Академияның жаңа түлектері

Сәт сапар

Өткен жұма күні Мәлік Ғабдуллин атындағы Көкшетау азаматтық қорғау академиясының кезекті түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Жас офицерлерді құттықтауға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов арнайы келді.

Сонымен қатар, Академия бастығы, генерал-майор Жұмабек Хасенов, сондай-ақ, ТЖМ орталық аппаратының басшылық құрамы, өзге де меймандар болды. Іс-шарада түлектерге алғашқы офицерлік «лейтенант» шені берілді. Иығына погон таққан жас сарбаздар үрлемелі оркестрдің асқақ үнімен үлкен өмірге қадам басты. Жиынның ең жауапты әрі толқынысты сәті – диплом табыстау рәсімі болды. Төрт жыл бойы тек оқуда ғана емес, спортта және қоғамдық өмірде оқ бойы озық шығып, академияның мәртебесін асқақтатқан үздік түлектерге дипломдарын министр мен облыс әкімі өз қолдарымен тапсырды. Шыңғыс Әрінов өз сөзінде:

– Төтенше жағдайлар министрлігі басшылығының және өз атымнан азаматтық қорғау академиясының жеке құрамын, түлектерін және олардың жақындарын бүгінгі салтанатты шарамен құттықтаймын! Ел Президенті алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда азаматтық қорғау органдары ерекше рөл атқарады. Кәсібилік пен үздіксіз дамуды талап ететін заманда білікті кадрларды даярлау маңызды болып табылады. Осы мақсатта академияның жаңа заманауи ғимаратының құрылысы басталды. Бүгін министрлік қатары өз өмірін халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнаған 94 жас офицермен толықты. Биыл алғаш рет Мемлекет басшысының бастамасымен академияның үздік түлектеріне «аға лейтенант» шені берілгенін ерекше атап өткім келеді. Бұл тарихи сәт – сенім мен жауапкершіліктің белгісі. Құрметті түлектер, офицерлік антқа адал болып, ел сенімін ақтаңыздар, – деп, жас мамандардың алдағы қиын да абыройлы қызметіне ақ жол тіледі.

Марат Ахметжанов өз құттықтау сөзінде өңірдің қауіпсіздігі мен ел іргесінің тыныштығын күзетудегі құтқарушылардың рөліне тоқталып, жылы лебізін білдірді.

– Бүгінде Көкшетау қаласындағы академия курсанттары мен түлектері өздерін елдің, халықтың сүйеніші ретінде көрсетуде. Олар сын сағаттар, төтенше жағдайларға белсенді қатысып, құтқарушылардың ең алдыңғы қатарында болды. Сондықтан, өз атымнан, Ақмола облысының тұрғындары атынан сіздерге ризашылығымды білдіргім келеді. Осы жаңа, өте маңызды сапарларыңыз құтты болсын! Әрқашан еліміздің патриоты, мақтанышы болыңыздар. Болашақта Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының беделін тек қана биіктерге көтеріп, Отанымызға адал қызмет атқаратындарыңызға сенемін. Ақ жол сіздерге! – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, 2026 жылғы түлектердің атынан лейтенант Бекнұр Маханбетұлы сөз алып, ұстаздары мен академия басшылығына алғысын жеткізді.

– Біз академия қабырғасындағы курсанттық күндерімізді аяқтап, үлкен өмірге қадам басқалы отырмыз. Төрт жыл бойы білім нәрімен сусындадық. Өмірге деген көзқарасымызды қалыптастырғаны үшін академияға шынайы құрметіміз бен алғысымызды білдіреміз. Құрметті министр, сіздің бастамаңызбен жүзеге асырылып жатқан «Төтенше жағдайлар министрлігі 2.0» бағдарламасын бақылап жүреміз. «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасының аясында еліміздің түкпір-түкпірінде салынып жатқан жаңа өрт сөндіру бекеттері халық игілігі үшін жасалған үлкен іс деп есептейміз. Алдағы уақытта осы бастаманы тиісті деңгейде жалғастырамыз деп сенім білдіремін, – деді ол.

Бұл күннің тағы бір айтулы оқиғасы, Төтенше жағдайлар министрлігі ардагерлер кеңесінің тұңғыш төрағасы, полковник Нұрпейіс Ақназарұлы Ақназаров атындағы жыл сайынғы атаулы стипендияның табысталуы болды. Биыл бұл арнайы сыйақыға академия түлегі, лейтенант Төрекелді Төлеш лайық деп танылды. Марапатты ардагердің ұлы, полиция полковнигі Мұрат Нұрпейісұлы Ақназаров салтанатты түрде табыстады.

Офицерлік асқақ дәстүрлердің бірі – Жауынгерлік Тумен қоштасу рәсімі де жоғары деңгейде өтті. Оркестрдің маршымен өткен салтанатты шеруді капитан Ернұр Кукаев бастаған Ту тобы ашты. Одан кейін академия бастығының орынбасары, полковник Миржан Әлменбаев бастаған, құрамында ғылым кандидаттары мен PhD докторлары бар академия басқармасының жеке құрамы жүріп өтті. Сап түзегендердің арасында «Ерлігі үшін» медалінің иегерлері де аз емес. Жиналған қауымды ерекше тәртібімен тәнті еткен, 20 жылдан астам еңбек өтілі бар полковник Сандуғаш Қасымова бастаған әйел қызметкерлердің сапы алаң сәнін кіргізді.

Ресми бөлім аяқталғаннан кейін алаңдағы мерекелік көңіл-күй одан әрі еселенді. Көпшіліктің назарына 1-курс курсанттарының орындауындағы «Елім деп соқсын жүрегім» әні ұсынылып, курсант Альбина Аюпованың жетекшілігімен қылышпен саптық тәсілдерді орындау дефилесі көрсетілді. Шараның ең көркем шырқау шегі – 14 жұптан тұратын жас лейтенанттардың орындауындағы қимастық пен үмітке толы «Офицерлік вальс» биі болды.

Салтанатты шара Абылай хан ескерткіші жанындағы ортақ естелік суретке түсумен аяқталды. Академия қабырғасынан қанат қаққан жас мамандар енді еліміздің түкпір-түкпіріне аттанып, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолындағы асқақ міндеттеріне кіріспек. Жолың болсын, жас офицер!

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар