Жылы жүздесу
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай, таяуда «Қоғамдық келісім» мекемесіндебелгілі ақын Алмас Ахметбекұлымен кездесу болып өтті.
Кеш қонағы елдік пен рухтың символына айналып,әрбір қазақтың жүрегінен орын алған «Көк тудың желбірегені» өлеңінің авторыәрімәдениет қайраткері, «Асыл сөз» республикалық әдебиет сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері ретінде көпшілікке танымал қаламгерлердің бірі. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, қала тұрғындары мен жастар қатысты. Әнін Ермұрат Зейіпхан жазған бұл шығарма қазір көпшілік ортада жиі шырқалып, кең тараған туындылардың бірі саналатыны көпшілікке мәлім. Осы ретте:
– Кез келген ұлттың ең үлкен бақыты дербес мемлекет атану болса, ол бақыт қазақта бар. Абай хакім де «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» демеп пе еді, – дей келе, ақын ә дегеннен Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгіров сынды Алаш арыстарының қанатты сөздерімен жиналған жұрттың көңіл саңылауына терең ой сала білді.
Шараны жүргізген Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев мемлекеттік рәміздердің маңызы мен мәніне кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде Ту, Елтаңба және Әнұранның ел егемендігі мен бірлігінің айнымас символы екенін ерекше атап өтті.
Сөзін әрі жалғаған Алмас Ахметбекұлы өзінің шығармашылық жолы, ұлттық құндылықтар, тәуелсіздік идеясы және Отанға деген сүйіспеншілік туралы тереңнен толғап, ой бөлісті. Ақынның әсерлі де мағыналы әңгімесі қатысушыларға ерекше рухани серпін беріп, ғибраты мол болды.
Сондай-ақ, жиында Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қабдуәли Құлышев және дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов сөз сөйлеп, елдік рух пен ұлттық мұраны сақтаудың маңыздылығын тілге тиек етті.Еркін түрде жалғасқан кездесуде жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ақынмен ашық пікір алмасты. Кеш соңында қатысушылар рухани кездесудің жоғары деңгейде өткенін бағалап, ұйымдастырушылар мен ақынға шынайы алғыстарын білдірді.
– Мемлекеттік рәміздер күніне арналған осындай тағылымды кездесуге қатысып жатырмыз. Осы орайда, әрбір азамат өз Отанына үлкен құрметпен қарауға тиіс деп есептеймін. Біз мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлесімізді қосуымыз керек. Оқу орнымызда әр дүйсенбі сайын Әнұранымыз шырқалып жүргендіктен, Гимнімізді жатқа білеміз, – деп өз пікірін білдірді Көкшетау жоғары медициналық колледжінің студенті Дәрия Оралбек.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған бұл басқосу елдік рухты асқақтатып, ұлттық құндылықтарды дәріптеген мазмұнды да тағылымды шара ретінде есте қалды. Оны кеш қонағының:
– Мемлекеттік рәміздер дегенімізмемлекеттің, оның тәуелсіздігі мен болашағының, халқының бірлігі мен рухының бейнесі. Бұл – еңсе. Еңсе тіктеу деген сөз тұғырлы болу деген сөз. Бұл жай ғана жеңіл-желпі дүние емес, ұлттың, оның қуаттылығының үні. «Менің Қазақстаным»атауы осы қасиетті жерге деген елдік үлкен таным. Ал, рәміздерге келетін болсақ, бұл Қазақстан Республикасының әрбір азаматы үшін отансүйгіштік сезімнің ерекше белгісі саналады.Қазақстанның туы – жаңа заманның туы. Онда жаңалықтар, бүгінгі ұрпақтың көңіліне ұнамды дүниелер бар. Табиғи түрдегі жаңа нәрсе ұтады. Ашық аспан түстес символикалық белгілер біздің Туымызды ғана емес, ұлтымызды да айрықшалап тұр, – деген сөзі де растайды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

