Менің «Көкшетауым»! Кезіңде таудай басылым еді

Арқа төскейіндегі жаңалықтың жаршысы атанған беделді басылым – облыстық «Көкшетау правдасы»  газетінің тарихы 1930 жылғы  17 қыркүйекте алғашқы нөмірі шыққан «Колхоз жолынан» бастау алады. Бұл көшпелі тұрмыстық салт-дәстүрді өзгертіп, жаппай отырықшылдыққа көшіп жатқан кез болатын. «Колхоз жолы» сол кезде аудандық газет саналғанымен, Көкшетау, Зеренді, Чкалов, Красноармеец, Шучье аудандарының  тыныс-тіршілігін қамтып, көршілес Айыртау ауданына да тарады.

1944 жылғы 15 наурызда Солтүстік Қазақстан облысынан бөлініп, Көкшетау облысы құрылғанда Қазақстан ВКП(б) Орталық Комитеті бюросының 8 мамырдағы қаулысымен «Колхоз жолы» газеті «Көкшетау правдасы» атауымен облыстық газет мәртебесіне ие болды. Ертеректе бұл басылымдарға Жұмбай Ормантаев, Тайжан Бердішев, Белгібай Айтжанов, Абдолла Құрманаев, Уәрә Нұрсейітов редакторлық етіп, әріптестеріміздің кез-келген тақырыпта емін-еркін жазуына, шеберліктерін шыңдауына, уақыт талабына сай партия, совет органдарының шешімдерінің бұлжытпай орындалуына бастамашыл бола білді.

1944 жылғы 5 тамызда жаңа облыстың оқырмандарына алғашқы нөмірін ұсынған  «Көкшетау правдасының» журналистері Тың  өлкесінің құрылуына байланысты 1963 жылғы 10 сәуірде шығуын тоқтатқанға дейін ел өміріндегі  тарихи кезеңдерді бастан кешіріп, табандылық, ізденімпаздық, ең бастысы, кәсіби міндеттеріне адалдықтан айнымады. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдары мен тың және тыңайған жерлерді игеру тұсында халықты ерең еңбекке жұмылдырып, өндіріс озаттарын дәріптеп,  достық пен татулықты насихаттады.

Одақтық Компартияның өркөкірек бас хатшысы Никита Хрущевтің Қазақстанның  солтүстік облыстарын Ресейге қосып алмақшы болған жымысқы саясаты жүзеге аспай, 1965 жылы өзі де биліктен тайды. Совет Одағының жаңа басшысы Леонид Брежнев Тың өлкесін таратып, әділдік орнатты. Осыған орай, Тың өлкесінің құрамындағы бес облыспен бірге Көкшетау облысы да бұрынғы дербестігіне қол жеткізіп, «Көкшетау правдасы» газетінің журналистері, техник қызметкерлері қуанышпен қара шаңырақта қайта тоғысты.

Басредактор, республикаға танымал сатирик жазушы, аудармашы Өміржан Оспанов басқарған шығармашылық ұжымды екі топқа бөлуге болатын еді. Біріншісі – С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін елуінші жылдары бітірген Әбділда Дүйсенов, Рүстем Бермағанбетов, Уәп Рахымжанов, Естай Мырзахметов, Сүлеймен Ақтаев, Баян Нұрпейсов, Октябрь Бұхарбаев, Тұрсынбай Кәкімов сияқты қатарластар болса, алпысыншы, жетпісінші жылдарда түлектер Мәтен Бижанов, Маман Ементаев, Жомарт Оспанов, Нұрқан Ысқақов, Сәкен Хасенеев, Сәкен Әубәкіров, Төлеген Қажыбаев, Жұмабай Есекеев, Сайлау Көшкен, Кенжетай Ғазизов, Шиябиден Қойшыбаев журналистиканың шыңдалу мектебінен өткен өз ісінің келесі толқынды нағыз майталмандары болатын.

Талантты жазушы, прозаик, қоғам қайраткері Жанайдар Мусин редакторлық еткен он тоғыз жылдың ішіндеәдебиетке, өнерге бейімі бар бір топ алғыр да зерек жастар қызметке келіп, бағын сынады. Екі мәрте Парламент Сенатының депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, бұрынғы Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа да осы газеттің беделді қызметкерлері болды. Белгілі әріптес замандастарым Қорғанбек Аманжолов, Райхан Сейітова, Ғосман Төлеғұл, Қапез Қожахметов, Сағидолла Көшімбаев, Тортай Сәдуақасов, Нұркен Нарғожин, Ойрат Асанбаев, Өмірзақ Мұқай, Бауыржан Бектасов, Тоқтар Баймағанбетов, Роза Нарымбетова, Дәуренбек Шөрентаев,Мәули Әлімов, Құдайберлі Мырзабек, Байқал Байәділов, Бақыт Смағұл, Шынар Байтықова, Гүлнәр Шәймергеннің есімдерін де құрметпен атап, мақтан етемін.

Аптасына бес рет шығатын газеттің ыстық-суығына көндігіп, күн құрғатпай іссапарға шығатын аппараттағы қызметкерлермен бірге аудандарға меншікті тілшілер Имақ Тоқпанов, Ешім Ыбыраев, Қ.Қонқақов, Қайыржан Хайруллин, Қошан Оразалин, Айдархан Кәріпханов, Тайлақ Жалмұрзенов, Самат Рахматуллин,  Баянғали Әлімжанов, Шұғай Өсіпов, Елубай Жәкенов, Дүйсек Қазбеков, сондай-ақ, газеттін ажарына көрік  беретін фототілшілер Марат Шаймерденов, Виктор Цысельский,  Анатолий, Юрий Дидандар, Вячеслав Холин, Базарбай Бағысов,суретші-ретушер Дулат Сапихановтың еңбегі сөз жоқ, жоғары бағаға лайықты.

Редакцияның штабы саналатын секретариаттың қым-қуыт жұмысы корректорлар және машина бюросының жұмысымен тығыз байланысты болғандықтан, ондағы техникалық қызметкерлердің жансебіл жұмысын бағаламауымыз тым әділетсіздік болар. Машбюроға келер болсақ, Ғарап Егізбаева, Қарашаш Мұхамедрахымова, Әсима Нұрмағанбетова, сонау елуінші жылдары редакция босағасын жап-жас келіншек кезінде аттаса, олардың қатарына бертін алпысыншы жылдары қосылған Жаңылсын Төлегенова, Мәрәш Рахымова, Раушан Мырзалина да кәсіби шеберліктерімен танылды.

Алпысыншы жылдары облыстық баспахана қазіргі қала әкімдігі орналасқан М.Әуезов  көшесіндегі №141 ғимараттың орнында болатын. Оны еске алып отырғаным, баспахананың кішкентай бөлмесінде корректорлар, кезекшілер, «цензурашылармен» бірге сығылысып отыратын. Төрдегі диван аға корректор Томпан Мусинадан босай қалса, «цензур» апай Қайыркеш Сүлейменова кішкентай Өміртайын жатқыза қоятын. Корректорлар  Күлпан мен Шәрипа газет оқудан қолдары босағанда, шай қойып көңілімізді жадырататын. Бұл бір күнгі кезекшіліктің тауқыметі емес, аптаның бес күні бойғы үйреншікті әдет.

Әйтеуір, 1973 жылы «Көкшетау правдасы» газетінің редакциясы үкімет салып берген жаңа ғимарат – редакция үйіне көшіп, көзіміз ашылды ғой. Баспахана,бүгінгі «Көкше-Полиграфия» редакциямен бір ғимаратта болғандықтан, корректорлар бюросымен, цинкография, бет жасайтын және линотип цехтарымен байланыс күрт жақсарды. Ал,бұрындары бізден бөлек орналасқан баспаханаға түннің бір уағына дейін макетке қоса материалдарды, кезекші редакторға оқитын беттерді курьер тасымалдайтын.

Зәуре Жанаева, Орынбасар Төкенова, Күлзейнеп Айсина, Гүлнәр Шәймерген, Раушан Омарова, Күлжиян Айтманова кезекшілік міндеттерін атқарумен бірге, бас редакторға дайын беттерді көрсетіп үлгеретін. Бір-бірімен осылай жалғасып жататын бұл жұмыс үдерісі тікелей секретариаттың жауапкершілігінде, бақылауында болғандықтан, біздің босаңсуға еш хақымыз болмайтын.

Міне, осындай үйлесімді шығармашылық ізденістің арқасында газеттің мазмұны мен сапасы, полиграфиялық безендірілуі де жақсара түсті. Газетіміздің Мәскеудегі Бүкілодақтық көрменің ІІ дәрежелі дипломымен, оған қоса,  жарты ғасырлық мерейтойына орай, «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталуы қалың оқырмандарымен бірге біз үшін де үлкен мерей болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен Көкшетау облысының таратылуына орай, «Көкшетау правдасы» газеті араға отыз төрт жыл салып, екінші рет жабылды. Осындай қысылтаяң сәтте  өзі түлеп ұшқан қара шаңырақтың тағдырына шын жанашырлық таныта білген нағыз намысшыл ел азаматы,бас редактор Жабал Ерғалиевтің қалалық  басылым ретінде газетті қайта ашып, тарап кеткен редакцияны қайта құрып, журналистерге жалақы беріп, әкімдіктен пәтер әперіп, материалдық базасын нығайтып,көркемдік деңгейін көтеруде атқарған шаруасы ұлан-ғайыр. Әттең, кейін тарихы таудай бұл басылым жекеменшікке өтіп, бүгінде үні шығар-шықпас қана болып қалғаны жанға батады. Дегенмен, «Көкшетау» бар! Кезінде оның атын өшірмей, сақтап қалған,жаңа түр, келбет берген көшбасшылық қасиеті мен азаматтық ұстанымы үшін Жабалға – Жәкеңе шынайы алғысымызды білдіре отырып, «Көкшетау правдасында» өткен ғұмырымның бір парағын осымен аяқтасам деймін.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
журналистика ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар