Ақпарат айдынындағы маңдай тер және әкім құрметі

Біздегі қуаныш

Көкшетау қаласында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік кездесу өңірлік басылымдардың өкілдерін, редакторларды, тілшілерді және медиа саласы қызметкерлерін біріктірді. Салтанатты жиынға қатысушыларды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады.

Өңір басшысы өз сөзінде журналистердің қоғамның ашықтығын қамтамасыз ету, халықты ақпараттандыру және өңірлік медиа кеңістігін дамытудағы маңызды рөлін айрықша атап өтіп, оларға кәсібилігі мен іске адалдығы үшін шынайы алғысын білдірді. Ол журналистиканы халық пен биліктің арасындағы алтын көпір деп бекер айтпайтынын, өңірдің медиа кеңістігінде шамамен 70 БАҚ жұмыс істейтінін және олардың ортақ мақсаты жаңалықтар мен оқиғаларды шынайы әрі объективті түрде көрсету екенін жеткізді. Сонымен қатар, газеттермен, телеарналармен қатар, цифрлық жаңалық платформаларының да қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

Осынау айтулы мереке аясында аймақ қаламгерлерінің еңбегі жоғары деңгейде еленіп, марапаттар табысталды. Салтанатты іс-шарада аймақ басшысы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 23 маусымдағы №1325 Жарлығына сәйкес, ел журналистикасына қосқан елеулі үлесі үшін баспасөз ардагері Балталы Сарсенбаевқа жоғары марапат – «Құрмет» орденін тапсырды. Сонымен қатар, күні кеше Президент қолынан Отандық журналистикаға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығын иеленген «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Байқал Байәділ және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған «Көкше» облыстық телеарнасының шеф-редакторы Гүлнәр Бекенованы осы табыстарымен құттықтады.

Мемлекет басшысының бастамасымен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бағытындағы ауқымды жұмыстар да өз жемісін беруде. Президент тапсырмасы бойынша ұзақ уақыттан кейін алғаш рет облыстық «Арқа ажары» газетінің тілшісі Ұлмекен Сәдуақасова мен «Қазақстан» РТРК» АҚ-сының Ақмола облысы филиалының телеоператоры Данияр Жұмағұловқа жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты түрде табысталды. Бұл маңызды қадам БАҚ қызметкерлерін қолдаудың нақты шарасы болып, іс-шараға қатысушылар тарапынан өте жылы қабылданды. Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері үшін бұл күн мемлекеттің көрсеткен ерекше қолдауы мен қамқорлығының жарқын дәлелі ретінде тарихқа енді.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын ақпараттық сүйемелдеуге қосқан ерекше үлесі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатымен облыстық «Арқа ажары» газетінің тілшісі Ырысалды Ахметқалиева, Ақмола облысының дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен «Арқа ажары» газетінің тілшісі Майра Қуанышқызы және өңірдегі бірқатар журналистер марапатталды.

Мерекелік іс-шараның ең толқынысты сәттерінің бірі – жыл сайынғы дәстүрлі «Арқа төрі – Ақмола» журналистер байқауының жеңімпаздарына облыс әкімінің арнайы сыйлықтарын табыстау рәсімі болды. Бұл марапаттар үздік материалдар, оқиғаларды объективті көрсету және өңірлік журналистиканы дамытуға қосқан үлес үшін берілді. Арнайы комиссияның шешімімен биыл 10 номинация бойынша ең үздіктер анықталды. Облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, журналист-ақын Қайырбай Төреғожа Жанайдар Мусин атындағы номинацияда жеңімпаз атанса, «Арқа ажары» газетінің тілшісі Гүлфайруз Төремұратова «Мейірімділік миссиясы» номинациясы, сондай-ақ, басқа БАҚ-тардан бірқатар журналистер өзге номинациялар бойынша жеңімпаз атанып, олардың әрқайсысына 300 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Байқау ережесіне сәйкес медиа саласының дамуына қосқан үлесі үшін облыстық «Акмолинская правда» газетінің бас редакторы Владислава Кокорина мен газет тілшісі Вероника Бурда, сол сияқты басқа басылымдар мен телевидение, сайттардан бірнеше журналистер облыс әкімінің қосымша 200 мың теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлығына ие болды. Сонымен бірге, Жарқайың аудандық «Целинное знамя» газетіне биыл 70 жыл толуына орай, аталмыш басылымның бас редакторы Елизавета Чиглинцеваға арнайы құттықтау хат пен гүл шоғы табыс етілді.

Салтанатты іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар