Өнердің алтын ұясы
Музыка – адам жанын ізгілікке баурап, рухани кемелдікке жетелейтін құдіретті күш. Көкшетау қаласының мәдени шежіресінде өзіндік өшпес ізі бар, талай тарланды тәрбиелеп ұшырған киелі шаңырақ – біздің балалар музыка мектебі. Оның кешегісі мен бүгіні әрі мақтанарлық, әрі тағылым аларлық өзіндік бір шежіре.
Біздің мектептің тарихы сонау 1920 жылдың 5 ақпанынан бастау алады. Уездік халық ағарту бөлімінің шешімімен алғаш рет ішекті, үрлемелі аспаптар, рояль және ән айту сыныптары ашылғанда, бұл қала өміріндегі үлкен жаңалық болды. Сол кездегі Берзина, Яхина, Панкина, Никифорова, Ливанова, Успенский және Орэль секілді алғашқы ұстаздар мен Омбыдан шақырылған педагогтардың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Қиын-қыстау кезең болса да, өнерге деген құштарлық жоғары еді. Тіпті қала тұрғындары өздеріндегі музыкалық аспаптарды мектеп игілігіне тапсырып, есепке алдырған.
Мұрағатта сақталған М.Беляеваның гитарасын, А.Верниковскийдің «қуана беремін» деп ұсынған виолончелі мен флейтасын сипаттайтын өтініштері өнерге деген шексіз құрметтің айқын дәлелі. Мұғалім мен аспап тапшылығына қарамастан, 1920 жылдың 16 ақпанында мектеп ресми ашылып, алғашқы 180 оқушыны қабылдады. Кейінірек, 1951 жылы мектептің екінші тынысы ашылып, облыстық атқару комитетінің шешімімен жетіжылдық білім беру жүйесіне көшті. Мағзұм Манасов бастаған ұжым Е. Вильде мен Н. Мехенина сияқты ұстаздармен бірге білім ордасының іргесін бекітті.
Ұзақ жылдар бойы жеке ғимараты болмаған мектеп тек 1974 жылы 600 оқушыға арналған жаңа мекеніне қоныс аударды. Содан бері бұл қара шаңырақтан 3500-ден астам түлек қанат қақты.
Біздің шәкірттеріміз бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ өнерінің мәртебесін асқақтатып жүр. Вена консерваториясының профессоры Наталья Мизюк, өнертану кандидаты Гүлсім Байтенова, Франция операсының солисі Анар Хасенова, сондай-ақ, Лариса Пономарева, Дина Қабикеева, Руслан Баймурзин сынды көптеген майталмандар біздің мақтанышымыз. Олардың табысы – ұстаздар қауымының қажырлы еңбегінің жемісі.
Бүгінгі таңда мектебімізде 59 білікті педагог қызмет етеді. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының үздік білім қызметкерлері» анықтамалығына енген Мәдениет қайраткері Надежда Глазунова секілді тәжірибелі мамандардың орны бөлек. Біз жас мамандарды қолдауға ерекше көңіл бөлеміз, оларға тәжірибелі тәлімгер бекітіліп, шеберлік сабақтары мен ашық дәрістер арқылы кәсіби өсуіне жағдай жасаймыз.
Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2026 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша 612 оқушы фортепиано, домбыра, жетіген, қобыз, баян, қыл-қобыз, прима-қобыз, флейта, кларнет, саксофон, скрипка, вокал, соқпалы аспаптар, шертер, труба, аккордеон және сазсырнай секілді 18-ге жуық бағыт бойынша білім алуда. Оқушыларымыздың негізгі жасы 6 мен 9 жас аралығын құрайды. Әсіресе, 2023-2026 жылдар аралығында шәкірттеріміздің халықаралық және республикалық байқауларда Гран-при мен жүлделі орындарды иеленуі біз үшін үлкен мәртебе.
Біз тек білім беріп қана қоймай, қаламыздың мәдени өміріне белсене араласамыз. Облыстық филармония және мәдениет колледжімен бірлескен жобаларымыз, тұрақты өтетін концерттеріміз бен фестивальдеріміз жас таланттардың шыңдалуына зор мүмкіндік береді. Әрине, алдымызда шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Мектеп аспаптарын жаңартуды әр үш жыл сайын кезең-кезеңімен жүргізіп келеміз. Алдағы уақытта 250 орындық концерт залымызды заманауи дыбыс жазу студиясымен толықтырып, цифрлық кабинеттер ашуды, ғимаратты жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, қазір мектеп ғимараты толықтай өз еншімізде. Бұл бізге білім мен өнерімізді алға апаруға мол мүмкіндік туғызуда.
Музыка баланың ойлау қабілетін ұштап, есте сақтауын жақсартады, бойына тәртіп пен жауапкершілікті ұялатады. Біздің негізгі мақсатымыз – заманауи талаптарға сай, бәсекеге қабілетті білім ордасына айнала отырып, әр баланың бойындағы табиғи талантты ашу. Біз әрбір шәкіртіміздің сапалы музыкалық білім алып, өнер әлемінде өз орнын тапқанын қалаймыз. Өйткені, өнерлі ұрпақ – ұлттың болашағы.
Осы арада ата-аналар қаперіне салатынымыз, біздің есігіміз музыканы сүйетін, өнерге ынтызар әрбір бүлдіршін үшін әрдайым ашық!
Сандуғаш ШАКУБАЕВА,
Көкшетау қалалық балалар музыка мектебі директорының міндетін атқарушы,
Суреттер музыка мектебінің архивінен алынды.
![]()

