Ұстаздық жолын туған ауылынан бастаған жас маман

Мәдениет ауылының тумасы Серікбай Дильназ Ғабитқызы – туған жерінің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген жас ұстаздардың бірі.

Ол 2003 жылы Мәдениет ауылында дүниеге келіп, осы ауылдағы мектепте білім алды. Мектеп қабырғасынан бастап білімге құштарлығымен, жауапкершілігімен ерекшеленген Дильназ Ғабитқызы болашақ мамандығын ұстаздықпен байланыстырды.

2021–2025 жылдар аралығында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде білім алып, «Қазақ тілі мен Әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын тәмамдады. Университет қабырғасында жүріп теориялық білімін жетілдіріп қана қоймай, ұстаздық қызметтің қыр-сырын меңгеріп, шығармашылық және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысты.

2025 жылдың қыркүйек айынан бастап еңбек жолын туған ауылындағы жалпы орта білім беретін мектепте Қазақ тілі мен Әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастады. Жас маманға сенім білдіріліп, сынып жетекшілік міндеті де жүктелді. Қысқа уақыт ішінде ол өзін білімді, ізденімпаз, әрі оқушылармен тіл табыса білетін мұғалім ретінде көрсете білді.

2025–2026 оқу жылы барысында Дильназ Ғабитқызы Қазақ тілі мен Әдебиеті пәні бойынша аудандық және облыстық байқауларға қатысып, жүлделі жетістіктерге қол жеткізді. Бұл оның өз мамандығына деген сүйіспеншілігін, кәсіби біліктілігін және үздіксіз ізденісін айқын көрсетеді.

Бүгінде жас ұстаз білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге еңбек етіп келеді.

Туған мектебіне қайта оралып, шәкірт тәрбиелеу жолында қызмет атқаруы — үлкен мақтаныш, әрі кейінгі жас буынға үлгі боларлық іс.

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар