Үкіметтің қолдауымен биыл да бітік өнімнен үміт мол

Министр сапары

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ақмола облысында жұмыс сапарымен болып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысу мақсатында Зеренді ауданының егістік алқаптарын аралады және сүтті мал шаруашылығы бағытындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуына назар аударды. Министрдің сапарында облыс әкімі Марат Ахметжанов бірге болды.

Диқандармен кездесу барысында ведомство басшысы мемлекет тарапынан егіс науқанын уақытылы өткізу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Ақмола облысы еліміздің бас аграрлық өңірінің бірі ретінде өткен жылы жеті жарым миллион тонна астық жинап, республика бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген болатын. Сала басшысы биыл да агротехникалық талаптарды сақтай отырып, бұдан да мол өнім алуға толық мүмкіндік бар екенін жеткізді. Айта кетейік, биыл елімізде көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын қолдау үшін 750 миллиард теңге жеңілдетілген несие қарастырылған.

Ақмола облысының ауыл шаруашылығы саласында соңғы екі жыл ішінде рекордтық көрсеткіштер мен айтулы нәтижелер тіркелді. Дегенмен, алдағы уақытта мал шаруашылығын өркендету мен өнімді тереңдетіп қайта өңдеу ісіне басымдық берілуі тиіс. Бұл экономикалық көрсеткіштер ғана емес, ең алдымен, ауыл халқын тұрақты жұмыспен қамтудың негізгі тетігі болып табылады. Осы тұрғыда мемлекеттік қолдау мен жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігі бір арнада тоғысуы маңызды.

Қазіргі таңда аймақта ірі қара мал басын көбейту мен өндіріс көлемін арттыру бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Қайта өңдеу саласында қосымша құн салығын жасау арқылы жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген. Оған қоса, инфрақұрылымды жақсарту, яғни, сапалы жол салу, жарық тарту және баспана мәселесін шешу алдыңғы орынға шықты.

– Әрбір ұсынысымыз қолдау тауып жатыр. Президент екі жыл қатарынан форум өткізді. Оған бізден екі жүзден астам шаруа қожалықтары барып, қандай өзгерістер болып жатқанын тікелей Президенттің өз аузынан естіді. Екі жыл қатарынан сіздердің бүкіл қажырлы еңбектеріңіз де бағалануда. Қанша тапсырыстарыңыз бар, соншама орындап жатырмыз, – деп облыс әкімі Марат Ахметжанов Ақмоланың ауыл шаруашылығына Мемлекет басшысының да жылы шырай танытып отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар, облыс әкімі шаруашылық басшыларының нарық экономикасына сай, өнімнің өзіндік құнын ескере отырып, мемлекеттік қолдаудың маңызын түсінуі қажеттігіне тоқталды.

Ақмола облысындағы ірі шаруашылықтар тек өндіріспен ғана шектеліп қалмай, өздері орналасқан ауылдарды көркейтуге де үлкен үлес қосып келеді. Олар ауыл ішіне жол төсеп, жарықтандыру жүйелерін жаңартып, өз жұмысшылары үшін заманауи тұрғын үйлер тұрғызу арқылы жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытып отыр.

Өңірдегі мемлекеттік орган басшылары мен корпорация жетекшілерінің жұмыс стилін өзгерту талап етілді. Бұдан былай шенеуніктер кабинетте отырмай, шаруашылықтарды тікелей аралап, нақты жағдайды көзбен көруі тиіс. Шаруалардың бейнеті мен маңдай терінің өтеуін түсініп, оларға дер кезінде қолдау көрсету – басты міндет.

Мемлекет басшысының экономиканы түбегейлі өзгерту жөніндегі бастамалары аясында жергілікті билік халықтың сұранысына жедел жауап беру тетіктерін іске қосуда. Ал, бұл процестердің заңды әрі әділетті өтуін прокуратура мен даму корпорациялары тұрақты түрде қолдап, бақылау жүргізеді.

Үкімет тарапынан аграрлық секторға көрсетіліп жатқан бұрын-соңды болмаған қаржылай көмек пен қолайлы несиелендіру тетіктері өңірлердегі науқандық жұмыстарды айтарлықтай жеделдетті. Биыл отандық ауыл шаруашылығы саласына Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың ауқымы ерекше. Республика бойынша көктемгі егіс және жиын-терін жұмыстарына жеңілдетілген несие ретінде 740 миллиард теңге қаржы бөлінген. Сала мамандарының пікірінше, бұл бағдарламаның басты артықшылығы сыйақы мөлшерлемесінің небәрі 5 пайызды құрауында ғана емес, мемлекеттің несие кепілдігінің 85 пайызын өз мойнына алуында болып отыр. Мұндай қолайлы мүмкіндік фермерлерге кепілдік мүлкінің жетіспеушілігі мәселесін айналып өтуге толық жол ашты.

Осы және өзге де мүмкіндіктер жөнінде Зеренді ауданындағы «Қараөзек» агрофирмасының жетекшісі Нартай Ысқақов өз пікірін білдірді.

