1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні
Биыл елімізде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары қайта құрылып, өз жұмысын жандандыра бастады. Бұл өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен жарқын болашағына деген мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі іспетті.
Себебі, бүгінгі қоғамда балалардың құқығын қорғау, олардың алаңсыз білім алып, қауіпсіз ортада тәрбиеленуі аса маңызды мәселелердің біріне айналып отыр.
Осы ретте, жуырда ғана өз жұмысын бастаған Ақмола облысы балалар құқықтарын қорғау басқармасы балалардың мүддесін қорғау жүйесін нығайтуға, олардың өмірі мен денсаулығына қатысты мәселелерге жедел әрі тиімді қолдау көрсетуге бағытталған кешенді жұмыстарды қолға алуда. Соңғы жылдары буллинг, кибербуллинг, зорлық-зомбылық, отбасылық қолайсыздық, жетім және өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мәселесі жиі көтеріліп, бұл бағыттағы жұмысты жүйелі ұйымдастырудың маңызы арта түсті.
Осыған байланысты туындап отырған өзекті мәселелердің алдын алу және оларды болдырмау мақсатында құрылған басқарма жұмысының негізгі мақсаты әр баланың құқығының сақталуына бақылау жүргізіп қана қоймай, алдын алу жұмыстарын күшейту болып табалады.
Бала құқығын қорғау тек бір мекеменің ғана міндеті емес. Бұл мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан, басқарма жұмысы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен, білім беру ұйымдарымен, құқық қорғау құрылымдарымен және азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жүзеге асырылуда. Ең бастысы, әр баланың өзін қауіпсіз сезінуі мемлекет пен ата-ана не жақындарының қамқорлығында тарықпай өсуі оның заңды мүддесінің және қандай жағдай болмасын қолдау таба алуы маңызды.
Қазіргі таңда балалардың психологиялық қауіпсіздігі ерекше назар аударуды қажет етеді. Әсіресе, мектептер мен әлеуметтік желілердегі буллинг, қатарластары арасындағы жанжалдар, психологиялық қысым көрсету жағдайлары балалардың эмоционалдық жай-күйіне елеулі әсер етуде. Мұндай мәселелердің туындауына ересектердің құқықтық сауатының жеткіліксіздігі, отбасындағы түсініспеушіліктер, балалардың интернет кеңістігін бақылаусыз пайдалануы және психологиялық қолдаудың аздығы себеп болып отыр.
Бүгінде балалар тек физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да қорғалуы тиіс. Кейде бала өз мәселесін ашық айта алмай, ішкі күйзелісті жалғыз өткереді. Сондықтан, мұндайда мектеп психологтарының, педагогтердің, ата-аналардың және тұтас қоғамның рөлі ерекше. Әр бала өзін түсінетін, тыңдайтын әрі қолдайтын ортада өсуі қажет.
Қазіргі уақытта басқармаға ата-аналар мен балалардан түрлі мәселелер бойынша өтініштер түсуде. Атап айтқанда, буллинг, отбасындағы қарым-қатынас, ата-аналардың ажырасуы кезіндегі баланың психологиялық жай-күйі, инклюзивті білім беру, мектептегі тамақтану сапасы, балаларды тасымалдау, ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мәселелері мен мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығы жиі көтеріледі. Сонымен қатар, балалардың өздері де әділетсіздікке тап болған жағдайда немесе психологиялық қолдау қажет еткен кезде мамандар көмегіне жүгінуде.
Балалардың өз мәселесін ашық айтуы қоғам үшін маңызды әрі оң өзгеріс болып табылады. Ең бастысы олардың сенімін ақтап, дер кезінде көмек көрсете білсек, ол біздің үлкен жетістігіміз. Себебі, уақытында берілген қолдау баланың тағдырына, болашағына үлкен әсер етеді.
Бүгінде Ақмола облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасы бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, құқық қорғау органдарымен, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларымен, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс жүргізуде.
Қазіргі таңда кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия, 20 аудандық және қалалық комиссия, сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайдағы отбасылар мен балаларды ерте анықтау бойынша мобильді ведомствоаралық топтар жұмыс істейді.
Жыл басынан бері облыстық комиссияның екі отырысы, аудандық және қалалық комиссиялардың 216 отырысы өткізілді. Онда 340 мәселе қаралып, 64 отбасы өмірлік қиын жағдай санатына жатқызылды. Сонымен қатар, 97 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 16 адам жұмыспен қамтылды, 95 адамға демеушілік көмек көрсетілді, төрт адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді, 19 отбасы сүйемелдеу орталығына жолданды.
