Америка Құрама Штаттары мен Мексикада және Канадада өтіп жатқан футболдан әлем чемпионаты топтық кезеңнен кейін 1/16 финалдық кезеңіне ойысты. «Бір өкініш, бір үміт…» деп тақырып қойғанымыз өзбек құрамасына байланысты болып тұр.
Біз де үкілеген үмітпен бар ойындарын тағатсыздана тосқан бауырлас ел футболшылары бір қынжыларлығы, топтық кезеңнен өте алмады. Бар үміт Конго Демократиялық Республикасын жеңген жағдайда топтан келесі кезеңге шығуға мүмкіндік беретін үшінші ойында қалып еді. Алайда, есепті алғашқы болып өзбек футболшысы Элдор Шомуродов ашқанымен, екінші таймда жауапсыз үш гол соққан конголықтар мерейі үстем болды. Сөйтіп, үш кездесуде өз қақпасына 11 доп жіберіп алып, қарсыластар қақпасына небары екі гол салған көрші ел құрамасы бірде-бір ұпайға ие бола алмай, еліне қайтты.
Бұл жөнінде қазір әртүрлі пікірлер айтылуда. Бір тарап осы әлем біріншілігіне қатысудың өзі үлкен табыс десе, екінші жақ жаңа бапкер итальяндық Фабио Каннавароның керегі жоқ еді, құраманы әлем чемпионатына алып шыққан Тимур Каппадземен қалсақ, басқаша болар ма еді деген ойда. Дегенмен, соның өзінде Өзбекстанның Орта Азия мемлекеттерінің ішінен бірінші болып әлем чемпионатының ақтық ойындарына қатысуы үлкен оқиға болса керек.
Бүгінгі таңда чемпионаттың 1/16 финалының барлық қатысушылары анықталды. Олардың ішінде Бразилия, Германия, Франция, Испания және Португалия сияқты футбол елдерімен бірге Кот-д, Ивуар, Конго ДР, Босния және Герцоговина, Алжир, Кабо-Верде сияқты шағын мемлекеттердің аяқ допшыларының да топтық кезеңнен келесісіне шыққаны сүйсіндірмей қоймайды. Осы тізімнен де Еуропа мен Африка футболының Азия футболынан мықтырақ екені көрініп тұр. Ендеше, сол Еуропа құрылығында жүрген біздер де түбі бір осындай әлем додасына өтіп қалармыз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

