Көкшетауда қоғам қайраткері, мәдениет жанашыры және ағартушы Мұрат Ыдырысұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Абылай хан және ұлттық бірегейлік» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында өткен айтулы шараға Қазақстан мен Өзбекстанның белгілі тарихшы ғалымдары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференция басталмас бұрын қонақтар филармония фойесінде Көкшетау қаласының тарихы музейі ұйымдастырған арнайы көрмемен танысты. Мұнда Мұрат қажы Ыдырысұлының өмірі мен шығармашылығына және «Абылай ханның қара жолы» тарихи-танымдық экспедициясына арналған материалдар мен фотосуреттер ұсынылды.
Конференцияның ашылуында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова сөз сөйлеп, мерейтой иесінің өңір мәдениеті мен рухани өміріндегі айрықша орнына тоқталды.
– Мұрат қажы Ыдырысұлы тәуелсіздік жылдарында ұлттық мәдениетті жаңғыртуға, тарихи сананы қалыптастыруға зор үлес қосқан азаматтардың бірі. Оның бастамасымен жүзеге асқан көптеген мәдени жобалар бүгінде ел игілігіне айналды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау жолындағы еңбегі кейінгі буын үшін үлгі болып қала береді, – деген облыс әкімінің орынбасары аймақ басшысы Марат Ахметжановтың атынан Мұрат қажы Ыдырысұлына құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Сонымен қатар, халықаралық ғылыми байланыстарды дамытуға және тарихи зерттеулерге қосқан үлесі үшін бірқатар ғалымдар мен келген қонақтар Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында Самарқанд мемлекеттік университетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Рузикул Абриев, Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінің доценті, PhD докторы Анвар Боранов, белгілі тарихшы-ғалымдар Тұрсынхан Зәкенұлы мен Жамбыл Артықбаев, педагог-зерттеуші Құралай Әпет және тарих ғылымдарының кандидаты Ақбота Бексейітова болды. Конференция жұмысы Мұрат қажы Ыдырысұлының мерейтойына ғана емес, Абылай хан мұрасын қазіргі заман тұрғысынан саралап, ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелерін талқылауға арналды. Залдағы экран төрінен «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы туралы деректі фильм көрсетіліп, жиынның маңызы арта түсті.
Конференцияның пленарлық отырысын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Марат Өтегенов жүргізіп отырды.
Ғылыми жиынның алғашқы баяндамасын белгілі жазушы, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлы жасады. Ол «Көк Түрік қағанатынан Қазақ хандығына дейін» атты баяндамасында ғалым қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығына тоқталды.
– Қазақ хандығы кездейсоқ құрылған мемлекет емес. Оның тамыры тереңде жатыр. Түркі қағанаттары дәуірінен бастау алатын мемлекеттік дәстүр кейінгі ғасырларда жалғасын тауып, Абылай хан кезеңінде жаңа белеске көтерілді. Біз Мұрат Ыдырысұлымен сонау Моңғолия жеріне барып, Күлтегін, Тоныкөк заманынан сыр шертетін балбал тастарды араладық. Ата-баба рухына тәу еттік. Мен өз басым осы экспедицияның құрамында болғанымды мақтан етемін, – деді тарихшы.
Содан соң, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев «Абылай хан және ұлттық бірегейлік» тақырыбында баяндама жасап, Абылайдай кемеңгердің қазақ мемлекеттілігін сақтап қалудағы тарихи рөліне тоқталды.
– Ұлттық бірегейлік дегеніміз ортақ тарихи жады, ортақ құндылықтар мен ортақ мақсат. Абылай хан осы ұғымдардың бәрін өз дәуірінде бір арнаға тоғыстыра білген тұлға болды, – деді ол.
Тарихшы-ғалым Бибігүл Сәдуақас өз баяндамасында Көкшетау өңірінің мыңжылдық тарихына тоқталып, бұл аймақтың қазақ тарихындағы ерекше орны туралы тың деректер ұсынды.
Өзбекстаннан келген ғалым Анвар Боранов Абылай хан дәуіріндегі Орталық Азияны мекендеген көшпелі халықтардың өзара ықпалдастығы мәселесін көтерді.
– XVIII ғасырдағы саяси үдерістерді қазіргі мемлекеттік шекаралар тұрғысынан ғана бағалауға болмайды. Ол кезеңде қазақ, өзбек және басқа да түркі халықтары арасында мәдени әрі саяси байланыстар өте тығыз болды, – деді ол.
Самарқанд мемлекеттік университетінің деканы Рузикул Абриев қазақ және өзбек халықтарының XV-XVIII ғасырлардағы қарым-қатынасына арналған баяндамасында екі ел арасындағы тарихи байланыстардың тамыры тереңде жатқанын атап өтті.
– Қазақ пен өзбек халықтарының тарихи тағдыры өзара сабақтас. Біздің ортақ тарихымызды зерттеу халықтар достығын нығайта түседі. Қазақ пен өзбек халқының тарихында көптеген ортақ мұралар баршылық. Қазақ баласының «өзбекті өз ағам» дейтіні де сондықтан. Екі ел арасындағы рухани байланыс үзілмей, ғасырдан ғасырға жалғаса берсін деп тілейміз. Ақмола, Көкше жұртына қонақжайлығы мен кең пейілі үшін алғыс айтамын, – деді өзбекстандық ғалым.
Бұдан әрі конференцияда Мұрат Ыдырысұлының «Абылай ханның қара жолы» экспедициясына ерекше назар аударылды.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Ақбота Бексейітова экспедиция барысында жинақталған тарихи деректер мен тарихи зерттеулердің нәтижелері туралы баяндаса, Түркістан қаласынан келген педагог-зерттеуші Құралай Әпет экспедицияның тәрбиелік мәніне тоқтала келе:
– Тарихты кітаптан ғана емес, тарихи орындар арқылы да тануға болады. Мұндай жобалар жастардың туған жерге, ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттырады. Әсіресе, осындай тарихи орындарға саяхат барысында менің шәкірттерім көп мағлұмат алып қана қоймай, ондағы айтылғандар мен өз көздерімен көргендерінен шынайы әсер алып қайтады, – деді.
Жиынның екінші бөлімінде сөз сөйлеген ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев Мұрат Ыдырысұлының өмірі мен шығармашылық қызметіне кеңінен тоқталып, кеш иесі туралы мерзімдік басылымдарда жарық көрген мақалаларды сараптап, өзінің арнау өлеңін оқып берді.
Жиын барысында Мұрат қажы Ыдырысұлы туралы арнайы бейнефильм көрсетіліп, көрермендер назарына Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры дайындаған «Абылай ханның монологы» сахналық көрініс ұсынылды. Сондай-ақ, Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, Манарбек Бексейітовтің «Көкшетау маршы», Кенжебек Күмісбековтің «Вальсі» және Абылай ханның «Шаңды жорық» күйлерін орындады.
Жалпы, Мұрат қажы Ыдырысұлы бұған әр салада қызмет істеп, өз ізін қалдырған тұлға. Ол Көкшетау қаласында қайтадан ашылған Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық училищесінің тұңғыш директоры болды. Көкшетау облыстық мәдениет бөлімін басқарған жылдары қазіргі Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ-музыкалық драма театры мен К.Күмісбеков атындағы қазақ ұлт-аспаптары оркестрінің ашылуына ат салысты. Бүгін де тарихтың қатпарын толғаған танымал тұлға.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретте: өзбек ғалымдарының құрметі.
![]()

