Бірін бірі ардақтаған қос ұстаз

Мерейлі отбасы

Мектептегі соңғы қоңырау мерекесі жақындап қалды. Үлкен өмірге қадам басатын түлектер үшін бұл – маңызды күн. Жылдар өте келе белгілі бір мамандық иесі атанатын олар білім нәрімен сусындандырған мұғалімдерін қазіргі біз сияқты алғыс сезімімен еске алатыны сөзсіз.

Сондай алғыс айтуға тұрарлық ұлағатты ұстаздардың бірі – бар саналы өмірінің 52 жылын, яғни, жарты ғасырдан астам уақытын бала оқытуға арнаған Хамила Әлбатырова.

Қарағанды қаласында Құлбек ұстаздың шаңырағында Ұлы Отан соғысының басталуына бір айдай уақыт қалғанда дүниеге келген кейіпкеріміз, жақсы жар, ардақты ана, немерелерін әлпештеген әже бұл күндері мерейлі 85 жасқа келіп отыр. Әке жолын қуып, мұғалімдік жолды таңдап, Шортанды, Ақкөл, Сілеті аудандарының мектептері мен Астана қаласының №3 орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Өмірлік серігін де өзі қызмет істеген мектебінен тапты. Кеңес орта мектебіне жұмысқа келгенде жас ұстаз Еркін Дәуешұлымен танысып, «екі жарты – бір бүтін» болды. Қос мұғалім алты перзент өсіріп, ұлды ұяға, қыздарын қияға қондырды. Биылғы күзде отбасы болғандарына бақандай 63 жыл толады. Осы уақыт бойы «әй-шәй» деспей ғұмыр кешіп, ұрпақтарының қызығын көріп отыр.

Жұбайы мұғалімдік қызметі мен мектеп директорлығынан кейін Сілеті аудандық партия комитетінің идеология бөлімін басқарып, Ақкөл аудандық білім бөлімінің басшысы болды. Еркін Дәуешұлын сөзге тартқанымызда ол «Зейнетке шыққанға дейін бес елді мекенде абыройлы қызмет атқарып шықтым. Бұл бір жағынан осыған жағдай жасап, үй шаруасын, бала тәрбиесін толығымен мойнына алған зайыбым Хамила Құлбекқызының арқасы» деді.

Иә, Хамила мұғалім жары үлкен қызметтерде жүргенде өмірлік серігі отбасына алаңдамайтындай жағдай жасады. Бастапқыда баспана мәселесі де болды. Соған да шыдап, тұңғыштары Гүлнәрді өздері әупірімдеп жөндеп алған, терезе-есіктері ескіріп, едені тозуға айналған ескі үйде тұрғандарында дүниеге алып келді.

Қазір «Орта білім беру ұйымдарында сынып жетекшілігі туралы» деп аталатын арнайы ереже бар. Соған сәйкес бұл  қызметтің мақсаты – балалардың жан-жақты дамуын ынталандыру, оқушылардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына жағдай жасау, ата-аналармен немесе басқа да заңды өкілдермен өзара байланыс орнату және оларды оқу мен тәрбие процесіне тарту деп айқындалған. Ал, сынып жетекшісінің міндеттеріне салауатты өмір салтына ынталандыру, азаматтық пен патриотизмге, өз Отанын сүюге, табиғатты қастерлеуге тәрбиелеу, отбасы ара-қатынасын нығайту, үлкендерге құрметпен қарауға тәрбиелеу, сыныпта достық ортаны, өзара түсіністікті құру, білім алушылардың басқаларға деген жауапкершілігін арттырып, ұжымда жұмыс істей білуге ​​баулу, білім алушылардың өмір сүру жағдайларын білу, тағы басқа да мәселелер жатады.

Кеңес заманда да сынып жетекшісіне қойылатын талаптар бұдан артық болмаса, кем болмайтын. Айтпағымыз, Хамила Құлбекқызы осы сынып жетекшілігін жақсы атқара білді. Соның арқасында жұмыс істеген мектептерінде жетекшілік еткен сыныптары түрлі жарыстарда топ жарып жүрді. Хамила мұғалім аудандық партия комитетінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға да араласты. Жалпы алғанда осы мүшелікке екі рет сайланды. Білім саласының үздігі дәрежесіне жетті. Шәкірттерінің арасынан әр салада еңбек етіп, басшылық қызметтерге көтерілген азаматтар шықты. Бұл қатарда энергетик Еркебұлан Тілеулесұлы, мемлекеттік қызметші Марат Еркінұлы, тағы басқаларын атап өтуге болады.

Жоғарыда жазғанымыздай, алты баланы дүниеге әкелген Хамила Құлбекқызы «Күміс алқа» иегері болып табылады. Тұңғыштары Гүлнәр – кәсіпкер, Гүлшат – мемлекеттік қызметші, Динара – полиция полковнигі, Марат – ғылым кандидаты, Әлия – ғылым докторы, Әсем – қаржы саласының маманы. Жұбайы Еркін Дәуешұлы бұл күндері қадірменді қария, білім саласының үздігі, Ақкөл ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері. Бүгіндері екеуі 11 немере 5 шөбере көріп отыр.

Осы отбасы 2019 жылы Астана қаласы бойынша «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, екінші жүлделі орынды иеленді. Бұл жетістіктері де талай жайттан хабар береді деп ойлаймыз. Соның бәрі отбасын айрандай ұйытып отырған Хамила Құлбекқызының арқасы.

                                                                                  Аманғали ҚАЛЖАНОВ.   

 Астана. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар