Елімізде жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде Медицина қызметкері күні аталып өтіледі. Ұлттың саулығы мен халықтың амандығы – мемлекетіміздің мерейі. Денсаулық сақтау саласы көзі ашық, көкірегі ояу, қолы жеңіл, білікті мамандармен неғұрлым толыққан сайын, соғұрлым тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсаратыны белгілі.
Адам жанына арашашы болуға ұмтылып, бір жоғары оқу орнында осы күні әртүрлі тәжірибелік кезеңдерімен он жыл уақытын өткізіп, денсаулық сақтау саласына қызметке келетін жастар кімнен үлгі аламын дейтіндей емес. Олар үшін көз жіберіп, көңілге түйер білікті дәрігерлер Ақмола, Көкше өңірлерінде де аз емес. Елдің денсаулығына жанашыр бір халық болса, ол медицина саласының өкілдері. Өзімнің де бұл саланы асқан жауапкершілік әрі сүйіспеншілікпен таңдаған себебім, дәрігерлерге деген әу бастағы риясыз ілтипатым.
Өз басым шынайы құрметке әбден лайықты ақ халатты абзал жандардың бірі де бірегейі деп хирург дәрігер Бауыржан Сұрашұлы Ахметовты айта алар едім. Неге десеңіз, ол кісі өзіміздің Көкшетауда орналасқан облыстық көпбейінді ауруханада табан аудармастан 40 жылдан астам уақыт аянбай жемісті жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында үлкен биіктерге көтерілген қолы жеңіл, білімі де, білігі де мол танымал хирургтардың бірегейі.
Бауыржан аға әскер қатарындағы азаматтық борышын өтегеннен кейін 1977 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтының даярлық курсына оқуға түсті. Алты жылдық оқу мен интернатурадан соң ота жасау бөлмесіне аяқ басты. Білікті дәрігердің сөзінше, кісі баласына ота жасау оңай шаруа емес, кезекшілік кезінде де небір күтпеген жайттар орын алуы мүмкін. Еңбек жолын 1984 жылы Көкшетау облыстық ауруханасының хирургия бөлімшесінде интерн дәрігер ретінде бастаған Бауыржан ағамыз тынымсыз еңбегінің нәтижесінде осы бөлімшенің меңгерушісі лауазымына дейін көтеріліп, күн мен түнге ұласқан осы қауырт қызметін 11 жыл абыроймен атқарды.
Қазіргі таңда медицина ардагері зейнеткерлік жасқа жетсе де, тәжірибесі мол тәлімгер ретінде әлі күнге науқастарға ота жасап, қаншама адамды небір дерттен аман алып қалуда.
Дәрігерлік мамандыққа таңдауы түскен жандар өмір бойы ізденісте болып, күн-түн демей осы жолда тер төгуге дайын болғаны жөн деп ескертеді ол. Көп жылдық адал еңбегі үшін Бауыржан Ахметов 2010 жылы «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, 2021 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Мамандыққа адалдығы үшін» медаліне ие болды. Сонымен бірге, әр деңгейдегі Алғыс хаттар мен Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан талай мәрте түрлі марапаттарға лайық деп танылған жан.
Бүгінде Бауыржан Ахметов Ақмола облысының ғана емес, бүкіл солтүстік өңірдің жетекші хирургтерінің бірінен саналады. Ол ішек ауруларын пышақпен кеспей-ақ, заманауи құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, озық әдіс-тәсілдермен емдей алатын жоғары санатты маман. Сонымен қатар, тоқ және жіңішке ішекке жасалатын оталардың бәрін өз қолымен атқарады. Оның ішінде тік ішек түскенде аралық аймаққа жасалатын пластикалық ота да бар.
Ол кісі туралы кеңінен білгім келген әңгімемнің келесі бөлігін өзім тәжірибелі де білікті дәрігерге қойғым келген сұрақтармен жалғастырдым. Өйткені, медицина саласына енді қадам басып жатқан студент ретінде мен үшін осындай өз ісінің шеберінің пікіріне құлақ салу аса маңызды.
– Бауыржан аға, сіз кәсіби жолыңызда көптеген адамды небір аурудан айықтырдыңыз. Соның бірі соқырішек ауруы. Айтыңызшы, науқастар дер кезінде ота жасалмаса, қаупі жоғары осы дертпен дәрігерге уақытында жүгіне ме, әлде кеш келе ме?
– Сауалыңа рахмет, айналайын! Негізінде, өте орынды сұрақ қойып отырсың. Біз енді ескертуін қаншама ескертеміз ғой. Бірақ, соған қарамастан, өкінішке орай, науқастардың жартысынан көбі дәрігердің көмегіне кеш жүгінеді. Мұндай науқастардың дерті әбден асқынып, соның салдарынан іш қуысында ауыр жарақат пайда болуы мүмкін. Әрі соқыр ішегі жарылып кетеді деп жатады халық . Мұндай жәйттерді болдырмас үшін дәрігерге уақытылы қаралып отырған жөн.
– Ал, дәрігерге қаралар алдында әуелі өз бетінше ауырсынуды басатын қандай да бір дәріні қабылдауға бола ма?
– Іштің жедел ауыруы кезінде «анальгетиктерді», яғни, ауысырсынуды басатын дәрілерді мүлде қабылдауға болмайды. Тек «спазмолитиктер» деп аталатын дәрілерді қолдануға рұқсат етіледі. Ең бастысы, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Бұл жерде неге «спазмолитиктердің» қолданылуына рұқсат беріліп, ал, «анальгетиктерді» тұтынбау керектігінің себебін айта кетейік. Алғашқысы денедегі бұлшық ет пен ішектің тартылып немесе жиырылып, қатты қысылып қалуын жазса, кейінгісі ауру сезімін уақытша жауып тастайды. Міне, бары осы.
– Осы орайда, адам өз денсаулығының мықты болуы үшін қандай қарапайым қағидаларды ұстануы тиіс деп санайсыз? Жалпы, осы денсаулықтың айнымас үш негізгі тірегі ретінде нені айтар едіңіз?
– Бірінші кезекте, кез келген адам өзін жақсы сезініп, басы артық дертке шалдықпауы үшін күнделікті өмірде салауатты өмір салтын ұстанғаны жөн. Дана халқымыз «тәні саудың жаны сау» дейді ғой. Міне, осыдан барып, екінші қағида ретінде күйзеліске душар болмау, ұсақ-түйекті жүрекке жақын қабылдай бермеу керектігін айтқым келеді. Себебі, адамның денсаулығы оның ұзақ өмір сүруіне бірден-бір себепкер болады. Ал, бұдан бөлек, ең бастысы, науқастарымызға олар сырқаттана қалған жағдайда дәрігерлердің нұсқауынсыз ешқашан өз бетімен ем-шара қабылдамау керектігін ескерткіміз келеді. Осылайша, жоғарыда айтылғандарды сіз сұраған адам саулығының үш негізгі қағидасы деп білсек болады.
– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет!
Соғдиана РАХЫМЖАНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті медицина факультетінің 1-курс студенті.
![]()