Облыста 18 жасқа дейін барлығы 226 мыңнан астам бала бар, оның 140 мыңнан астамы мектеп оқушылары болып табылады. Қазіргі таңда 618 мектепішілік есепте, 134 полиция есебінде тұрған жасөспірім бар. Сондай-ақ, 712 әлеуметтік қауіпті отбасындағы 970 бала тәлімгерлік бақылауда есепте тұр.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында әр жасөспірімге тәлімгерлер бекітілген. Алдын ала жүргізген жұмыстар нәтижесінде Бурабай және Целиноград аудандарында бірнеше оқушы есептен шығарылып, оң өзгерістерге қол жеткізілді.
Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында дебаттар, прокурор сағаттары, сот процестерінің үлгілік отырыстары және түрлі танымдық іс-шаралар өткізілуде.
Облыс прокуратурасымен бірлескен «Жас ұрпақ» қозғалысына 7363 бала тартылған. Суицидтің алдын алу, психологиялық сүйемелдеу, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйесін күшейту бағытында да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Облыстағы психологиялық қолдау орталықтары 318 білім беру ұйымына әдістемелік көмек көрсетіп, 46 мыңнан астам оқушы мен 5 мыңнан астам студентті сүйемелдеуге алды.
Сонымен қатар, жасанды интеллектге негізделген бейнебақылау жүйелері кезең-кезеңімен енгізілуде. Сонымен қатар, балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бастамасымен туындайтын сұрақтарға уақытылы құқықтық, медициналық, педагогикалық және психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ, жағдайды талдау және балалар құқықтары туралы ақпаратты тарату мақсатында облыстық «Aqmola Qorgay Kids» Telegram-чаты құрылды.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында 2026-2030 жылдарға арналған өңірлік жоспар бекітіліп, оған 17 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу жоспарлануда. Алдағы уақытта ауылдық жерлерде үйірмелер, спорт кешендері, балабақшалар мен балалар орталықтары ашылмақ.
2026 жылғы жазғы демалыс кезеңінде 135 мыңнан астам бала лагерьлер, секциялар және түрлі демалыс орталықтарымен қамтылатын болады.
Құқық бұзушылықтардың, буллингтің, суицидтің және қараусыздықтың алдын алу мақсатында аталған санаттағы әрбір бала ұйымдастырылған жазғы жұмыспен қамтылып, ведомствоаралық сүйемелдеуде болады. Профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдер білім беру-сауықтыру лагерлері мен демалыс орталықтарына, «Жасыл ел» еңбек жасақтарына, уақытша жұмыспен қамтуға, спорт секциялары мен аула клубтарына, әскери-патриоттық клубтар мен басқа да іс-шараларға, волонтерлік, әлеуметтік және мәдени жобаларға тартылатын болады.
Жазғы кезеңде балалардың жұмыспен қамтылуы мен оған қатысуына ата-аналар қоғамдастығы мен үкіметтік емес ұйымдардың, полиция, денсаулық сақтау органдары және жергілікті әкімдіктердің өкілдерінің қатысуымен күнделікті мониторинг жүргізілу жоспарлануда.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау біздің атқарып жатқан жұмыстарымыздың негізгі басымдықтары бола бермек.
Алдағы уақытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар одан әрі күшейтіледі. Әсіресе, ерте алдын алу тетіктерін жетілдіру, мектептердегі психологиялық қолдау қызметін дамыту, ата-аналармен жұмысты жүйелеу және балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру басты назарда болмақ. Біз бірде-бір баланың тағдырына бейжай қарамауымыз керек. Баланың қауіпсіздігі мен құқығы қоғамның дамуы мен ел болашағының маңызды көрсеткіші. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі әрі үздіксіз жалғаса береді.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында әр баланың балалық шағы бақытқа, мейірім мен қамқорлыққа толы болса екен деген тілек айтқым келеді. Балалар өздерін еркін әрі қауіпсіз сезініп, армандарына сеніммен қадам басса екен деймін. Өйткені, бала бақыты ел болашағының кепілі екені даусыз. Бақытты әрі қауіпсіз ортада өскен ұрпақ қана мемлекетіміздің жарқын болашағын қалыптастырады.
Ботагөз ДҮЙСЕНОВА,
Ақмола облысы балалар құқықтарын
қорғау басқармасының басшысы.
![]()

