Музей жәдігері
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен тарихи мұрасын сақтау – бүгінгі ұрпақтың басты парыздарының бірі. Осы міндетті жүзеге асыруда музейлердің атқаратын қызметі ерекше.
Өйткені, музей қорында сақталған әрбір жәдігер өткен дәуірдің нақты айғағы, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымынан сыр шертетін маңызды дерек көзі. Музей тек заттар жиынтығы ғана емес, ол уақыт пен ұрпақ арасын жалғайтын рухани кеңістік, тағылым мен тәрбие ордасы.
Қазақ халқының бай мұрасын тереңірек тануда тарихи-өлкетану музейлерінің орны айрықша. Сондай елеулі орындардың бірі – Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі. Бұл музейде сақталған жәдігерлер арқылы халқымыздың өткені, салт-дәстүрі, күнделікті өмірі туралы нақты түсінік алуға болады. Мұндағы әрбір экспонат белгілі бір кезеңнің болмысын бейнелеп, сол дәуірдің өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді. Музей қорындағы ерекше мәнге ие заттардың бірі – қамшы. Көпшілік оны тек ат айдайтын, оның жүрісін жылдамдататын құрал ретінде қабылдауы мүмкін. Алайда, қазақ қоғамында қамшының мағынасы әлдеқайда терең. Ол – билік пен тәртіптің белгісі, яғни, тәрбиелік құрал, кей жағдайда ескерту мен ишараның да қызметін атқарған. Сөзбен жеткізуге келмейтін ойды ишарамен білдіру дәстүрінде қамшының өзіндік орны болған. Мәселен, ертеректе құда түсу рәсімінде жігіт жағының өкілі қамшысын төрге іліп кететін болған. Бұл – ниеттің белгісі. Егер қандай да бір себеппен келісім бұзылса, қамшы иесіне қайтарылған. Ал, үйге келген адамның қамшысын қайда қойып, қалай ұстағанына қарап, оның қандай мақсатпен келгенін аңғаруға болатын. Қамшыны сыртта қалдырмай, үйге алып кіру – дауласуға келгенді білдірсе, ортаға тастау бітімге шақырудың нышаны саналған.
Қамшы жасау да өзіндік шеберлікті талап ететін күрделі өнер. Ол көбіне иленген теріден өріліп, сабы ағаштан, сүйектен немесе мүйізден дайындалады. Өрімнің саны мен сапасы, сабының материалы мен безендірілуі оның иесінің әлеуметтік мәртебесін де аңғартқан. Таспалар саны көбейген сайын қамшының өрімі жіңішкеріп, көркемдігі арта түседі. Осы арқылы шебердің қолтаңбасы да айқын көрінеді.
Қамшының түрлері де сан алуан. Мысалы, дойыр, дырау, тағы басқа да қамшылар болады. Олардың атауы қолданылу мақсатына қарай қалыптасқан. Айталық, салт атпен жүруге арналған жеңіл қамшылар бар болса, аңшылыққа немесе күш көрсетуге арналған түрлері де болған. Кейбір қамшылар күнделікті тұрмыста пайдаланылса, енді бірі салт-жоралғыларда ерекше орын алған.
Біздің Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында өткен ғасырдың басы мен ортасына жататын жиырмадан астам қамшы сақталған. Олардың басым бөлігі шаруашылықта қолданылғанымен, арасында ерекше үлгілері де кездеседі. Мәселен, бәйгеде қолданылған қамшының сабы қысқалау әрі ыңғайлы болса, аңшылыққа арналған түрлері ұзын әрі берік болып келеді. Сонымен қатар, бірнеше таспадан өрілген шыбыртқы қамшылар да бар. Кейбір үлгілерінің сабы киіктің не еліктің аяғынан жасалып, өзіндік ерекшелігімен баурайды.
Қамшы көптеген бөліктерден тұрады, олардың әрқайсысының өз атауы мен қызметі бар. Әсіресе, ертеден саптың жасалуына ерекше мән берілген. Ол үшін көбіне тобылғы ағашы пайдаланылған. Тобылғының беріктігі мен табиғи қызыл реңі қамшыға эстетикалық көрік береді. Осындай сапалы қамшыны ұстау ер азаматтың абыройын арттырып, беделін көрсетіп отырған.
Қазақ тұрмысында қамшы тек шаруашылық құралы ғана емес, қажет болған жағдайда қару ретінде де қолданылған. Кейбір түрлерінің өріміне металл қосылып, ұшы ауырлатылған. Мұндай қамшылардың күші айтарлықтай болғаны жөнінде халық арасында ежелден түрлі әңгімелер сақталған.
Қамшыны қолданудың да ғасырлар бойы өзіндік әдебі қалыптасқанын айта кетуіміз керек. Оны оң қолмен ұстау, бүктеп жүру қалыпты жағдай. Ал, өрімін салбыратып ұстау әдепсіздікке баланған. Бағыт көрсету кезінде де саусақпен емес, қамшымен ишара жасау дәстүрі болған. Қамшыны сыйлау – ерекше құрметтің белгісі. Оны біреуге бергенде де, тікелей қолға ұстатпай, белгілі бір ырыммен берген.
Халық арасында қамшыгерлік өнер де кең тараған. Шебер, ыңғайы бар адамдар қамшыны тек тұрмыстық құрал ретінде емес, шеберлік пен күштің көрінісі, айбары ретінде де пайдаланған. Ұл баланы алғаш рет атқа мінгізу рәсімінде оның қолына тізгінмен бірге қамшы ұстату ер жетудің нышаны ретінде қабылданған.
Осылайша, жайшылықта қарапайым, жай бір ат қамшылау құралы болып көрінетін қамшы қазақ халқының өмірінде көп қырлы қызмет атқарған. Осының бәрінен туатын қорытынды, қамшы тұрмыс құралы ғана емес, мәдениет, дәстүр, тәрбие және рухани құндылықтардың жиынтығы. Бүгінде біздің музей қорында сақталған осындай жәдігерлер арқылы біз өткенімізді тереңірек түсініп, ұлттық болмысымызды жақсы айқындай аламыз.
Бикеш БЕГАЛИНА,
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің
ғылыми-әдістемелік бөлімінің қызметкері.
![]()

