермен бірдей деңгейде шебер өнер көрсете алатын әмбебап әнші. Оның ән қоржынында қазақтың халық әндері, дәстүрлі және классикалық туындылар, қазақ операларының танымал ариялары, шетелдік классикалық ариялар мен әлем халықтарының романстары бар.

Филармония қабырғасында өткізген сегіз жылдан астам уақыт ішінде Аякөз Нұрғалиқызы тек аймақтық емес, халықаралық және республикалық деңгейдегі ірі байқаулардың биік тұғырларынан көрініп үлгерді. Оның бағындырған белестері сан тарау. Тоқталып өтсек, ол Е.Рахмадиев атындағы І-інші ашық халықаралық байқауында, Н.Тілендиев атындағы халықаралық байқауында, Б.Төлегенованың ІХ халықаралық вокалистер байқауында өнер көрсеткен. Сондай-ақ, «SalveRegina» II-інші ашық вокалистер байқауында жүлделі ІІ-ші орынмен, «Өнер!  Достық!  Бейбітшілік!» атты I-ші ашық республикалық байқауында жүлделі  І-інші орын, ағайынды Әбдінұровтардың  вокалдық шығармаларынан  өткен байқауда  I-інші орын, Ғазиза Жұбанованың  90 жылдығына арналған байқауда І-інші орындарды иеленген. Былтыр ол Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қолынан «Шапағат» сыйлығын алды.

Әңгіме соңына қарай, Аякөзге әдемі, әсерлі дауыс иесі бола тұра неге Алматы немесе Астана қалаларына бармадыңыз деген сауал қойдым.

–Бұл сауалды маған адамдар жиі қояды. Әрине, мәдениеттің қайнаған ошағы, өнердің алтын ордасы Алматы немесе Астанаға баруға болушы еді, бірақ, бүкіл керемет әншілер сол қалаларға кетсе, Көкше секілді осындай өнерді қадірлейтін өңірде кім ән салады? Арқаға да кәсіби, есті әншілер керек қой. Сондықтан, мен өзімнің өнерімді туған жеріммен, туған еліммен байланыстырғым келді, –дейді.

Кейіпкеріміздің «Бүкіл керемет әншілер басқа қалаларға кетсе, Көкше секілді киелі өңірде кім қалады?!» деген сөзінде үлкен азаматтық жауапкершілік пен туған жерге деген перзенттік махаббат жатыр-ау. Нағыз өнерпаздың ұлылығы да осында – атақ-даңқтың соңынан ермей, өз өнерімен өз өлкесінің руханиятын байытуында.

Бұлбұл дауысты Бибігүл Төлегенованың жылы лебізін естіп, атақты дирижер Айтқали Жайымовтың батасын иеленген, әлемдік деңгейдегі маэстро Марат Бисенғалиевпен бір сахнада тоғысқан Аякөз Нұрғалиқызы бүгінде Көкшетау әншілік мектебінің бетке ұстар, шоқтығы биік әншісіне айналды. Көкше аспанында қалықтаған оның әні тек құлақ құрышын қандыратын әуез емес, жүректі емдейтін рухани ем.

Көмейіне бұлбұл ұялаған, жаны да, келбеті де көркем әншіміздің Көкше аспанындағы жұлдызы әркез биікте жарқырап, өнер айдынындағы аққу үні ешқашан үзілмесін! Руханият майталмандарының кәсіби мерекесінде Аягөз секілді сахна саңлағына шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тілейміз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар