Ақын ғұмыры ән-жырларымен жалғасады

Тағзым

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында Қазақстанның Еңбек ері, Халық жазушысы, жуырда қалың елі соңғы сапарға шығарып салған көрнекті ақын Мұхтар Шахановтың шығармашылығына арналған концерт болып өтті.

Рухани кеште К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен филармонияның жеке әншілері өнер көрсетіп, тыңдарман қауымға ұмытылмас әдемі кеш сыйлады. Әйгілі қазақ ақынының поэзиясынан үзінділер оқылып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалған концерттік бағдарламаның шымылдығы оркестрдің орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің рухты «Аңсау» күйімен ашылып, экраннан Мұхтар Шахановтың асыл бейнесі көрініс тапқан мұрағаттық таспалар көрсетілді. «Мәдениет саласының үздігі» Руслан Қойшыбаевтың дирижерлығымен  өнер көрсеткен оркестр ұжымы алғашқы сәттен-ақ залды өзіне баурап алды.

Ақиық ақынның сөзіне жазылған, қазақ халқының жүрегінен терең орын алған классикалық туындылар кешті одан әрі әсерлі ете түсті. Аманғали Жұматаевтың орындауындағы «Әке туралы жыр», «Шапағат» мемлекеттік наградасының иегері Аягөз Қалмағанбетова шырқаған «Қуаныш вальсі» және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамиля Жарқымбаеваның нақышына келтіріп орындаған «Кешікпей келем деп ең» әні көрермендерді өткен күннің жылы естеліктеріне жетеледі. Сондай-ақ, сахнада ақынның замандасы, бірегей талант Төлеген Айбергеновтің Мұхтар Шахановқа арнап жазған «Сағыныш» туындысын «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есов баянмен ерекше орындап шықты.

Филармонияның жас әншілері Инара Мұқышева мен Алан Бектеміровтің орындауындағы махаббат пен нәзіктікке толы «Жұбайлар жыры» көрерменнің зор қошеметіне ие болды. Сонымен бірге, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Эльмира Төлеубаеваның  Торғай жері туралы шырқаған «Арқалықтың ақ таңы», Серікболсын Бекмолдиннің орындауындағы «Ақ бантик» әндері де жүректерді тебірентпей қоймады. «Махаббат елі» және «Арыс жағасында», тағы басқа шоқтығы биік туындылар кештің көркін келтіре түсті.

Концертті жүргізген Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі Сәрсенбай Хасенов ақынның «Желтоқсан алаңы» өлеңін оқып, осы тарихи оқиғаға қатысты шығарылған Ә.Тінәлиев пен Ә.Асылбектің «Желтоқсан желі» шығармасын орындады. Бұл әннің осы кеште орындалуы өте орынды еді.

Кеш соңы М.Шаханов пен Ш.Қалдаяқовтың философиялық тереңдікке толы «Өмір-өзен» әнімен мәресіне жетті. Сөйтіп, «Менің ғашық ғасырым» концерті қазақ поэзиясы мен музыкасының алыптарын ұлықтаған, өңір жұртшылығына үлкен рухани азық сыйлаған айтулы кеш болды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар