Зеренділік өнерпаздардың сырлы ән кеші

Байқау

Өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде екі маңызды оқиға –  Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 35 жылдығына және атақты күйші, композитор Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған халық шығармашылығының облыстық байқауына іріктеу концерті өтті.

Өнер кеші басталар алдында ғимараттың кіреберіс дәлізінде өңір өнерпаздары облыстық қазылар алқасының мүшелері мен  аудан басшылығын, көрермендерді домбыраның әуезді үнімен, әсем әндермен, ал, қазақтың ұлттық киімдерін киген қыздар қымыз, бауырсақпен қарсы алды.

Концерттік бағдарлама жоғары деңгейде өтті. Көрермендер ұзақ қол шапалақтап, қолдау білдірмеген бірде-бір музыкалық нөмір болған жоқ. Кейінірек облыстан келген қонақтар да айтқанындай, қойылымдардың жоғары кәсіби деңгейде орындалғаны көрініп тұрды. Біріккен хор, вокалдық топтар, бишілер, жеке орындаушылар, дуэттер мен триолар, ересектер мен балалар, барлығы өнер биігінен көріне білді. Облыстық комиссияның әр мүшесі өздерінің оң бағасын беріп, көркемөнерпаздарға шығармашылық табыстар тілеп, аудан басшылығына мәдениетке бөлген көңілдері мен көмек-қолдауларына алғыстарын  білдірді. Тиянақты дайындалған нөмірлерге ғана емес, сонымен қатар, түрлі-түсті  сахналық  киімдерге, режиссер  мен  дыбыс операторының жұмысына  да  жоғары  баға  берілді.

Шара  соңында  барлық топтар мен жеке орындаушыларға облыстық байқаудың  лауреаты  дипломдары  табысталды.  Мен  олардың  ешқайсысын бөле-жармай, концерттен алған әсерлеріммен ғана қысқаша ой бөлістім. Өйткені, әр ән, әр би шынымен де жоғары кәсіби  деңгейде  орындалды.

Залдан шыққаннан кейін халық дәліздегі киіз, сүйек, бетон мен жүннен және басқа да материалдардан жасалған әртүрлі қолөнер туындылары қойылған дәстүрлі көрмені тамашалады. Олардың  қатарынан өз басыма Бірлестік жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі  Райымбек  Абдуллаевтың  эко-былғарыдан жасалған  суреттері  ерекше  әсер етті. Оның  жұмысына  қатты  таңғалдым, сондықтан6 суретшінің  өзімен  сөйлесуді жөн көрдім. Райымбек ауданымыздағы аталған ауылда туып-өскен. Мектепті бітіргеннен кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің көркемсурет факультетіне оқуға түскен. Кейін Ташкентте білімін жетілдірген. Қазіргі таңда талантты  жас жігіт  туған ауылындағы  білім ордасында мұғалім болып жұмыс істейді. Оның әр деңгейдегі осындай көрмелерде  жеңімпаз  болып танылуы алғаш  рет  емес. Маған  ұлттық киім киген қазақ сұлуының, сондай-ақ, батыр  жауынгердің суреттері қатты ұнады. Сондай-ақ, дала көшпенділерінің адал серіктері – қазақ  тазысы, жүйрік аттың  суреттері  де  көңілімнен  шықты.

Аталған туындылардың кез келгені мұражайға, мекемеге немесе жеке мекен-жайға лайықты көрік беріп, туған күнге немесе жаңа қоныс иесіне тамаша сыйлық болар еді.

Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының көрмеге қойған әсем сүйектен  жасалған бұйымдары, басқа да заттары көңілімнен шықты. Жалпы алғанда, байқауға қатысушылар тарапынан осы бір өнер мекемесіне алдын ала көлемді, сапалы дайындық жұмыстары  атқарылған.

Қорытындылай келе, концерт те, көрме де байқау тақырыбына толықтай сәйкес келіп, әсерлі шарада Отан, Қазақстан және Зеренді туралы әндер орындалды, халық аспаптарының да сазды үні жүректерді баурай түсті. Осы арада балалар музыка мектебінің жас қобызшылар оркестрін ерекше атап өткім келеді. Жастарымыздың қазақ халқының ең көне аспаптарының бірін меңгеріп жатқаны қандай керемет. Бұл ретте, Гүлнафис Қажығалиева басқаратын хор ұжымы керемет өнер көрсетті. Олардың «Самға қазақ!»  әнін  орындауы көзімізге еріксіз жас үйірді. Хор солисі Диана Байзолла көрермендерді ашық және қуатты дауысымен баурап алды. Қазылар алқасының бір мүшесі атап өткеніндей: «Біз күлдік те, жыладық  та,  толғанысқа толы  сәтті  басымыздан  кешірдік».

Міне, осылайша өнердің мағынасы да, мәні де көрермендерді баурап алу екені осы жолы анық сезілді. Сөз соңында зеренділік өнерпаздар да, ұйымдастырушылар да бұл байқаудағы өз міндеттерін  ойдағыдай  жүзеге асырды  деп  сеніммен айта  аламыз.

Роза  КАРИНА.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар