Жаңа Конституция – болашақты ойлаған ел бағыты

Ақмола облыстық әкімдігінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне арналған актив отырысы өтіп, оны ашып жүргізген және сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Ахметжанов бұл күннің тәуелсіз еліміздің тарихындағы ерекше күн екендігін атап өтті.

Актив жиналысына мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Жиында сөз алған аймақ басшысы республикалық референдумда қабылданып, күшіне еніп отырған Жаңа Конституция халықтың таңдауына ие болып, елдің болашағына бағытталған маңызды стратегиялық құжат екендігіне баса мән берді. Онда адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділ қоғам қалыптастыру, ғылым мен білімді дамыту, ұлттық құндылықтарды сақтау сияқты негізгі қағидаттар айқын көрініс тапқан. Сондай-ақ, Конституцияда атап көрсетілген адам капиталын дамыту жөніндегі  ережелер қағаз жүзінде қалып қоймай, елдің күнделікті өмірінде нақты іске асуы керектігі де айтылды. Соңғы жылдары елімізде, сол сияқты, Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалардың барлығы да ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталып отыр.

– Бүгінде облысымызда өндіріс көлемі артып, ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Аймағымыз әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан республикада алдыңғы орындарға шығып отыр. Осының нәтижесінде жаңа мектептер, селолық дәрігерлік амбулаториялар, спорт кешендері мен мәдениет нысандары салынып, жолдар жөнделіп, инженерлік инфрақұрылым жаңартылуда. Мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мұның бәрі Конституцияда белгіленген әлеуметтік мемлекеттің негізгі қағидаттарының нақты көрінісі, – деді Марат Ахметжанов.

Бұдан әрі облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жасалып отырған реформалар өңірдің дамуына тың серпін бергенін атап өтті. Бұл ретте:

– Әділетті Қазақстанды құру әр өңірден басталады. Біз үшін ең басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, жастарға мүмкіндік жасау, ауылдарды дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы міндеттердің барлығы Конституцияда бекітілген азаматтардың әл-ауқатын арттыру қағидаттарымен үндеседі. Сондықтан, әрбір мемлекеттік қызметші өзінің жұмысында заң талаптарын басшылыққа алып, халыққа адал қызмет етуі қажет, – деді өңір басшысы.

Осылайша жиын барысында сөйлеген өз сөзінде өңір басшысы соңғы жылдары Ақмола облысында инвестициялық жобалардың саны артып келе жатқанын, агроөнеркәсіп кешені мен өңдеу өнеркәсібі жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, туризмді дамыту, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын жеткізді.

– Экономикалық өсімнің басты мақсаты қарапайым халықтың тұрмысын жақсарту. Сондықтан, біз әрбір жобаның нәтижесін адамдардың өмірінен көруіміз керек. Конституцияның негізгі қағидаттары да осыған бағытталған. Заң үстемдігі, ашықтық, әділдік және жауапкершілік өңірді дамытудағы басты ұстанымдарымыз болып қала береді, – деді бұл ретте облыс әкімі.

Жиында алғашқы болып сөз сөйлеген Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов Конституцияны әзірлеу жұмыстарының негізгі кезеңдеріне тоқталып, жаңа негізгі Заңның мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын айтты.

– Конституция мемлекеттің ғана емес, қоғамның да даму бағдары. Оның әрбір нормасы азаматтардың құқықтарын қорғауға, әділдікті қамтамасыз етуге және елдің тұрақты дамуына қызмет етеді. Сондықтан, жаңа Конституцияның мәнін халыққа кеңінен түсіндіру барлығымыздың ортақ міндетіміз, – деді ол жиын барысында сөйлеген сөзінде.

Ал, мәдениет қайраткері Құралай Ыдырысова тарихи жадыны сақтау, мәдени мұраны қорғау және ұрпақтар сабақтастығы Конституцияда ерекше мәнге ие болғанын атап өтті.

Жиында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры Ардақ Қапышев жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесіне тоқталды.

– Білім беру ұйымдары тек маман даярлап қана қоймай, заңды құрметтейтін, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азамат тәрбиелеуі тиіс. Бұл Жаңа Конституцияның рухымен үндес міндет. Біз қандай жетістікке жетсек те, оның негізінде заңға деген құрмет тұруы тиіс. Конституция біздің ортақ құндылығымыз. Оның талаптарын сақтау арқылы ғана экономикасы қуатты, халқының әл-ауқаты жоғары, болашағына сенімді мемлекет құра отырып, сол мемлекетке лайық жастарды тәрбиелей аламыз , – деді ол.

Жиын соңында облыс әкімі Марат Ахметжанов Мемлекет басшысының жеке қолтаңбасы қойылған Қазақстан Республикасы Жаңа Конституциясының арнайы басылымдарын Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіповке және облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қабдуали Құлышевқа табыс етті. Ал, оның үшінші данасы «Родина» Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Иван Сауэрге табысталатыны айтылды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар