Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру – еліміздің басты стратегиялық бағыттарының бірі. Бұл орайда әрбір оқу жылы өзіндік белестерімен, жаңашыл реформаларымен және қол жеткізген жетістіктерімен ерекшеленеді.
Бүгінде Ақмола өңірінің білім беру саласы заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект тетіктерін енгізуде алдыңғы қатардан көрініп, инфрақұрылымды дамыту мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жүйелі нәтижелер көрсетіп отыр.
Ақмола облысының білім беру саласы үшін 2025–2026 оқу жылы табысты аяқталып, жаңа серпінмен қорытындылануда. Өңірдегі мектепке дейінгі тәрбиеден бастап, кәсіптік білім беру жүйесіне дейінгі ауқымды жұмыстар, оқушылар мен ұстаздардың халықаралық деңгейдегі жетістіктері және алдағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағыты бүгінгі күннің басты назарында. Осы орайда, облыстық білім беру саласының негізгі көрсеткіштері мен алдағы жоспарларын жүйелеп ұсынып отырмыз.
Облыс аумағында бүгінгі таңда 38 017 тәрбиеленушіні қамтитын 595 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істеп тұр. Оның 283-і балабақша, 312-сі мектепке дейінгі шағын орталық. Жыл басынан бері өңірде балабақшалардағы орын тапшылығын азайту мақсатында 347 жаңа орын ашылды. Нақтырақ айтсақ, 322 орындық 7 жаңа мектепке дейінгі ұйым іске қосылса, 1 жекеменшік ұйым 25 орынға кеңейтілді.
Ағымдағы оқу жылында облыстың 523 мектебінде 1-11 сынып аралығында 140 559 оқушы оқу жылын аяқтады. 25 мамырда барлық мектептерде дәстүрлі «Соңғы қоңырау» іс-шарасы өтіп, «Білімім – Отаныма!» атты республикалық біртұтас тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Биыл негізгі білім базасын аяқтап жатқан 9-сынып түлектерінің саны 12 877 оқушыны құрайды. Ал, 11-сыныпты аяқтап жатқан түлектер саны 6 683. Олардың 441-і немесе 6,5 пайызы «Алтын белгіге», 495-і немесе 7,4 пайызы үздік аттестатқа үміткерлер.
9 және 11 сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік аттестаттау 29 мамыр мен 15 шілде аралығында өтеді, ал, 11-сынып түлектеріне арналған Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады. 9 сыныпты аяқтаушылар математика, ана тілі, мемлекеттік тілде оқитындар қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, орыс тілінде оқитындар орыс тілі мен орыс әдебиеті және таңдау пәнінен жазбаша емтихандар тапсырса, мектеп бітіруші түлектер Қазақстан тарихы, алгебра және талдау бастамалары, оқу тіліне қарай мемлекеттік тілде оқитындар қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, орыс тілінде оқитындар орыс тілі мен орыс әдебиеті және таңдау пәні бойынша мемлекеттік емтихандар тапсырады.
Облыста техникалық және кәсіптік білім беруді 27 колледж жүзеге асыруда. Бұл білім ордаларында 18 890 студент оқып жатса, олардың 84 пайызы немесе 15 826-сы тегін білім алуда. Биыл бұл оқу орындарын 6 233 студент бітіреді, оның 5 мыңнан астамы алдын ала жұмыспен қамтылған. Колледждерде оқу жылы 30 маусымда аяқталады, ал, мемлекеттік аттестаттау 10-27 маусым аралығында өтеді.
Жоғары сапалы кадр даярлау мақсатында өңірдегі 759 кәсіпорынмен әлеуметтік әріптестік орнатылған. Оның ішінде 24 колледжде дуальды оқыту жүйесі енгізіліп, бұл бағытта 5 897 студент білім алуда. Сондай-ақ, кәсіпорындардың нақты сұранысы бойынша 2 мыңнан астам студент мақсатты мемлекеттік тапсырыспен оқытылып жатыр.
Бұл күндері түлектер үлкен өмірге қадам басса, мектеп қабырғасында болашақ бірінші сынып оқушыларын қабылдау науқаны басталады. Биыл бірінші сыныпқа 12 148 бала қабылданады деп болжануда. Өткен жылмен салыстырсақ, былтырғы оқу жылында 14 000 оқушы қабылданған болатын.
Пилоттық жоба аясында құжаттарды қабылдау 10 маусымда басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Ата-аналар құжаттарды egov.kz порталы арқылы немесе мектептердегі «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары» арқылы тапсыра алады.
Өңірде жаңа білім ошақтарының құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Қосшы қаласында жалпы құны 10,5 миллиард теңгені құрайтын заманауи үлгідегі 1 500 орындық мектептің құрылысы қолға алынды. Сонымен қатар, ағымдағы оқу жылында 1548 орынға арналған 5 жаңа мектеп, айтқанда Жарқайың ауданының Бірсуат, Целиноград ауданының Жаңа жол ауылдарындағы жаңа мектептер, Көкшетау қаласындағы №10 мектеп пен Білім-инновация лицейі, Бестөбе кентіндегі жаңа мектеп есігін айқара ашты. Сонымен бірге, Көкшетау қаласында аутизмге шалдыққан балаларды қолдауға арналған тұңғыш орталық жұмысын бастады.
Жыл сайын облыс аумағындағы білім ошақтарында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл күрделі жөндеуге 5,1 миллиард теңге бағытталып, 8 ірі жоба іске асырылады. Атап айтқанда, Аршалы ауданының Ижевское ауылындағы, Ерейментау ауданының Еркіншілік ауылындағы, Жақсы ауданының Жаңа Қима ауылындағы Г.Әбдірахманов атындағы, Бұланды ауданының №1, Степногорск қаласының №1, Көкшетау қаласының №16 жалпы білім беретін мектептері мен Бурабай ауданының Зеленый бор кентіндегі «Жұлдыз» облыстық мектеп-интернатына, сонымен бірге, Астана қаласындағы №2 «Дарын» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Ағымдағы жөндеу 61 білім беру нысанына жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл бағытта 1 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылды.
Облыстың барлық 523 мектебі кең жолақты интернетке қосылған. Оның 166-сы – Starlink жерсеріктік жүйесі арқылы, ал, 369-ы талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. 2026 жылғы 12 мамырдағы Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу басталды. 2026-2029 жылдарға арналған Кешенді жоспар аясында еліміздегі шағын жинақты мектептердің 500-ге жуығы пилоттық жобамен қамтылады. Оған қоса, облыстың 326 мектебінде аппараттық-бағдарламалық кешен, 181 мектепте «Бизнес-әмиян» жүйесі және қосымша білім берудің 79 ұйымында заманауи биометриялық «Alaqan» жүйесі енгізілген.
Ақмолалық оқушылар биылғы оқу жылы барысында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Облыстың 3 533 оқушысы түрлі деңгейдегі додаларға қатысып, 1 408 марапатқа, оның ішінде 260 алтын, 434 күміс, 714 қола медаль, 290 грамота иеленді. Республикалық және халықаралық деңгейде 193 медаль – 33 алтын, 61 күміс, 99 қола қоржынға түсті. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында өткен XVII Еуразия математикалық бағыттағы олимпиадасында облыс оқушылары жоғары нәтиже көрсетті. Байқауға біздің өңірден қатысқан 7 оқушының төртеуі жүлделі бірінші орынға ие болып, үш оқушы қола медаль иеленіп оралды. Сонымен қатар, Болгарияның Шумен қаласында өткен IX Еуропалық жасөспірімдер информатика олимпиадасында қазақстандық жас бағдарламашылар ел намысын тағы да абыроймен қорғады. Әлемнің 24 елінен 100-ден астам үздік жас бағдарламашы қатысқан беделді додада Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Көкшетау қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушылары Нұрәлі Шаймерден мен Мұғжан Дінмұхаммед қола медаль иеленіп, Ақмола өңірінің мерейін үстем етті. Сондай-ақ, республикалық ауыл мектептерінің олимпиадасында жаратылыстану бағытында Ақмола облысы командалық ІІ орынды, ал, қоғамдық-гуманитарлық бағытта командалық ІІІ орынды иеленіп, «Үздік олимпиадалық команда – 2025» атанды. Облыста WorldSkills қозғалысы да серпінді дамуда. Оныншы республикалық чемпионатта облыс командасы 2-ші жалпы командалық орынды иеленді. Қытайда өткен халықаралық Brics Skills чемпионатында көкшетаулық студент Ильяс Гатин «Жасанды интеллект» номинациясы бойынша алтын медаль жеңіп алды.
Тәрбие бағытында «Адал азамат» бағдарламасы аясында 101 шығармашылық және спорттық шара өтіп, онымен 20 мың бала қамтылды. Прокуратураның бастамасымен құрылған «Жас ұрпақ» қозғалысына 7000-нан астам оқушы тартылып, құқық бұзушылық пен буллингтің алдын алу мақсатында жүздеген шаралар өткізді. Шығармашылық байқауларда облыс қоржынына 121 халықаралық және республикалық марапаттар түсті. Сондай-ақ, педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыру бойынша да жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2025–2026 оқу жылында облыс педагогтары «Алтын тұғыр», «Дарынды балаларға талантты мұғалім», «Жаңа мектепке – заманауи мұғалім» және «Мектепке дейінгі ұйымның әдіскері» республикалық конкурстарында жүлделі орындарға ие болды. Алты педагогтың әдістемелік жұмыстары республикалық оқу-әдістемелік кеңестің оң қорытындысын алып, еліміз бойынша таратуға ұсынылды.
Оқу жылы осылайша сәтті аяқталып, балалардың жазғы демалысы мен сауықтырылуына да көңіл бөлетін кез келді. Алдымызда тұрған осы жауапты кезеңде болжамды көрсеткіштер бойынша биылғы жазда 1–10 сыныптардың 115 мың оқушысы мәнді демалыспен және сауықтырумен, сондай-ақ, жұмыспен қамтудың түрлі нысандарымен қамтылады.
Өңірде ағымдағы жазғы маусымда қала сыртындағы 13 лагерь балаларды қабылдайды деп жоспарлануда. Бұл ретте, әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше назар аударылады. «Жалпыға міндетті білім беру» қорының қаражаты есебінен қала сыртындағы лагерлерде 1 798 бала тегін сауықтырылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 155 миллион теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда облыстың барлық аудандары мен қалалары өздеріне тиесілі осы жолдамалар жөнінде келісім-шарттарға толық қол қойды.
Ақмола облысының білім беру саласы сапалы инфрақұрылым құру, жаңа технологияларды енгізу және өскелең ұрпаққа саналы тәрбие беру арқылы заман талабына сай даму жолында нық қадам басып келеді.
Айнагүл БАЛТАШЕВА,
Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы.
![]()