– Қолма-қол қаражаттың уақытылы әрі қолжетімді болуы шаруашылықтарға сапалы тұқым, қажетті минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағар майды тікелей өндірушілерден делдалдарсыз, тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді. Бұған дейін қаржы тапшылығынан химиялық тыңайтқыштарды мерзімін ұзарту арқылы қарызға алып, үстеме баға төлейтін шаруалар енді нарықта өз талаптарын қоя алатын деңгейге жетті. Бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнын төмендетуге әрі жалпы табыстылықты арттыруға тікелей әсер етпек. Шаруашылықтың жалпы егіс алқабы 8400 гектарды құрайды. Нарықтағы сұраныс пен өнімділік ерекшеліктерін ескере отырып, биыл зығыр дақылына 2350 гектар, жасымыққа 2150 гектар және рапсқа 800 гектар жер бөлінген. Сондай-ақ, алқаптардың қалған бөлігіне дәстүрлі арпа мен бидай дақылдары егілді. Қазіргі таңда агрофирмадағы дала жұмыстарының 80 пайызы толық аяқталып, шаруашылық басшылығы алдағы үш күн ішінде егіс науқанын толығымен бітіруді жоспарлап отыр. Бұл ретте, техникалық жабдықталудың жоғары деңгейі де өз жемісін беруде. Айта кетсек, өткен жылы кәсіпорын өндірісті жаңғырту аясында 800 миллион теңге қаражат жұмсап, әлемдік жетекші брендтердің заманауи тракторлары мен жоғары өнімді комбайндарын сатып алған болатын, – деді ол.

Дегенмен, қолдаумен қатар, күзгі өнімді өткізу және несиені қайтару кезеңіндегі нарықтық тәуекелдер шаруаларды қазірден бастап толғандыра бастады. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, шаруалар алған жеңілдетілген несиелерінің жартысын, яғни, республика бойынша шамамен 375 миллиард теңгені қараша айының соңына дейін мемлекетке қайтаруы тиіс. Егер күзде барлық ауыл шаруашылығы өндірушілері несиелік міндеттемелерін уақытылы жабу үшін жиналған астықты жаппай және бір уақытта нарыққа шығаратын болса, ұсыныстың шамадан тыс артуы салдарынан ішкі бағаның күрт төмендеп кету қаупі жоғары. Мұндай жағдайды сыртқы ірі сатып алушылар мен трейдерлер өз пайдасына жаратып, өнімді тым арзан бағаға сатып алуға тырысатыны анық.

Тығырықтан шығудың тиімді жолы ретінде тарихи тәжірибеге сүйене отырып, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» арқылы нарықта астықты тікелей сатып алу интервенциясын жүргізу ұсынылады. Мемлекет тарапынан әділ нарықтық бағамен астық сатып алу тетігінің енгізілуі бағаның демпингке ұшырамауына кепілдік болып, фермерлердің еңбегін шығыннан арашалап қалмақ. Осыған байланысты, корпорация тарапынан ішкі нарықты тұрақтандыру үшін өнімді кепілді нарықтық бағамен тікелей сатып алу тетігін іске қосу бойынша ұсыныстар жолданбақ. Ал, егін жинау науқаны басталғанға дейін қолда бар техникалық парк пен астық сақтау қоймаларының дайындығын алдын ала қамтамасыз ету басты назарда болады.

Министр мен аймақ басшысы өңірдегі жұмыс сапары аясында «Сейвори» брендімен жоғары сапалы жемшөп қоспаларын шығаратын «UNICORN FEED LIMITED» зауытына да ат басын бұрды. Кәсіпорынның ерекшелігі, оның заманауи еуропалық технологиялармен жабдықталуында. Мұнда құрама жем өнеркәсібі саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Данияның «SKIOLD» компаниясының құрылғылары орнатылған.

Зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен экспорттық бағыты туралы сатып алу және логистика бөлімінің басшысы Гүлмира Теміржан айтып берді.

– Кәсіпорын осыдан екі жыл бұрын салынып, жұмысымызды 2025 жылдың желтоқсан айында ресми түрде бастадық. Қазіргі таңда біз Қазақстан шекарасынан шығып, Өзбекстанға құрама жем мен балық азығын экспорттай бастадық. Мұнда бройлер балапандарынан бастап, шошқа шаруашылығына және басқа да жануарларға арналған құрама жемнің барлық түрлері шығарылады. Өндіріс көлеміне тоқталатын болсақ, зауыт сағатына 18 тонна өнім шығаруға қауқарлы Бұл жылына 120 мың тонна шикізатты қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кәсіпорын аумағындағы аккредиттелген зертхана келіп түсетін шикізат пен дайын өнімнің сапасын жедел тексеруге кепілдік береді, – деді ол.

Тұтастай алғанда, биылғы көктемгі егіс науқаны ауқымды мемлекеттік қолдаудың арқасында жоғары ұйымдасқан деңгейде өтуде. Дала жұмыстарының сапалы атқарылуы болашақта мол өнімге берік негіз қалайды. Ендігі кезекте ауа райының қолайлылығы ғана емес, Үкіметтің күзде астық бағасын реттеу саясатына дер кезінде және батыл араласуы маңызды рөл атқармақ. Сонда ғана отандық агросектор өзінің экономикалық тиімділігі мен тұрақтылығын толық дәлелдей алады.

 Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар