Қарыз қамытынан құтылудың жолы қандай?

Банкроттық

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің берешегі бар борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Тобыл Демесінов соттан тыс банкроттық процедурасының жүргізілу барысы мен заңнамадағы соңғы өзгерістер туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Бүгінгі таңда бұл процедура тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын азаматтарға арналған. Биылғы жылы бұл сома 6 920 000 теңгені құрайды.

Алайда, бұл жеңілдікті пайдалану үшін борышкердің меншігінде ешқандай мүліктің болмауы, соңғы 12 ай ішінде қарызын өтемеуі және міндетті түрде қарызды реттеу процедураларынан өтуі тиіс. Айта кетерлігі, 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалған несие шарттары бойынша қарызды реттеу талабы жүрмейді. Сонымен қатар, соңғы 6 айда атаулы әлеуметтік көмек алғандар үшін 12 ай бойы төлем жасамау шарты ескерілмейді, ал, берешегі 5 жылдан асқандар үшін жоғарыдағы талаптардың көбі жеңілдетілген.

Өңірдегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытқа дейін облыс бойынша банкроттыққа 16 834 өтініш түскен. Оның ішінде 2496 азамат ресми түрде банкрот деп танылып, олардың 4,2 миллионтеңгеден астам берешегі кешірілді. Дегенмен, өтініштердің басым бөлігіне, яғни, 71 пайызына бас тартылған. Мұның басты себебі – үміткерлердің атында мүліктің болуы немесе соңғы жыл ішінде қарыздың ішінара өтелуі. Ең көп өтініш Көкшетау қаласы мен Целиноград, Аккөл аудандарынан түскен. Маман банкроттық мәртебесін алудың салдары да салмақты екенін ескертеді. Мұндай азаматтарға 5 жыл бойы несие алуға тыйым салынады, ал, олардың мүлік сатып алуы 3 жыл бойы қатаң бақылауда болады. Келесі жолы банкроттыққа тек 7 жылдан кейін ғана жүгінуге мүмкіндік бар.

Ағымдағы жылдың 19 наурызынан бастап заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілгенін де біле жүрген абзал. Ендігі жерде ломбардтар алдындағы қарыз соттан тыс банкроттық кезінде есепке алынбайды. Сондай-ақ, берешегі 1600 АЕК-тен аспайтын және қарызы 5 жылдан бері төленбеген азаматтар үшін процедура мерзімі небәрі 1 айға дейін қысқартылды. Өтініштерді ХҚКО, eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы ешқандай артық құжатсыз тапсыруға болады. Барлық мәліметтер «Tazalau» ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде тексеріледі. Сауалдар туындаған жағдайда азаматтар 72-12-42 телефоны арқылы кеңес ала алады.

Мұнымен қоса, Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Халықтық бухгалтер» акциясының жалғасып жатқанын хабарлайды. 30 маусымға дейін созылатын бұл шара аясында жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдері аптасына екі рет, сейсенбі, бейсенбі күндері Көкшетау қаласы, Назарбаев даңғылы, 21А мекен-жайы бойынша тегін кеңес ала алады. Мұнда кәсіпкерлер бухгалтерлер мен аудиторлар салық есептілігі мен ақпараттық жүйелерде жұмыс істеудің қыр-сыры бойынша ақпаратқа қол жеткізе алады. Сондай-ақ, аудандардың тұрғындары үшін бейнебайланыс және телефон арқылы қашықтан кеңес беру мүмкіндігі де қарастырылған.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар