Үкілі үміт
Жуырда жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Зеренді курорттық аймағының «Сұңқар» орталығында №6 мектеп-лицейінің оқу үздіктері мен белсенділерінің IV слеті өтті.
Бұл – оқу жылының қорытындысы шығарылып, білім, ғылым, спорт және шығармашылық салада жетістікке жеткен оқушылар марапатталатын мектептің басты форумы.
Биылғы слет Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналды. Іс-шара барысында 6-11 сыныптардан 58 оқушы «Мектеп мақтанышы» медалімен және мақтау қағаздарымен марапатталды. 11 сынып түлегі Татьяна Головина «Жыл оқушысы» атты хрусталь кубокқа ие болды. Татьяна – орыс тілі пәні бойынша республикалық олимпиаданың бірінші орын иегері. Ол слет делегаттарына арнап ізгі тілегін де білдірді.
Көкшетау қаласының құрметті азаматы Т.Ахметованың арнайы бағалы сыйлығы мектеп парламентінің президенті, 10 сынып оқушысы Айдана Арыстанға табысталды. Оның жетекшілігімен мектеп парламенті қалалық оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымдары байқауында күміс жүлдегер атанды. Шахмат турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, 7 сынып оқушысы Тимур Ерденев №6 мектеп-лицейінің директоры Гүлнәр Абдықасымованың қолынан жолға арналған шахмат жиынтығын сыйлыққа алды.
11 сынып түлегі, оқу озаты Артем Рей мен Айдана Арыстан слет делегаттарының барлық мектеп оқушыларына арналған үндеуін екі тілде оқып берді. Форум барысында кәсіби бағдар беруші Төлеген Булкин оқушылармен Қазақстан тарихы бойынша қызықты викторина өткізді. Сонымен қатар, 9 «А» сынып оқушылары тамаша би өнерін көрсетті.
Ресми бөлім мен түскі астан кейін оқушыларды жүзу жарыстары, волейбол сайысы, шахмат турнирі, көңілді дискотека, орман ішіндегі серуен және тақырыптық тортпен шай ішуден тұратын спорттық-сауықтыру бағдарламасы күтіп тұрды.
Мәдина ҚАДЫРБЕК,
Көкшетау қаласындағы №6 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
![]()

