ЖАҢА ЗАҢ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ТАРИХИ БЕТБҰРЫС

23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні

Мемлекеттің қуаты мен азаматтардың әл-ауқаты әрқашан мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілік деңгейімен өлшенеді. Сол себепті кадрлық әлеуетті шыңдау мен олардың кәсіби шеберлігін арттыруға ерекше екпін беру басты басымдықтардың бірі. Осы орайда биылғы жыл еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту бағытындағы түбегейлі бетбұрыстар кезеңі ретінде тарихқа енбек. Ең әуелі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен қолданыстағы заңнамаға, құқықтық актілерге терең сараптама жасалып, азаматтардың, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің ұсыныстары мен өтініштеріне терең талдау жүргізілді. Дамыған елдердің озық үлгілері мен тиімді басқару модельдері зерделенді.

Осынау кешенді ізденістер мен ауқымды дайындық жұмыстарының нәтижесінде, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы уақыт тынысына сай жаңарту жаңа серпінмен қолға алынды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында қабылданған осынау жаңа заңнамалық өзгерістер мемлекеттік қызметтің мазмұны мен философиясын түбегейлі жаңартты.

Реформаның басты өзегі – құжат айналымынан гөрі бұқараның мәселесін шешуді алдына мақсат қоятын, бюрократия мен формализмнен ада «сервистік мемлекет» моделіне көшу. Осыған орай, заңда алғаш рет мемлекеттік қызметшінің кәсіби, әдептік келбеті мен қоғам алдындағы жауапкершілігі нақты бекітіліп, клиентке бағдарлану, ашықтық және тиімді коммуникация сияқты талаптар күшейтілді. Нәтижесінде, лауазым иелері құрғақ әмір жүргізуші емес, халық пен билік арасындағы алтын көпірге, шынайы сенім өкіліне айналады.

Жаңа заңнамалық актіде құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына басымдық беріліп, мемлекеттік органдар құрылымында арнайы профилактикалық қызметтер мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтық кепілдіктерін қорғау тетіктерін енгізу көзделген. Әдеп жөніндегі уәкілдердің мәртебесі мен тәуелсіздігін нығайту арқылы мемлекеттік аппараттағы әділдік пен ұйымдық мәдениетті арттыру, сондай-ақ, ішкі корпоративтік сенімді нығайту көзделеді. Тұтастай алғанда, бұл құжат мемлекеттік қызмет жүйесін сапалық тұрғыдан жаңғыртудың құқықтық негізі, ал, оның стратегиялық мақсаты – халықтың билік институттарына деген сенімін нығайта отырып, адамға бағдарланған, ашық, кәсіби және сервистік модельдегі мемлекеттік аппаратты қалыптастыру болып табылады.

Баршаға мәлім, 2023 жылы Ақмола облысы елімізде алғаш болып мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеудің жаңа, заманауи жүйесін сәтті сынақтан өткізді. Бұл жаңашылдық аясында бос лауазымдарға арналған жалпы конкурстар кедергісіз, тікелей eqyzmet.gov.kz бірыңғай порталында, толықтай онлайн режимде жүзеге асырыла бастады. Бүгінгі таңда заңнамалық деңгейдегі тың өзгерістер арқылы мемлекеттік қызметтегі кадрлық процестерді жаппай цифрландыру көзделіп отыр. Бұл реформаның арқалаған жүгі де, көздеген мақсаты да ауқымды. Оның негізгі өзегі басқару жүйесіндегі ашықтықты барынша арттыру, шешім қабылдау тұсындағы «адам факторын» жою және нағыз біліктілердің бағын жандыратын меритократия қағидатын берік орнықтыру.

Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы бос тұрған лауазымдарға конкурстардың ешбір адами араласусыз, автоматты түрде жарияланып отыруы мемлекеттік аппараттың жеделдігін арттырмақ. Бұл қадамдар білімді, жігерлі және бәсекеге қабілетті азаматтардың мемлекеттік қызметке еш кедергісіз келуіне даңғыл жол ашып, ел басқару ісіне жаңа серпін бермек.

Бүгінгі таңда елімізде жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту бағытында жүзеге асырылып жатқан реформалар өзінің оң нәтижелерін көрсетуде. Кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында енгізілген жаңа тетіктер тәжірибеде тиімді қолданыс тауып отыр. Мәселен, қабылданған шаралардың аясында жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант негізінде үздік тәмамдаған 40 түлек Ақмола облысының аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдарына конкурс өткізілместен, тікелей лауазымдарға тағайындалды. Оған қоса, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жоғары үлгерім көрсеткен 5 түлек те конкурстан тыс іріктеу арқылы түрлі жауапты мемлекеттік қызметтерге қабылданды.

Жаңа заңнама бұл механизмдерді сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, заң шеңберінде арнайы «мемлекеттік қызметке даярлау институты» құрылды. Буын аралық сабақтастықты қамтамасыз ететін бұл жүйе болашақ басқарушы кадрларды ерте жастан мектеп қабырғасынан, жоғары оқу орындарынан және кәсіби даярлық деңгейлерінен бастап мақсатты түрде қалыптастыруды көздейді. Бұл бастама мемлекеттік мүдде мен ұлттық құндылықтарды терең түсінетін, бәсекеге қабілетті және жаңашыл ойлай алатын заманауи басқарушылардың жаңа толқынын тәрбиелеуге бағытталған стратегиялық қадам болып табылады.

Мемлекеттік аппаратқа жеке сектордан білікті мамандар мен талантты жастарды тарту бағытында өңірде жүйелі жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді. Соның жарқын үлгісі ретінде 2018 жылдан бастап жұмыс істейтін, мемлекеттік басқару саласына көшбасшылық қасиеттері дамыған, сауатты да білімді жастарды іріктеп, олардың кәсіби дағдыларын қалыптастыруды көздейтін «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебін» атап өтуге болады. Осы уақытқа дейін Ш. Уәлиханов және А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университеттері мен Гуманитарлық-техникалық академияның 450-ден астам түлегін даярлаған бұл жоба ағымдағы оқу жылында тағы 24 талапкермен толығып, қазіргі уақытта олар мемлекеттік тіл мен ҚР заңнамасын білу деңгейін анықтайтын тестілеуден өтуде. Бұл сынақтарды сәтті аяқтаған тыңдаушылар диплом алғаннан кейін өздерінің еңбек жолын мемлекеттік қызметте жалғастырады деп күтілуде.

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жаңаша ойлайтын жас басқарушылар пулын қалыптастыру мақсатында 2024 жылы облыста тұңғыш рет Өңірлік кадр резервіне іріктеу жүргізілді. Индустрия, экономика, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен және цифрландыру сияқты 6 негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған бұл байқауға 389 үміткер қатысып, барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша ең үздік 25 маман іріктеліп алынды. Екі жыл бойы жергілікті атқарушы органдардағы «Б» корпусының әкімшілік лауазымдарына конкурстан тыс орналасу құқығына ие болған осы резервшілердің ішінен бүгінгі таңда 13 жас маман Ақмола облысының түрлі мемлекеттік құрылымдарында жауапты қызметтерге тағайындалып үлгерді. Өңірлік жобалармен қатар, Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерін Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарына тарту жұмыстары да жүйелі жүргізіліп, нәтижесінде 4 резервші мемлекеттік құрылымдардағы жауапты басшылық лауазымдарға тағайындалды.

Мемлекеттік қызметтің тартымдылығы мен тиімділігін арттыру мақсатында кадрларды әлеуметтік қолдау және ынталандыру жүйесі жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. 2020 жылдан бастап ауылдық жерлердегі мамандарға көтерме жәрдемақылар мен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шаралары, ротацияланған қызметшілерге тұрғын үй жалдау шығындарын өтеу тетігі көзделген. Сондай-ақ, жаңа заңнама аясында білікті мамандарды тұрақтандыру үшін көлденең мансаптық өсу, кәсіби біліктілікке байланысты еңбекақыны арттыру және ұзақ еңбек өтілі бар қызметкерлерге қосымша ақылы демалыстар беру, үстеме жұмыс үшін өтемақы төлеу, қызметтік ауысу кезінде тұрғын үй және көшу шығындарын өтеу сияқты құқықтық әрі әлеуметтік кепілдіктер кешені толықтай қарастырылған.

Мемлекеттік қызметте ұрпақтар сабақтастығын сақтау заман талабына сай үздіксіз жетілдіруді қажет ететін стратегиялық маңызы бар мәселе. Мұнда аға буын өкілдерінің жаңа дәуір сұраныстарын ескеруі және цифрлық технологияларды жетік меңгерген жас мамандардың өздеріне жүктелген жауапкершілікті терең сезінуі өзара үйлесім табуы тиіс. Сол себепті мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған жас кадрларды кәсіби бейімдеу, олардың біліктілігін арттыру және институционалдық жадты сақтау мақсатында тәлімгерлер институты мен мемлекеттік қызмет ардагерлерінің арасындағы өзара іс-қимылды жүйелі түрде қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы орайда кәсіби мереке қарсаңында өңірдің мемлекеттік қызметінің дамуына елеулі үлес қосқан М.Құлмағамбетов, В.Козинская, Ш.Батырханов, Е.Нұғыманов, Н.Политкин, П.Трищ, Г.Ильяшенко, Ғ.Ташкина секілді ардагерлерге құрмет көрсетудің маңызы зор, өйткені, олар бүгінгі таңда да облыстың қоғамдық өміріне белсенді араласып, жас мамандарды отансүйгіштікке баулуда. Басқару жүйесіндегі сабақтастықты сақтау, өңірлік кадрлық әлеуеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету және жергілікті атқарушы органдардың жаңадан тағайындалған басшыларына практикалық қолдау көрсету мақсатында, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасымен ардагерлер қатарынан Тәлімгерлер кеңесі құрылды. Оның құрамына төрағасы ретінде мемлекеттік қызмет ардагері, Ақмола облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының және «Құрмет» орденінің иегері, Ақмола облысының Бұланды, Зеренді, Біржан сал аудандарының құрметті азаматы Ермек Нұғыманов, мүшелері ретінде мемлекеттік қызмет ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы – Марат Құлмағамбетов, мемлекеттік қызмет ардагері, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының және «Құрмет» орденінің иегері, Ақмола облысы «Демалыс және туризм индустриясының ассоциациясы» ЗТБ президенті, ҚР туризмінің құрметті қызметкері, профессор, академик Шынарбек Батырханов, мемлекеттік қызмет ардагері, ҚР Әділет органдарының құрметті қызметкері Павел Трищ, мемлекеттік қызмет ардагері Ғалия Ташкина енді. Мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысатын бұл консультативтік-кеңесші орган салалық даму мәселелерін талқылауға, басқарушылық тәжірибе алмасуға және өңірлік деңгейде тиімді шешімдер қабылдауға бағытталған нәтижелі диалог алаңына айналды.

Қалыптасу мен дамудың маңызды кезеңдерінен өткен отандық мемлекеттік қызмет жүйесі бүгінде ашықтық, сервистік сипат, ұтқырлық, клиентке бағдарлану, сондай-ақ, цифрландыру және бюрократиядан арылу деңгейіне көтерілгенімен, алдағы уақытта әлі де ауқымды стратегиялық міндеттерді еңсеруді талап етеді.

Құрметті әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтаймын! Өздеріңізге және жақындарыңызға мықты денсаулық, бақ-береке, еліміздің игілігі жолындағы барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолындағы қызметтеріңіз жемісті болсын!

Нұрқат БАТЫРҚҰЛОВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар