Биыл Андрей Риммердің туғанына 100 жыл толып отыр. Оны жақын таныған, бірге еңбек еткен жандар үшін бұл – айрықша дата. Бұл мерейлі күн бүкіл саналы ғұмырын туған жеріне, сүйікті ісіне және халқына қызмет етуге арнаған айтулы тұлғаны тағы бір мәрте еске алуға мүмкіндік. Парасатты басшы, қамқор тәлімгер әрі биік адамгершілік иесі болған оның жарқын бейнесі замандастары мен ізбасарларының жүрегінде мәңгі сақталады.
Осы мақаламда мен көп жыл бірге қызметтес болған, Ерейментау ауданындағы «Еркіншілік» кеңшарын ұзақ жылдар басқарған ауыл шаруашылығының тәжірибелі ұйымдастырушысы, білікті басшы Андрей Андреевич Риммер туралы естеліктеріммен бөліскім келеді.
Андрей Андреевич «Еркіншілік» кеңшарын 1964 жылдан 1988 жылға дейін басқарды. Қарапайым жұмысшы отбасынан шыққан ол еңбекқорлығының, табандылығының және табиғи ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында тракторшыдан республикадағы ең танымал шаруашылықтардың бірінің басшысына дейінгі өнегелі жолдан өтті.
Ерейментау ауданында дүниеге келген ол соғыстан кейінгі жылдары тракторшы мамандығын меңгеріп, кейін механик, көршілес «Новодолинский» кеңшарында бас инженер болып еңбек етті. Сол кездің өзінде-ақ оны жауапкершілігі жоғары, бастамашыл, бастаған ісін соңына дейін жеткізе білетін маман ретінде таныды. Аудан басшылығы оның зор әлеуетін байқап, бірнеше рет басшылық қызметтерге ұсынды. Кейін ол сырттай ауыл шаруашылығы институтын тәмамдады.
1964 жылы Андрей Андреевич сол кезде артта қалған шаруашылықтардың бірі саналатын «Еркіншілік» кеңшарының директоры болып тағайындалды. Ол уақытта шаруашылық күрделі кезеңді бастан кешіріп жатқан еді. Экономикасы әлсіз, мал және егін шаруашылығындағы көрсеткіштері төмен, мамандар жетіспейтін, кадр тұрақсыздығы жоғары, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар тапшы болатын ол тұста. Содан жаңа басшының келуімен бұл шаруашылықта үлкен өзгерістер басталды. Аз уақыт ішінде тек Павловка ауылының ғана емес, бүкіл шаруашылықтың келбеті өзгерді. Еңбек және Веренка бөлімшелері де қарқынды дамып, онда сегізжылдық мектептер, Еңбегідүкендер мен дәрігерлік пункттер салынды. Осындай нақты өзгерістерге көз жеткізген халық, оны сауатты әрі көреген, іскер басшы ретінде жоғары бағалап, еңбегіне риза болды.
Павловка орталық су құбыры, асфальтталған көшелері мен тротуарлары бар көркейген кентке айналды. Мұнда 75 орындық сумен және балшықпен емдеу бөлімшесі бар заманауи аудандық аурухана, 500 орындық мәдениет үйі, спорт залы, музыкалық мектеп, 300 балаға арналған жас техниктер клубы және 150 орындық ат спорты мектебі салынды. Павловкада аудандық көркемөнерпаздар байқаулары жиі өткізіліп, ауданның түкпір-түкпірінен өнер ұжымдары мен қонақтар келетін.
Кеңшар тек мықты шаруашылық қана емес, мәдени және қоғамдық өмірдің маңызды орталығына айналды. Көптеген адамдар осында қоныс аударып, еңбек етіп, балаларын тәрбиелеуге ұмтылды.
Андрей Андреевичтің басшылығымен шаруашылық алдыңғы қатарлы ұжымдардың біріне айналды. Жаңа өндірістік нысандар мен мал шаруашылығы кешендері салынды, мал басы көбейді, егістік көлемі кеңейіп, өнімділік артты. Екі мың сауынды сиырға арналған тауарлы-сүт фермасы іске қосылды, мал шаруашылығын дамыту үшін қара ала тұқымды қашарлар сатып алынды. Ірі қара мал саны он мың басқа жетіп, оның бес мыңға жуығы аналық мал болды. Сонымен қатар жылқы, шошқа және түйе шаруашылығы да қарқынды дамыды.
Шаруашылықтың тәжірибесі облыс пен республика көлемінде кеңінен таныстырылып, таратылды. Павловкаға аудан басшылары, шаруашылық директорлары, мамандар және шетелдік делегациялар жиі келіп, өндірісті ұйымдастыру мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту тәжірибесін зерделейтін.
Маған Андрей Андреевичпен төрт жылдан астам уақыт бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды. Сол кезеңде мен партия комитетінің хатшысы қызметін атқарып, оны адамгершілігі мол адам және білікті басшы ретінде жақыннан таныдым. Ол өте мәдениетті, ерекше еңбекқор әрі жауапкершілігі зор азамат болатын. Ең алдымен өзіне талап қоя білетін, болашақты көре алатын, күрделі шешімдер қабылдайтын және әрдайым адамдардың мүддесін ойлайтын. Жұмысы қанша көп болса да, ол қарапайым, кішіпейіл, жанашыр адам болып қала берді. Тыңдай білетін, қолдау көрсете алатын және атақ-даңққа қызықпайтын.
Осындай ерен тұлғаның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ордендер мен медальдар кеудесінде жарқырады. Оның есімі облыс пен республика басшыларының баяндамаларында нағыз шаруашылық ұйымдастырушысы ретінде бірнеше рет үлгі-өнеге етіп айтылды.
Бүгінде ондаған жылдар өтсе де, Андрей Андреевич туралы жарқын естеліктер онымен бірге еңбек еткен жандардың жүрегінде сақтаулы деп ойлаймын. Себебі, олар одан жауапкершілікті, іске адалдықты және адамға құрметпен қарауды үйренді.
Жылдар өтеді, ұрпақтар алмасады. Бірақ, игі істер ешқашан ұмытылмайды. Себебі, сол ізгілікті істердің сәулесі адамдардың жадында, артында салып кеткен нысандарда және өміріне жақсылығы тиген жандардың есінде мәңгі сақталады.
Бабай ҚАЛҚАМАНОВ,
Ауыл шаруашылығы ардагерлері кеңесі қоғамдық ұйымының мүшесі.
![]()

