31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Мемлекеттік мекемелердің міндетті жұмыстарының бірі пайдаланушылардың мүддесі үшін құжаттық мұрағатты сақтауды жүзеге асыратын іс-шаралар болып табылады.
Көпшіліктің көзіне бұл мұрағаттар жертөлелерде шаң басқан құжаттар үлкен сұр папкаларда сақталатын, іш пыстыратын сөрелер сияқты елестейді. Бір қарағанда солай сияқты. Алайда, мұрағаттық материалға үңілген сәтте ондаған жылдар бұрынғы оқиғалардың еріксіз куәгеріне немесе қатысушысына айналасың.
Осындай елеулі орындардың бірі – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің Ақмола облысы бойынша мұрағаты. Мұрағат қызметкерлерінің басты міндеті сақтауға берілген құжаттардың тұтастығын қамтамасыз ету және олардың сақталуына кепілдік беру екендігі түсінікті. Міне, департамент мұрағатында адамдардың тағдырлары жазылған бірегей құжаттар сақталуда. Бұл құжаттар жаппай сталиндік қуғын-сүргін жылдарында елден қуылып, туған жерлерінен көшіріліп, Қазақстанға жер аударылған азаматтардың тағдырынан сыр шертеді.
Тарихи деректер Қазақстан аумағына басқа халықтардың жаппай қоныс аударуы саяси қуғын-сүргін жылдарында басталғанын айғақтайды. Қоныс аударушылардың алғашқы легі өткен ғасырдың 1929-1930 жылдарына келді. Олар ұжымдастыру кезеңінде КСРО ХКК мен БОАК-тың «Өлкелік, облыстық атқару комитеттері мен автономиялық республикалар үкіметтеріне кулактарды аудандардан көшіру құқығын беру туралы» қаулысының негізінде Қазақстан мен Сібірге жер аударылған, «кулак» деп аталған ауқатты шаруалар еді.
Келесі толқын 1936 жылы КСРО ХКК-нің «поляк ұлтының адамдарын Украин КСР-інен көшіру туралы» қаулысының негізінде жер аударылған поляк азаматтары болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанға Кеңес Одағының әртүрлі өңірлерінен неміс ұлтының өкілдері жаппай еріксіз қоныс аударды. 1941 жылы КСРО ХКК мен БКП(б) ОК-нің «Еділ бойындағы бұрынғы неміс АКСР-інен, Саратов және Сталинград облыстарынан неміс ұлтының азаматтарын көшіру туралы» қаулысы қабылданып, кейін Мәскеу, Куйбышев, Ростов, Ворошиловград, Сталин, Ленинград облыстарынан, сондай-ақ, Краснодар және Орджоникидзе өлкелерінен немістер көшірілді. Қазақстанда тұрып жатқан немістер де арнайы есепке алынды.
Олардың тағдырлары өзге де көптеген халықтар сияқты, қазақ жерімен тығыз байланысты болды. Қоныс аударудың ең ауқымды кезеңдерінің бірі – 1944 жылғы оқиғалар. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы негізінде Солтүстік Кавказдан шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, Қырымнан қырым татарлары, армяндар, болгарлар, гректер; Грузиядан түріктер, хемшилдер, күрдтер көшірілді. Мыңдаған адамдар туған жерінен жырақта қалды.
Тек Ақмола облысының өзінде 467 арнайы комендатура жұмыс істеп, онда 98 530 қоныс аударушы есепте тұрды. Олардың ішінде 58 964 неміс, 3 780 поляк, Солтүстік Кавказдан 22 824 отбасы, 288 грек отбасы, Молдавиядан 665 отбасы, 7 176 кулак, 3 776 жер аударылған және ерекше кеңес Үкімімен сотталған 1057 адам болды.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Жарлыққа қол қойған күнінен бері 33 жыл өтті. Бұл заңда «саяси қуғын-сүргін» ұғымына нақты анықтама берілген. Ол мемлекеттік органдар немесе олардың атынан әрекет еткен лауазымды тұлғалардың саяси себептермен жүзеге асырған мәжбүрлеу шаралары. Өмірінен немесе бостандығынан айыру, қамауға алу, мәжбүрлі емдеу үшін психиатриялық мекемелерге орналастыру, елден шығару, азаматтықтан айыру, тұрғылықты жерінен шығару, жер аудару немесе көшіру, арнайы қонысқа жіберу, бостандықты шектеу арқылы еңбек армияларында, НКВД жұмыс колонналарында мәжбүрлі еңбекке тарту, саяси көзқарастары, таптық, әлеуметтік, ұлттық, діни немесе өзге де белгілері бойынша сотта, соттан тыс немесе әкімшілік тәртіппен әлеуметтік қауіпті адамдар деп тану, осының бәрі кеңінен қолданылды.
Бүгінгі таңда ақтау деп сот немесе заңмен белгіленген өзге тәртіпте саяси қуғын-сүргін құрбанын сол саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп тану, оның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, келтірілген моральдық немесе материалдық залалды өтеу түсіндіріледі. Құрбандар деп бұрынғы КСРО аумағында тікелей қудалауға ұшыраған және қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары болып табылатын адамдар танылады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әрекет еткен армияның әскери трибуналдары айыптаған, әскери қызметке шақырылғаннан кейін Қазақстаннан тыс жерлерде қуғын-сүргінге ұшыраған, орталық одақтық органдардың шешімдері бойынша да осындай зардап шеккен, сондай-ақ, 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан адамдар да осындай санатқа жатқызылады.
Қазіргі уақытта өңірде арнайы қоныста болған адамдарға қатысты барлық материалдар Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатына тапсырылған. Бұл – 38 417 жеке іс. Заң қабылданғаннан бері көп жыл өтсе де, адамдар өздерінің туған-туыстары мен жақындарын ақтау үшін мұрағаттық мәліметтерге жүгінуді жалғастырып келеді. Біздің қызметкерлер Комитеттің ақпараттық деректер базалары негізінде қажетті мәліметтерді іздеп, мұрағаттық анықтама береді. Бұл анықтама тұлғаны саяси қуғын-сүргін құрбаны немесе одан зардап шеккен деп тануға негіз болады. Ол үшін прокуратураға, облыс мұрағатына өтінішпен жүгініп, мұрағаттық анықтама және жеке басты куәландыратын құжаттарды ұсыну қажет. Соның негізінде ақтау туралы анықтама беріледі.
Арнайы қоныста болған адамдардың балалары үшін заңда бөлек тәртіп қарастырылған. Олар «саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер» санатына жатады. Бұған ата-анасымен бірге айдауда, арнайы қоныста болған, қуғын-сүргін салдарынан 18 жасқа толмаған күйі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатқызылады.
Айта кету керек, 1940 жылдан кейін туған, арнайы есепте тұрмаған, бірақ, ата-анасымен бірге арнайы қоныста болған адамдар туралы мұрағатта жеке мәліметтер сақталмауы мүмкін. Сондықтан, сұрау салу кезінде ата-анасының толық анкеталық деректерін көрсету қажет. Мұрағаттық анықтама солардың атына беріледі және онда олардың балаларымен бірге тұрғаны көрсетіледі.
Кейде департамент архивінде сұралып отырған мәліметтер болмайды. Мысалы, 1930-1935 жылдардағы жаппай ұжымдастыру кезеңінде кейбір деректер жойылған. Арнайы қоныстанушылардың жеке істері қандай да бір себептермен 1955 жылы жойылғаны белгілі болып отыр. Сондай-ақ, Қиыр Шығыстан қоныс аударған корей ұлты өкілдері туралы мәліметтер толық сақталмаған.
Алайда, тиісті заңның 20-бабына сәйкес, құжаттық деректер болмаған жағдайда, туыстарының қуғын-сүргінге байланысты мәжбүрлі қоныс аудару фактісі тұрғылықты жері бойынша сот тәртібімен анықталуы мүмкін.
Тағы бір қиындық туғызатын жағдай, қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты құжаттардың бәрі біздің мұрағатта сақталмайды. Көкшетау облысы 1997 жылы қайта ұйымдастырылғаннан кейін барлық құжаттар Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департамент мұрағатына берілді. Сондықтан, кейбір қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы деректер сол жерде қалып қойған. Құжаттарды бөлу мүмкін болмады. Себебі, кәртішкеде нақты ауданы көрсетілмей, тек облыс қана көрсетілген.
Осының салдарынан Көкшетау облысында арнайы қоныста болған азаматтарға анықтама алу үшін Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департамент мұрағатына жүгіну қажет.
Қорытындылай келе, мұрағат тек құжаттар сақтайтын орын ғана емес, өткеннің сырын ашатын, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге мүмкіндік беретін маңызды мекеме деп білуіміз керек.
Міне, осы мекемелерде кезінде тағдырдың тәлкегімен саяси қуғын-сүргінге ұшырап, бастарынан ауыр кезеңдерді өткізген талай азаматтар шындыққа қол жеткізіп, ақталып жатыр.
Айгүл НИТАЛИЕВА,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика
және арнайы есепке алу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің аға прокуроры,
кіші әділет кеңесшісі.
Сурет egemen.kz сайтынан.
![]()

