БІЛІМ
ХХІ ғасыр – білім мен технологияның салтанат құрған дәуірі. Бүгінгі таңда әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан көрінуді мақсат еткен Қазақстан үшін білім саласы айрықша стратегиялық маңызға ие.
Осы жолда заманауи біліммен қаруланған, тілдерге жетік, алған ілімін өмірлік мақсаттарына тиімді жұмсай алатын функционалды сауатты ұрпақ дайындау – қазіргі педагогтардың басты миссиясы болып табылады.
Бүгінгі күннің басты сауалы: «ХХІ ғасырда нені және қалай оқытуымыз қажет?». Бұл сұрақтың жауабы оқушылардың алған білімін болашақта өз өмірінде еркін қолдана білу дағдысымен тікелей байланысты. Функционалды сауаттылық – бұл жай ғана білім емес, бұл заман ағымына бейімделу, жан-жақтылық және өмір бойы оқуға дайын болу деген сөз. Сондықтан, мектеп қабырғасында пәндерді оқытудың жаңаша үлгілері қалыптасып, оқушының жеке тұлға ретінде өз ойын ашық айта білуіне басымдық берілуде. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында бұл мәселе ұлттық тәрбиемен ұштасып, ерекше мәнге ие болады. Себебі, ұстаз – баланың тұлғалық қасиетін қалыптастырушы басты тұлға.
Білім айдыны ақпарат ағынымен қарқынды даму үстінде. Кешегі білімнің бүгін тозатынын ескерсек, ұстаздар қауымына қойылатын талап та жоғары. «Педагог мәртебесі» туралы заңның қабылдануы мұғалім беделін арттырып, сапалы мамандардың «ой жарыстыратын» кезеңі келгенін көрсетті. Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, «Оқыту жігерлі болсын… Жігерлі болу мұғалімнің сүйегіне біткен сипаты». Осы қағиданы ұстанған әрбір ұстаз бүгінде жаңартылған білім мазмұнын зерделеп, сабақ барысында инновациялық технологияларды кеңінен қолдануда. Ыбырай Алтынсариннің «Педагогикалық жұмыстағы шешуші нәрсе – ең жақсы оқыту әдістерін таба білуде» деген сөзі бүгінгі сандық білім беру ресурстары мен инновациялық тәсілдердің маңыздылығын айқындай түседі.
Мен өз іс-тәжірибемде оқушылардың қызығушылығын арттырып, сабақты шығармашылық алаңға айналдыру үшін «Сингапурлық оқыту» әдіс-тәсілдерін ұлттық құндылықтармен байланыстыра отырып қолданып келемін. Мәселен, 7-сыныптағы Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы негізінде өткен «Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас» тақырыбындағы сабағым осының айқын дәлелі. Сабақ барысында «Ұшу-Қону» әдісі арқылы үй тапсырмасын сергіту сәтімен ұштастырып тексерсек, «Сағат Дос» әдісімен топтық жұмысты жандандырдық. «Аралас-жұптас-бөліс» тәсілі оқушылардың коммуникативтік дағдысын дамытып, өз ойын еркін бөлісуге мүмкіндік берді. Ал, «Сабақтың жеті құндылығы» атты жеке жұмыс кезеңінде оқушылар шығарманың тарихи және көркемдік құндылығын қазіргі өмірмен байланыстыра отырып, ой қорытты.
Бүгінде электронды оқулықтар мен ұялы телефон қосымшаларын тиімді пайдалану – заман талабы. Чек-листтер мен сандық ресурстар арқылы қазақ әдебиетіндегі күрделі ережелер мен көркемдегіш сөздерді баланың санасына оңай сіңіруге болады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, мұғалімдер шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай «нағыз ағартушы» болуға тиіс.
Қорыта айтқанда, ұстаздың рөлі мектеппен шектелмейді. Жаңашыл идеяларға ашық, бәсекеге қабілетті және рухани адамгершілігі мол мұғалім ғана нағыз тұлғаны тәрбиелей алады. «Ұрпақ болашағы – ұстаздан» десек, біздің басты міндетіміз – білімді ұлттық құндылықтармен сусындатып, функционалды сауатты, парасатты ұрпақ қалыптастыру. Адамның адамшылығы басталған ұлы жолда сапалы білім мен саналы тәрбие беру – ұлт ұстаздарының мәңгілік мұраты болып қала бермек.
Болат ПЕСТИФАЛЬ,
білім бөлімінің Қоянды ауылы мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Целиноград ауданы.
![]()

