Елінің текті азаматы еді

Еске алу

Әке, сізді жүрміз күнде сағынып…

Асқар тауымыз, тірегіміз, жанашырымыз, Әкеміз! Сіз ортамызда жүрсеңіз, осы күндері 68 жасқа келер едіңіз. Аман-сау болсаңыз, әр жағында жетпістің де ауылы алыс емес еді. Бірақ, Алланың маңдайымызға жазған бұл ісіне не шара?! Осы күні арамызда жоқсыз. Ай-күніміз өзіңіздің жарқын бейнеңізді, байыппен сөйлейтін әр сөзіңіздің төркінін еске алумен, қамығып, сағынумен өтіп жатыр.

Сіз жалғыз біздің, Жәкішевтер әулетінің ғана баласы емес едіңіз. Өзіңіздің көпшіл мінезіңізге, мәрт тұлғаңыз, жайсаң болмысыңызға, көп біліп, көп тоқитын зердеңіз бен аңқылдаған ақ көңіліңізге қарап, елдің баласы деп мерейленуші едік. Шынымен солай болды да. Осы Көкшетауда сіз білмейтін, сізді танымайтын адам жоқтай көрінетін. Соның бәрінің арасында сыйлы да қадірлі едіңіз. Ол өзіңіздің кең ой-өрісіңіз бен кіммен болсын, тез тіл табыса алатын қадір-қасиетіңізден еді. Ата-бабаңыздан жұққан сөз өнері, соның ішінде шабыт келгенде өлеңге де құр алақан еместігіңіз, дін жолына да әмбебаптығыңыз тағы аян.

Енді өнегелі өмір жолыңыздан аз-мұз сыр шертеріміз, Ғұмырбек Сабырбекұлы Жәкішев 1958 жылы 19 маусымда қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданының Қызылегіс ауылында дүниеге келді. Арғы атасы Малбақты Жайылған батыр, бергі атасы өзінің сөзімен де, ісімен де елге аса сыйлы Ақыш Әбішұлы еді. Әкемізге біз ауызға алып жатқан есті тәрбиені бауырында болған осы Ақыш атамыз берді. Ол кісіні әкеміз қашан көз жұмғанша аузынан тастамай, бар өмірі адал еңбекпен өткен өз туған әкесі Сабырбек, он бес жасынан соғыс кезінде тылда қолына құрық ұстап, жылқы баққан анасы Қазинадай қатты қадірлеп өтті.

Сөйткен асыл әкеміздің еңбек жолы да өнегеге толы болатын. Қотыркөл зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумын бітіргеннен кейін туған ауылы «Ленин жолы» кеңшарында комсомол ұйымының хатшысы, одан Көкшетау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында аға зоотехник, балық шаруашылығы инспекциясы мен темір жолда белді маман ретінде ел игілігі үшін аянбастан еңбек етіп, көптің құрметіне бөленді.

Енді міне, 2025 жылдың 12 қарашасында дүниеден өтіп, ортамыздан кете барғаны жүрегімізді сыздатып, жанымызды аяздай қариды. Айтқан ақылдарыңыз, берген тәрбиеңіз мен көрсеткен үлгі-өнегеңіз, бәрі де есімізде, жан Әке! Бүгінде туған ауылыңыз Қызылегісте, ата-баба зиратында бір төмпешік болып жатсаңыз да, асыл бейнеңіз қашанда жүрегімізде. Өзіңізді қатты сағындық, әке! Қайғыдан жер қайысқандай, өзіңізбен қоштасуға келген қалың жұртшылық әлі де көңілімізге медет, ойымызға тірек. Сонымен жұбанамыз, көңілімізді демдейміз. Ол сіздің бұл өмірде қалдырған үлкен ізіңіз, өшпес өнегеңіз. Бүгінгі туған күніңізде де Алладан тағы бір тілеріміз, жаныңыз жәннатта, топырағыңыз торқа болсын. Тәңірім өз мейіріміне алып, иман байлығына бөлесін, жан әке!

Адам мәңгі жүрмейді бұл жалғанда,
Көнеміз ғой тағдыр басқа салғанға.
Көзімізге ып-ыстық жас келеді,
Әке, өзіңді сағынып, еске алғанда.

Еске алушылар: жұбайы Шәмшия Қайырбекқызы, ұлдары Нұрлан мен Бауыржан, келіндері мен немерлері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар